Аймақтар • 04 Маусым, 2020

Таразда рәміздер күніне орай салтанатты шаралар өтті (видео)

59 рет көрсетілді

Еліміздің Мемлекеттік рәміздері күніне орай, Тараз қаласындағы «Жастар» аллеясында «Елтаңбам – елдігім, көк туым – теңдігім!» атты патриоттық акциясы аясында авто-мото-велошеру ұйымдастырылды.

Мерекелік шеруге қатысушылар «Жастар» аллеясындағы «Сахна» алаңшасынан Желтоқсан көшесіне түсіп, одан әрі Төле би, Жамбыл даңғылдары арқылы Д.Қонаев, С.Сейфуллин, Б.Момышұлы, Тәуке хан көшелерімен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағына дейінгі жолды жүріп өтті. Тұңғыш Президент саябағында «Елтаңбам – елдігім, көк туым – теңдігім!» атты акция жалғасын тауып, бір мезгілде Мемлекеттік Гимн орындалды. Аталған акцияға Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті №2 өрт сөндіру бөлімінің, Тараз қалалық полиция басқармасының, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» мекемесінің және өзге де мекемелердің қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ, «Қасиетті көкбайрағы елімнің!» атты акциясы аясында Тараз қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттеріне Мемлекеттік Ту ілінді.

Сонымен қатар Мемлекеттік рәміздер күніне орай, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ауласында «Көк тудың желбірегені» атты патриоттық салтанатты жиын өтті. Университет ректоры Ержан Әмірбекұлы аталған оқу ордасының ұжымын және студенттерді айтулы мерекемен құттықтап, болашақта да елдің татулығын ту етіп, абыройын асқақтататын бүгінгі жастар екенін атап өтті. Шара барысында университет студенттер «Елім менің», «Көк тудың желбірегені» атты патриоттық әндерді шырқады. Сонымен қатар, аталған оқу орнында қазақ тілінен бөлек, ағылшын, түрік, қытай, корей, француз тілдерінде білім алып жүрген жастар сол тілде жиналғандарды құттықтады.

 6

3

52

Жамбыл облысы

 

 

Соңғы жаңалықтар

Түркістан жасыл қалаға айналуда

Оңтүстік Қазақстан • Кеше

Ұқсас жаңалықтар