Аймақтар • 03 Маусым, 2020

Батыс Қазақстанда 450 шақырым жол салынады

340 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Батыс Қазақстан облысында жол құрылысына 37,7 млрд теңге бөлініп, бұған республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар 437,3 км жолды жөндеу басталып кетті.

Батыс Қазақстанда 450 шақырым жол салынады

Бұған қоса «Ауыл – ел бесігі» және «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында облыс аумағында жалпы ұзындығы 156 км болатын көше жолдарын жөндеу жоспарланған.

Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандары тұрғындары тағатсыздана күтіп отырған Орал-Жәнібек-Сайқын жолының бірнеше бөлігінде жол құрылысы қызу жүріп жатыр. Оны төрт мердігер компания атқаруда. Соның ішінде республикалық маңызы бар Чапаев-Жалпақтал-Қазталов-РФ шекарасы, Қазталов-Жәнібек-РФ шекарасы, Өнеге-Бисен-Сайқын автомобиль жолдарында күрделі жөндеу жұмысы биыл да жалғасады. Жоспар бойынша 2021 жылдың соңына дейін бітуі тиіс. Бұл жолдың құрылысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған болатын.

Облыс аумағынан өтетін халықаралық Самара-Шымкент күре жолының 36 шақырымын орташа жөндеу жұмыстары үшін де 1,6 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған.

Сондай-ақ биыл облыстық маңызы бар Барбастау-Ақжайық-Индер автожолын қайта жаңарту жобасы іске асырыла бастамақ. Бөрлі-Ақсай-Жымпиты жолдарының учаскелерін күрделі жөндеу жұмыстары жалғасады. Орал-Кирсанов автожолында Бәйтерек ауданындағы көпірлерді және «Федоровка-Ақсай» автомобиль жолындағы 6 су өткізгіш құбырды күрделі жөндеу жоспарланған. Тасқала-Аққурай-Болашақ-РФ шекарасы бағытындағы 96 шақырым жол учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары аяқталады.

Аудандық маңызы бар жолдар қатарында Ақжайық, Сырым, Теректі, Жәнібек аудандарындағы ауылдарға кірме жолдарды күрделі жөндеу, сондай-ақ Переметное-Цыганово, Переметное-Вечный, Жәнібек-Таловка-Кіші өзен автомобиль жолдарын орташа жөндеу жоспарланған.

Көше-жол желісі бойынша 156 км жолды жөндеу жоспарлануда. Орал қаласындағы Мұнай базасы ауданындағы жол өтпесін қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Бұл көпірді мердігерлер жоспарланған уақытынан бұрын тапсыруға уәде етіп отыр. Сонымен қатар, өткен жылдың 9 ауыспалы нысандарын аяқтау жоспарланған.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылішілік жолдарды күрделі жөндеу бойынша 7 жоба іске асырылады.

 

Батыс Қазақстан