Бизнес • 04 Маусым, 2020

Кәсіпкерлердің мұң-мұқтажы шешімін таба ма?

252 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Үлкен үйге не керек болса – отауға да сол керек» демекші, кәсіпкерліктің ірі және шағын болып келетін құрылымдық сипатына қарамастан қажеттіліктері ұқсас әрі маңызды. Сондықтан олардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, туындап отырған мәселесін шешуге көмек беру де маңызды.

Кәсіпкерлердің мұң-мұқтажы шешімін таба ма?

Мысалы, темір жол мен тас жолдың тоғысқан тұсынан бой көтерген көкөніс сақтау қоймасының құрылысы – алдына зор мақсат қойған жоба. Бір мезетте 100 вагон көкөністі сақтауға қауқарлы кешенде 100 адам жұмыс істейтін болады. Асхана, қонақ үйі қатар тұратын нысанның құрылысын аяқтау және заманауи құрал-жабдықтары үшін 150 млн теңге төмендетілген несие қажет екенін жеткізді кәсіпкер Әлия Сармурзина. Сонда жеміс-жидегі мен көкөнісі сырттан тасымалданатын Маңғыстауда бағаны тұрақтандыруға, азық қорын ұзақ сақтауға мүмкіндік мол.

Мұнайлыдағы тағы бір ірі кәсіпкерлік субъектісі – «Сауқымбек» ЖШС-нің ұн комбинаты. Астықты тікелей Қостанай облысынан тасымалдап, соңғы үлгідегі диірменнен тартып, сапалы ұн шығаратын кәсіпорынның өз қиындығы бар. Кәсіпкер Ақжібек Сәкенқызының айтуынша, теріскейден батысқа жеткенше астықтың тасымал құны шарықтап кетеді. Сондықтан да кәсіпкер темір жол тасымалына субсидия сұрап отыр. Айтуынша, сонда ғана ұнның құнын өсірмеуге сеп болады. Бұл болашақта макарон, жайма, өзге де ұн өнімдерін шығаруды межелеп отырған зауыт үшін аса маңызды. Ком­бинатта күніне 150 тонна өнім шығарылады. Оның 75%-ы – ұн, 25 %-ы – кебек жем. 2017 жылы іске қосылған кешенде 55 адам жұмыс істейді. Кәсіпкердің жоспары қолдау тапса жұ­мыс­шылар санын екі есеге дейін көбейтуге болады дейді.

Мұнайлы ауданы мен Ақтау қаласының сауда нүктелерін ыстық нанмен қамтамасыз етіп отырған наубайхана иесінің айтары бөлек. 2018 жылы ашылған наубайханада электр қуатының құны қымбатқа түсіп тұр. 6 адамға жұмыс көзін тауып берген іскер ұн бағасының да уақыт санап көтеріліп бара жатқанын тілге тиек етіп, әлеуметтік нанның бағасын 70 теңгеден асырмай ұстау қиындық келтіретінін жасырмады. Күніне 2 мыңнан астам нан пісіретін орын өзекті мәселелерінің шешімін табатынынан үмітті.

Кәсіпкерлердің тілге тиек еткені бір нәрсе айтып қалудың кері емес, шаруасын дөңгелетіп, кәсібінен несібе көріп, ел-жұртты жұмыспен қамтудың жайы. Кәсіпкерлермен кездес­кен Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Е.Ізбергенов аталған мәселелер бойынша құзырлы орындарға ұсыныс жасалатынын, олардың мүддесі үшін тиімді келісімге келуге атсалысатынын атап өтті. Кездесу кәсіпкерлердің өтінішін тыңдаумен ғана емес, нәтижелі болуымен маңызды.

 

Маңғыстау облысы