Аймақтар • 04 Маусым, 2020

Түркістан 32 секторға бөлінді

449 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан қаласында қызу жүріп жатқан көркейту және абаттандыру жұмыстарының барысын бақылаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев тұрғындарға қоршаған ортаны қорғауды, қаладағы тазалықты сақтауды насихаттауды міндеттеді. Өкінішке қарай, қалада тазалық сақтау мәдениеті әзірге сын көтермей тұр.

Түркістан 32 секторға бөлінді

Көркейту және абаттандыру мақсатында қала 32 секторға бөлінген. Әр секторға аудан, қала әкімдіктері мен басқарма басшылары тікелей жауапты. Қала аумағында ағаштар отырғызылып, абаттандырылуда. Көшелерде жарық шамдар, қоқыс жәшіктері мен тұрғындардың демалуына арналған орындықтар орнатылған. Кешенді жұмыс барысын бақылаған облыс әкімі жауаптыларға бірқатар тапсырмалар берді. Іс-шараның орындалуын қатаң бақылауға алу және жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыру тапсырылды.

987897

Қалада демалыс орындары мен көшелердің бойына субұрқақтар орнатылып, жаңадан аялдамалар қойылған. Облыс орталығымен бірге қалыптасып, бірге бой көтерген «жасыл белдеуді» аралаған Өмірзақ Естайұлы егілген көшеттердің суарылуына аса мән беруді міндеттеді. Түркістанның табиғи тынысына айналған қаланы қоршаған жасыл аумақта бүгінде миллионнан астам көпжылдық ағаш көшеттері жайқалып өсіп тұр. Терек, қайың, қарағаш, шаған, арша, үйеңкі ағаштарын отырғызу биыл да жалғасын табады.

 

 

 

Түркістан облысы