Аймақтар • 03 Маусым, 2020

Түркістан: Азаматтық қорғау капитаны екі баланы ажалдан аман алып қалды

160 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Отырар ауданында Төтенше жағдайлар департаменті қызметкері 11 және 14 жастағы екі баланы ажалдан аман алып қалды.

Түркістан: Азаматтық қорғау капитаны екі баланы ажалдан аман алып қалды

Жаздың басталғаны енді, бірақ күннің ыстығы көпшілікті көлеңке іздеп, өзен-көлді жағалауға мәжбүр етуде. Отырардағы оқиға түскі уақыт кезінде орын алған. Төтенше жағдайлар департаментіне балалардың суға шомылып жүріп, қиын жағдайға тап болғандығы жөнінде хабар келіп түскен. Шақырту түсе салысымен департамент аудандық бөлімінің маманы, азаматтық қорғау капитаны Мейрамхан Кемелханов оқиға орнына жедел жетіп, 2 баланы аман алып қалған. Ата-ананың қарауынсыз қалған балалар шомылуға тыйым салынған аймақта суға түскен.

«Бізге хабарласқан азаматтар балаларын таппай және олардың шомылуға баруы мүмкін екендігін айтты. Қоңырау түсісімен жедел іс-әрекетке көштік. Сұрастырып, іздестіру барысында әлгі балалардың шомылуға болмайтын жерге түскені белгілі болды. Нәтижесінде оларды дер кезінде тауып, құтқарып алдық. Әрбір адам суға шомылатын су айдындарының қауіптілігі мен оның ерекшеліктерін білуі тиіс. Себебі, бетон плиталармен немесе тастармен жабылған арналарда мүк өсіп, тайғақ болады. Мұндай арнадан шығу қиын. Тіпті жаттығып жүрген жүзушінің өзі мұндай қиындықтан шыға алмай қалады. Суға түсер алдында су айдынын тексеру керек, шомылуға таңдалған орын құм жағасында және суға ыңғайлы түсуге мүмкіндік болуы керек», дейді департамент қызметкері.

Сондай-ақ мамандар тұрғындарды шомылу кезінде сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырады.

 

Түркістан облысы