Бірден көзге түсетіні – көк бөрі бейнеленген ту жобасы. Авторлар мемлекеттік ту туралы әр түрлі ұсыныстың болғанын айтады, десе де өз нұсқасын көпшілікке ұсынғанды жөн көрген екен.
Олар көк бөрінің ай сәулесі астындағы бейнесі тудың қақ шетінен орын алғаны жөн дейді. Бұл – тәуелсіздікті аңсау белгісі, ал ай – ақтықтың белгісі, сондай-ақ біздің мұсылман әлеміне қарасты ел екенімізден де хабар береді дейді.
«Тудың екінші белгісі – Көктәңірінің аспан көк түсінен туындайды. Ол түс мемлекеттік тудың ең көп бөлігін еншілесін» делінген мақалада.
Ал тудың үшінші бөлігіне үш түрлі жолақ жасау ұсынылған. Бірінші жолақ – жасыл түсті, ол мұсылмандықтың белгісі, екінші жолақ – ақ түсті. Ол қазақ мемлекетінің тарихындағы қиын-қыстау кезеңде ел бастаған Абылайдың ақ туын еске түсірмек. Соңғы қызыл жолақ халқымыздың тәуелсіздік жолындағы төгілген қанын білдіреді делінген ұсыныста.
«Егеменді Қазақстан», 26 қараша 1991 жыл
Кейінірек газетте 1992 жылдың 1 қаңтарында жоғарыда ұсынылған нұсқаға бірнеше пікір де келіп түскен.
«Егеменді Қазақстан», 1 қаңтар 1992 жыл
Осылайша сол кездегі баспасөз беттерінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары қандай болуы керек деген тақырыпта ұсыныстар көптеп айтылған.
Көп ұзамай Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік символдарын әзірлеу жөніндегі Жоғарғы Кеңестің Төрағасы С.Ә. Әбділдин басшылық ететін жұмыс тобы да құрылды.
«Егеменді Қазақстан», 2 қаңтар 1992 жыл
Артынша 7 қаңтар күнгі нөмірге Жоғарғы Кеңес Президиумы Қазақстанның Мемлекеттік туының, Елтаңбасының және Әнұранының ең таңдаулы жобаларына конкурс жариялайтыны туралы хабар шықты. Ең таңдаулы жобаларға сыйақы берілетіні туралы да айтылған (мемлекеттік ту үшін 20 мың сом, Елтаңба үшін 20 мың сом, Әнұранның музыкасы үшін 20 мың сом, сөзі үшін 20 мың сом).
«Егеменді Қазақстан», 7 қаңтар 1992 жыл
Газеттің 24 қаңтар күнгі санында «Жаңа Әнұран қандай болуы керек?» деген тақырыппен шыққан хабарда халық жазушысы Ә.Нұрпейісовтың төрағалық етуімен өткен Әнұран жобасын жасау жөніндегі топтың мәжілісі турасында айтылған. Топ мүшелерінің пікірі бойынша, жаңа Әнұранның тексі мен музыкасының сипаты адамдардың ең қастерлі сезімдерімен, көкейкесті арман-мүдделерімен етене ұштасып, республикада болып жатқан терең жаңару процестеріне сәйкес болып, әрбір адамның жарқын болашаққа деген сенімін нығайта түсуі керек.
«Егеменді Қазақстан», 24 қаңтар 1992 жыл
Жалпы Әнұран тақырыбы газет бетінде тағы бірнеше рет көтеріледі. Мына қиындылардан байқауға болатындай, 24 наурыз және 8 сәуір күнгі сандарда Әнұранның жобасы да жарық көрген.
«Егеменді Қазақстан», 13 ақпан 1992 жыл «Егеменді Қазақстан», 26 ақпан 1992 жыл
«Егеменді Қазақстан», 24 наурыз 1992 жыл «Егеменді Қазақстан», 8 сәуір1992 жыл
5 маусым күні жарық көрген материалда Жоғарғы Кеңес сессиясының қорытындылары айтылды. Осы отырыста Кеңес Қазақстанның мемлекеттік нышандарын бекітті. Жұмыс тобы 14 отырыс өткізген, онда қоғамның қатысуымен Мемлекеттік тудың жобасы бойынша 453 эскизі мен 142 хаты, Мемлекеттік елтаңба жобасы бойынша 245 эскиз бен 67 хат және Мемлекеттік гимннің жобасының музыкалық редакциясының 51 нұсқасы және 132 өлең қарастырылды.
«Егеменді Қазақстан», 5 маусым 1992 жыл
Осы нөмірде шыққан «Тәуелсіз елдің төл белгісі» мақаласында «Егеменді Қазақстанның» парламент тілшілері бұл мәжілістің тарихта қаларлық тағы бір іс тындырғанын алға тартады. Онда басылым редакциясына хат жазып, ой-ұсыныстарын ортаға салған жүздеген оқырманға алғыс та айтылған екен. Олардың біразы газет бетіне шыққанын жоғарыда айтып кеттік. Сессия қарауына Елтаңба мен тудың бір ғана нұсқасы талқыға шыққанына қарсылық білдіргендер болса керек. Алайда ең қызығы, жартылай қабылданған Әнұранда. Оның саз әуені туралы депутаттардың ойы бір жерден шығыпты. Осылайша, М.Төлебаев, Е.Брусиловский және Л.Хамиди шығарған таныс, жүректерге жақын құлаққа сіңіскен әуенді құп көреді. «Егеменді Қазақстан» газеті жасаған бұрынғы әуенді өзгертпеу туралы ұсыныс та осымен дөп келген, оны қолдап хат жазғандардың саны да көп болған екен. Ал мәтінге қатысты мақала авторлары былай дейді: «Әнұранның екі түрлі тексін талқылау барысы әлі де жүректен қайнап шыққан шымыр өлеңнің қажеттігін аңғартты. Сөйтіп Әнұранның сазды әуезі бар да, қазірше ой-сезімге бөлейтін сөзі жоқ».
Туды бекіту мәселесі де оңай болмады. Талқыға қатысқандар бірауыздан оның бір түсті – ашық аспан көгіндей болғанын қалады, ал символикаға келгенде пікірлер алуан болған. Мақалада «Талас-тартыс түйіні тосыннан шешілді. Алғашқы жалау жобасын жасаушылардың бірі, одан бөлек тағы да бір жалау жасауға қатысқан суретші Ш.Ниязбеков жаңа бір балама жалауды ортаға салды. Көпшілік қалаған көгілдір түсті жалаудың бетінде жарқырай шыққан күн бейнесімен қанат қаққан қыран бүркітті және тігінен салынған ұлттық өрнекті ешкімге түсіндіріп жатудың қажеті бол қоймас... Президент Н.Назарбаев бұл қос бейнені жалаудың ортасына қарай орналастырса, тіптен жарасым тауып, келісе кететінін айтқан». Сондай-ақ мақалада сессия кезінде тиісті құжаттарда жалау сөзі қабылданғанын айтқан екен. Сол кезде авторлар жалау сөзі ту деп түзетіліп жатса құба-құп болатынын алға тартқан, солай болды да.
«Егеменді Қазақстан», 5 маусым 1992 жыл
Міне, осылайша біз «Егеменді Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінде мемлекеттік рәміздерді бекіту барысында жарық көрген материалдардың бірсыпырасына үңілдік. Бүгін Рәміздер күні деп атап өтетін мемлекеттік мейрамның пайда болуына, егемендігімізді айшықтайтын нышандардың қабылдануына баспасөздің де әсері орасан болған деген қорытындыға келіп отырмыз.