Аймақтар • 03 Маусым, 2020

Түркістан: Жазғы лагерьлер оқушыларды қашан қабылдайды?

990 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысында биыл лагерьлерге оқушыларды қабылдау 15-30 маусым аралығында басталады деп жоспарлануда.

Түркістан: Жазғы лагерьлер оқушыларды қашан қабылдайды?

Жазда қызмет көрсетуі көзделген қала сыртындағы 23 сауықтыру лагерінің 8-і мемлекеттік, 15-і жекеменшік. Биыл облыс бойынша 1-10 сынып оқушыларының жалпы саны – 416 086. Ал 23 сауықтыру лагері 32 мыңнан астам баланы қабылдай алады.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осындай деректерді келтірген облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев Түлкібас ауданындағы «Самал» лагерінде облыстағы 5 балалар үйінің жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 250-ге жуық тәрбиеленушілері жаз бойы демалатынын мәлім етті. «Сондай-ақ, Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдай орын алған елді мекендердегі 820 оқушы 15 күннен жазғы демалысқа барады. Олар «Балдәурен-Қапшағай» және «Балдәурен-Түркістан» оқу-сауықтыру орталығына, «Сарыағаш» балалар санаторийіне, аудандардағы «Балдәурен», «Қазығұрт», «Бәйшешек», «Еркежан» сауықтыру лагерьлеріне барады», - деді Рақымбек Қуатбекұлы.

Ал облыстағы балабақшалар тек ата-аналардың сұранысы мен өтініші негізінде іске қосылады. «Биыл облыста 20 наурызға дейін 1447 мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс істеді. Оның ішінде 1271 балабақша, 176 мемлекеттік шағын орталық. Онда 1-6 жастағы 153 296 бала тәрбиеленуде. Жалпы мектепке дейінгі ұйымдар үлесінің 69%-ы жекеменшік. Қаулының №9 қосымшасында мектепке дейінгі ұйымдарда ата-анасының міндетті жұмыста болуы шарт және балаларына қараушысы жоқ отбасылар үшін жұмыс істейтін кезекші топтарды ашу және кезекші топтармен жұмыс жасау алгоритмі көрсетілген. Сондықтан балабақшаларда кезекші топтар ашылуы мүмкін», - деді басқарма басшысы.

Айта кетерлігі, мектепке дейінгі ұйымдардағы қызметкерлердің еңбек жалақысы сақтала отырып, үйлерінде қашықтан жұмыстарын жалғастыруда, ал, кейбірі өз өтініштері бойынша кезекті еңбек демалысында.

1

 

Түркістан облысы