Аймақтар • 04 Маусым, 2020

Мақтааралда тұрғындарға өтемақы беріле бастады

156 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 Тасқын судан зардап шеккен Мақтаарал ауданы Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фердоуси, Достық, Өргебас елді мекендерінің 6314 азаматынан Үкімет тарапынан 100 мың теңгелік өтемақыға беру мақсатында құжаттар қабылданған. Оның 6020-сы көші-қон полициясының ақпаратымен расталып, қаржы аудару үшін бекітуге ұсынылыпты.

Мақтааралда тұрғындарға өтемақы беріле бастады

Бұл туралы топан судан зардап шеккен тұрғындармен кездескен Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі, Мақтаарал ауданындағы облыстық штабтың әлеуметтік мәселелер жөніндегі жетекшісі Ғани Рысбеков мәлімдеді. Сондай-ақ, ол кәсіпкер А.Усмановтың қоры есебінен 5202 отбасыға 1000 АҚШ долларынан беріліп жатқанын да жеткізді. Қазіргі таңда 13 ауылдан 5342 құжат қабылданып, оларға мониторинг жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 4839 азаматтың құжаты расталып отыр. «Бүгінге дейін 3 траншпен 3375 отбасыға белгіленген 1000 АҚШ доллар өтемақы аударылды. Қалған жанұяларға да қаржы аудару жұмыстары жүргізілуде. Бұл қаржы негізінен төтенше жағдай жарияланған елді мекендерде топан су басқан сәтте тұрып жатқан азаматтарға тиесілі. Ал, олардың арасында пәтер жалдап тұрып жатқан жандар да бар. Осы мәселелерді қарап тиісті шешім қабылдау мақсатында ауданда арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Соның нәтижесінде 1438 құжат қайта қаралып, 1319-ы оң қорытынды алған. Алдағы аптада бұл жұмыстар толығымен аяқталуы тиіс. Осы мақсатта Жаңажол ауылдық округіне қосымша 4 білікті маман бөлініп отыр»,  деді Ғани Құрмашұлы.

Сонымен қатар, эвакуациялық бекеттерде өткен кездесу барысында бұзылып қайта салынатын үйлердің құжаттары түгел болмауына байланысты қиындықтар туындап отырғаны да айтылды. Мәселен, топан суда қалған 870 үйдің 4-інде жеке куәлік көшірмесі, 19-ында меншік иесі туралы мәліметтері, 7-еуінде мемлекеттік актісі, 8-нің техникалық паспорты жоқ. Бүгінде облыстық құрылыс басқармасына 834 үйдің құжаттары тапсырылса, 832-сі тексеруден өткен, 2 құжат қайта түзетуге жіберіліпті. Сондай-ақ, Ғани Рысбеков облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі штаб жанынан құрылған азық-түлік қоймасында болып, ондағы атқарылып жатқан шаруалармен де танысты. Қоймаға бүгінге дейін еліміздің түкпір-түкпірінен 740 тоннадан астам тауар келіп түссе, оның 320 тоннаға жуығы эвакуациялық пункттердегі тұрғындарға таратылып берілген.

 

 

Түркістан облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше