Экономика • 03 Маусым, 2020

Коронавирус һәм көлік жүйесі

72 рет көрсетілді

Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметінше, коронавирустық пандемияның салдарынан Вашингтон, Копенгаген және Буэнос-Айрес сынды ірі мегаполистерде қоғамдық көлікке деген сұраныс 75-85%-ға дейін азайып, бұл қызмет түрінің әлемдік кірісі соңғы екі айда 50%-ға қысқарды.

Субсидиялау көлемі азайды

Вашингтон метропо­ли­­те­­ні­нің транзиттік басқар­­масы COVID-19-дың өр­шуіне бай­ланыс­ты тасымалдау­шы­лардың айлық шығыны 52 млн долларды құрауы мүмкін деп болжауда. Қазақстанда төтенше жағдай енгізілгеннен кейін тұрақты 117 маршрутқа, нақты айтқанда, ҚХР, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолияға транзитті жолау­шылар тасымалы, сондай-ақ автокөліктің барлық түрлерімен халықаралық жолаушылар тасымалы мен көлік логистикасы уақытша тоқтатылды. Бұл отандық тасымалдаушылардың табысының 40%-ға азаюына алып келді. Қалыптасқан ахуалды реттеу үшін қазір көптеген мемлекетте карантин режімі жеңілдетіліп, нарықтағы стейкхолдерлер (мүд­делі тарап) бір­тіндеп кәсібіне кірісті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жұқпалы дерт­тің шарықтау шегі артта қалғаны­мен, оның екінші толқыны­на дайын болуы керектігін ес­керт­ті. Со­ған қарамастан, тасымал­дау­шы­лар кез келген сын-қатерге дайын екендіктерін және жолау­шыларға қауіпсіз қызмет түрін ұсынудың жан-жақты жолдарын қарастыратындарын алға тартты. Сала өкілдерінің бұл айтқандарын түсінуге болады. Неге десеңіз, қозғалыс режімі шектелген соңғы екі айда осы сегменттегі бизнес субъектілері шығынға батты.

«Карантин кезінде ха­лық­аралық, облысаралық және қалааралық, сондай-ақ қала­лық қоғамдық көліктердің қозға­лы­сына тыйым салу арқылы жолаушы тасымалдаушы кә­сіп­орындар тығырыққа тіреліп, кірістің едәуір бөлігін жоғалтты. Мәселен, табыс 40%-ға тө­мен­деді. Жолаушы тасымалдау­шылар да басқа кәсіпкерлер сын­ды қиын жағдайға тап болып отыр», деді «Батыс Қазақстан авто­бус паркі» ЖШС директоры Марат Әбдірахманов.

Бұл экономикалық қыспақтан шығудың амалы ретінде кәсіпкерлер дағдарысқа қарсы енгізілген салық­тық преференцияларды алумен қа­тар қалалық және қала маңындағы әлеуметтік маңызы бар бағыттарда жолаушылар тасымалын іске асыратын компанияларға әкімдіктер тарапынан субсидия төленсе деген ұсыныстарын білдірді. Аймақтық жергілікті атқарушы органдар 2020 жылға арналған субсидияның көлемін 36 млрд теңге шамасында белгілеген. Жоспар бойынша бұл сома 71 млрд теңгені құрауы тиіс еді. Осы ретте субсидиялау Алматы, Ақтөбе, Қос­танай және Маңғыстау облыстарында қарастырылмағандықтан аталған өңірлерде көлік компаниялары жа­былудың аз-ақ алдында тұр. Қалған аймақтарда қоғамдық көлік иелері жолаушылар ағынының төмендігіне қарамай, белгіленген бағыттарда қызмет көрсетуді жалғастырған.

«Бізге субсидия ауадай қажет. Бү­гінде компаниядағы көліктердің жүктемесі 50%-ды немесе 38 бағыт­тағы автобустарды құрап отыр. Бұл орайда күнделікті түсім көліктерді кү­тіп ұстауға, жанар-жағармайды сатып алуға, сондай-ақ еңбекақы төлеу қорының шығындарын өтеуге әрең жетеді. Біздің компания 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Штат­та 180 көлік жүргізушісі, 21 кон­дуктор жұмыспен қамтылған. Алай­да қоғамдық көліктердің қозға­лысы тоқтатылғанына байланыс­ты қызметкерлердің еңбекақысы сақ­талмайтын демалысқа жіберуге мәж­бүр болдық. Шығынның біраз бөлігін табысын жоғалтуға байланыс­ты тағайындалған 42 500 теңге кө­леміндегі әлеуметтік төлем есебінен өтеуге тура келді», деді «Көкшетау автобус паркі» ЖШС бас директоры Әсия Шаримова.

Пандемия қалалардағы жолаушы­лар­дың ағынын айтарлықтай төмен­деткен. Айталық, Алматыда қоғамдық көлікпен қатынайтын халықтың қарасы 10 есеге (күніне 1,4 млн-нан 140 мың адамға дейін) азайыпты. Осы орайда қалалық және қала маңын­да­ғы бағыттарда 12,5 мың автобус жұ­мылдырылғанын және салада 60 мың­нан аса адам жұмыс істейтінін айта кету керек.

Биыл «Атамекен» ҰКП еліміздің іс­керлік ортасы және мемлекеттік ор­­ган­дармен бірлесіп, қалалық жолау­шылар тасымалын дамытуға бағыт­талған кешенді шараларды әзірледі.

«Кешенді шараларды дайындау Мемлекет басшысының 24 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған тапсырмасына сәйкес қолға алынды. Бұл жоспар жолаушылар тасымалының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған әрі оны бекіту биылғы мамыр-маусым айларына жоспарланған», деді «Ата­мекен»ҰКП Логистика және тасымалдау департаментінің директоры Мұрат Әмрин.

 

Нью-Йорктің көлік басқармасына 4 млрд доллар бөлді

Financial Times халықаралық іскер­лік газетінің мәліметінше, АҚШ пре­зиденті Дональд Трамп федералды қаржыландырудың есебінен Нью-Йорктің қалалық көлік басқармасына 4 млрд доллар бөлуге пәрмен берген. Бұл туралы Нью-Йорк штатының губернаторы Эндрю Куомо мәлім етті деп жазады басылым. Губернатор Нью-Йорк пен оның айналасындағы қоғамдық көлік жүйесіне жауапты МТА (Metropolitan Transportation Authority) компаниясына 3,9 млрд доллар көлемінде алғашқы жарна аударылғанын жеткізді. Таяуда компания метро вагондарын жинақтау жиілігін ұлғайтып, бұл қосымша шығындардың қаржыландыруына алып келді. Осының салдарынан билет саудасынан түсетін табыс күрт азайды.

 

Тәуекелді топтағы адамдарға қызмет ұсынады

Қоғамдық көлік жүйесінде жұ­мыс істейтін компаниялар нарық­тағы конъюнктураны ескеріп, биз­­несті жүргізудің тың тәсіліне көш­ті. Солтүстік Мичигандағы Char­levoix County Transit (CCT) – үлкен орталықтар ұсынатын тамақ өнімдерін, азық-түлік жиынтығын қарт адамдар мен сыртқа шыға алмайтын қауіпті санаттағы адамдарға арналған дәрі-дәрмектерді үйге дейін жеткізіп беретін транзиттік провайдерлердің бірі. Сол секілді транзиттік агенттік мектептердегі тамақтану орындарына немесе студенттерге жеңілдікпен яки тегін тамақ ұсынатын жергілікті мейрамханаларға дейін халықты жеткізумен айналысады.

Тағы бір мысал ретінде Rabbit Transit-ті келтіруге болады. Бұл Пен­сильвания штатының орталығы мен оңтүстік орталығының 10 ауылдық округіне қызмет көрсететін қоғамдық көлік жүйесінің аймақтық басқармасы. Пандемияға байланысты аталған опе­ратор жергілікті денсаулық сақ­тау жүйесімен әріптестік негізде тұр­ғы­лықты мекені жоқ адамдар мен қа­уіпті санаттағы отбасыларды зерттеу орталықтарына және қауіпсіз ка­рантинді орындарға тасымалдауды қамтамасыз етті.

CCT секілді Құрама штаттағы көп­­теген транзиттік компаниялар тариф­терден бас тартып, жүргізушілер мен жолаушылардың арасын оқшау­ландыратын түрлі жабдықтар орнатуда. Бұл ақылға қонымды шешім болғанымен оның компанияларға тигізетін теріс әсері көп. Мысалы, Rabbit Transit аптасына 34 000 доллар жоғалтып келеді.

Америкалық тасымалдаушылар «Жақын қамқорлық туралы» заң транзиттік бюджеттің шығыстарын 25 млрд долларға дейін қысқартуға ықпал етіп, салалық операторларға жылдам әрекет етуге жол ашатынына сенімді.

1

 

Лондон: Қоғамдық көлік жүйесіне – 1,6 млрд фунт

BBC-дің хабарлауынша, Ұлыбри­тания билігі Лондонның қоғамдық көлік жүйесін қолдауға 1,6 млрд фунт (1,95 млрд доллар) бөлмек. Таратылған ақпаратқа сәйкес, бұл қаражат Біріккен корольдіктің астанасындағы Transport for London (TfL) көлік жүйесі операторына беріледі. Бөлінген ақша коронавирустық инфекцияның кең етек алуына байланысты дағдарысқа ұшыраған лондондық кәсіпорынның жағдайын қалпына келтіруге тиіс дейді британ билігі.

Әйтсе де үкімет Лондонның мет­­ро жүйесі жұмысты толық кө­лем­­де жаңғыртуы тиіс деген та­лап қойды. Карантинге байланыс­ты ша­һарда ондаған станса жабылып, по­йыздардың қозғалыс аралығы ай­тарлықтай артқан-ды. Бірақ кө­лік ми­нистрі Грант Шэппс бұл мем­лекеттік қолдаудың нәтижесінде қа­ла­лық қо­ғамдық көліктерде жолақы қым­баттау мүмкін екенін айтты.

 

Сингапур: Телефонмен сөйлесуге тыйым салынды

Сингапур билігі қоғамдық көлік­терде ұялы телефонмен сөйлесуге тыйым салды. Бұған қоса вирусты инфекцияның таралу қаупін азайту үшін автобуста адамдарға бір-бірімен сөйлеспеуге кеңес берілді. Бұл тура­лы үкіметаралық жұмыс тобының оты­рысында айтылды. Аталған елде 1 маусымнан бастап карантин режімі біртіндеп алынады деп көзделуде.

«Қоғамдық көлікте бір метрге де­йін әлеуметтік қашықтықты сақтау қиын екенін түсінеміз. Қалыпты өмір реттелгенде көптеген кәсіпорындар қызметтеріне оралып, мектептер мен жоғары оқу орындарында сабақтар басталады. Сондықтан қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірқатар шара қабылдау қажет. Атап айтқанда, метро мен автобустарда қатынайтын тұр­ғындар телефон арқылы, сол секілді бір-бірімен сөйлесуден бас тартуы керек», деді Сингапурдың Ұлттық даму министрі Лоуренс Вон.

Бұдан басқа, қоғамдық орындарда медициналық бетперделерді тағып жүру талабы сақталады.

 

Соңғы жаңалықтар

COVID-19-дан барлығы 375 адам қайтыс болды

Коронавирус • Бүгін, 08:54

Жауапкершілік танытайық

Пікір • Бүгін, 07:35

Табиғатты аялауға үйретейік

Экология • Бүгін, 07:30

Отандық өндіріс көлемі артады

Медицина • Бүгін, 07:19

Атырауға жедел жәрдем керек

Аймақтар • Бүгін, 07:13

Қарға адым жер мұң болған...

Қоғам • Бүгін, 06:40

Айя Софияда азан шақырылады

Руханият • Бүгін, 06:35

Салмағы 92 грамдық принтер

Технология • Кеше

Ұқсас жаңалықтар