24 Қаңтар, 2017

«Жағажай байқаулары»

275 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осы күні не көп, әртүрлі деңгейдегі өнер сайыстары, байқаулар мен фестивальдар көп, әлбетте, бұл шаралардың бәрі жас өркен – жеткіншек ұрпақтың талабын өсіруге бағытталатыны бесенеден белгілі. Республикалық дәрежесі бар дәстүрлі байқауларымыздың жөні бір бөлек, әңгіме кейінгі кезде қызыл науқанға айналған ақылы байқаулар туралы, олардың кәсіби маңызы мен мақсаты қандай, ұлттық өнеріміздің беделінің артуына ықпал-себі қаншалықты дегенде.

Халықтық-классикалық өнер­дің өркендеуіне, жас орындаушы­ның шығармашылық болашағы­на кез келген (ән, күй, би, т.б.) фес­тиваль, байқаулардың әсері зор болатыны даусыз. Қазіргі кезде талай жас дарындарымыздың бағын ашқан дәстүрлі додалар Құрман­ғазы Сағырбайұлы, Әміре Қашаубай­ұлы, Нұрғиса Тілендіұлы аттарын­да, бұл сайыстардың республика­лық мәр­тебесі бар, осы сайыстардың соңын ала қалыптасқан халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фес­тивалі де төл мәдениетіміздің беделін биікке көтере алатын шоң өнер жәрмеңкесі болып саналады.

Хош, жалпы өнер аламанының маз­мұны, бағдарламасы, мақсаты, жас толқынға тигізетін шарапаты тура­лы жалықпай айта беруге болады. Бүгінгі әңгіме осы байқаулармен қатар пайда болған коммерциялық бағыттағы байқаулар туралы болмақ.

Кейінгі жылдары біздің жо­ғарыда атап өткен дәстүрлі бай­қауларымызбен ашық бәсекеге түскен коммерциялық байқаулар қаптап кетті. Бұлардың қысқаша ау-жайы мынадай, қатысушы әуелі байқау жарнасын төлейді, сайыстың шарты мен бағдарламасы бар болғанмен күрделі емес, соған сай репертуарлық еркіндік пен орындаушылық ерікке шек қойылмайды, яғни дәстүрлі кәсіби байқаудағыдай қалыптасқан қатаң талабы жоқ. Әрине, бұған кез келген қаржылық мүмкіндігі бар нәнталап жас қатыса алады. Ақылы байқаулардың ауқымдылығы мен нарықтық менеджменті өте мықты, балабақшадан мектеп, колледж, консерватория, университет­тер­ге дейінгі аралықты қамти алады. Ұйымдастырушылар тек кәсіби білім беретін өнер ошақтары ғана емес, әуесқой орындаушыларды да бәсін берсе қатыстыра салады. Соңғы уақыттарда ақылы бәсе­келердің құрылтайшыларымен қатар делдалдары да пайда бола бастаған. Нарыққа белді бекем буып бейімделген осы делдал­дар тобы Ресей, Түркия, Бірік­кен Араб Әмірліктері, ТМД, Еуропа мемлекеттерінде өтетін «халық­аралық деңгейдегі байқауларға» ортан қол өрендерді де қатыстыра алады. Әрине, әр қаты­сушының шығы­ны доллар, еуромен есептелі­нетіні түсінікті. Бірақ өз перзентінің «жұлдыз» болғанын армандамайтын ата-ана болушы ма еді, бұл шараға қаржысын аямай төгетіні түсінікті.

Ел арасында бұл сайыстарды  «Жағажай байқаулары» деп атау салт болыпты осы күні. Себебі, шара барысында шетелдің жақсы жерлерін аралату, жағажай демалыстары сияқты саяхат-сапарлар шығыны да бастапқы төленген жарнаға кіреді екен. Қысқасын айтқанда, «қалтасына қарай – малтасы» дегендей, бәрі сайыстың қаржылық мүмкіндігіне байланысты. Өз басым бұл шараларға басыбайлы қарсы да емеспін, себебі ортан қол талапкерлердің де өз армандары болады, өнердің асқары болмаса да құба төбесіне шығу­ға толық құқы бар. Оның үстіне нарық заманында заңға қайшы келмейтін кәсіптің өркендеуіне қоғам да мүдделі, қазынаға да салық түседі дегендей…Кәсіби музыка мектептерінде де осындай жағдай белең алған. Мұғалімдеріміз «халықаралық» деген даңқына қызығып, «ақшаның бетіне қарамай» шәкірттерін шет елге сапарлатады. Кейбіреулері әлгі «халықаралық» дәрежелі дипломдарын бұлдап, белгілі бір марапаттарға да қол жеткізеді. Ал енді шет елде өтетін шаралардың ішінде «Дельфий ойындары» байқауынан басқасы­ның халықаралық кәсіби деңгейі жоқ екенін еске түсіретұғын болсақ, онда әлгі ақылы байқаулардың мәртебелері бізге беймәлім. Жалпы, қазақ музыкасына шет елдік маман төрелік айтпақ емес. Қазақтың клас­сикалық әні мен күйін сарапқа сала алатын байқаулар Қазақстаннан басқа жерде жоқ, себебі біздің ұлттық өнерімізге өзімізден басқа кім төрелік айта алушы еді?

Жанғали  ЖҮЗБАЙ,

күйші, өнертанушы