Аймақтар • 03 Маусым, 2020

«Қазавтожолдықтар» мемлекеттік қызмет көрсетуден заңсыз бас тартқан

187 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл туралы МО қоғамдық коммуникация қызметінің баспасөз орталығында өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Серік Қаныбеков хабарлады.

«Қазавтожолдықтар» мемлекеттік қызмет көрсетуден заңсыз бас тартқан

Жүргізілген талдау барысында «Қазавтожол» ҰК» АҚ  МО филиал директоры мен оның орынбасарлары сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдамағаны анықталған. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының 12-бабы 1-тармағына сәйкес өз өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерге пайдалануға әкеп соғуы мүмкін іс-әрекеттерді жасауға жол бермеу мақсатында жоғарыда аталған басшылар өзіне бірқатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайды.

- Аталған факт бойынша біз мынадай ұсыныс енгіздік – Заңның 12-бабының талаптарын мүлтіксіз орындау үшін филиал директорына өзі және өз орынбасарларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдауын қамтамасыз ету, - деді Серік Қаныбеков.

Сондай-ақ филиал қызметкерлерін жұмысқа қабылдау кезінде біліктілік талаптарының бұзылғандығы анықталды. Біліктілік талаптарына сәйкес, сапаны бақылау және жұмыстарды қабылдау бөлімінің бас маманы лауазымына арнайы орта немесе жоғары білімі бар, осы немесе ұқсас лауазымда кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар тұлға тағайындалады. Алайда, 2016 жылы ЖОО- аяқтап келген еңбек өтілі жоқ тұлғаны жұмысқа қабылдаған.

Белгіленген біліктілік талаптарын бұзу лауазымға қабылдау және тағайындау кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің барын көрсетеді. «Қазавтожол»ҰК» АҚ МО филиал директорына тұлғаларды жұмысқа қабылдау және оларды қызметке тағайындау кезінде біліктілік талаптарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету бойынша ұсыныс енгізілді.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсетуден заңсыз бас тарту фактілері анықталды. Яғни стандарттың тізімінде көрсетілген құжаттарды ұсынбаумен байланысады.

«TengeOil I Gaz» ЖШС компаниясына «Жетібай – Жаңаөзен – Кендірлі – Түркіменстан шекарасы»  автомобиль жолымен қиылысуды жобалау үшін техникалық шарттарды беруден екі рет бас тартылды. Бұл бас тартулар стандартта көзделген автомобиль жолымен қиылысу орны схемасының болмауымен дәлелденген. Алайда, көрсетілген схема осы қызметті көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесіне кірмейді және стандартта көзделмеген.

Егер «Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының арналармен, байланыс және электр беру желілерімен және басқа да инженерлік желілермен қиылысуына рұқсат беру» сияқты мемлекеттік қызмет түрін көрсету үшін автомобиль жолымен қиылысатын жердің схемасын міндетті түрде ұсыну қажет болса, онда жоғары тұрған органның алдында Мемлекеттік қызмет Стандартына тиісті түзетулер енгізу туралы ұсынысқа бастамашылық жасау қажет.