Коронавирус • 05 Маусым, 2020

Кей өңірде вирус өрши түсті

304 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Орталық коммуникациялар қызметінде «Коронавирус пандемиясына қарсы шаралар» тақырыбында онлайн брифинг өткізіп, вирус таралуының ағымдағы жағдайына тоқталды.

Кей өңірде вирус өрши түсті

Симптомсыз науқастар үйде оқшауланады

Ең алдымен Е.Біртанов коро­на­вирус инфекциясы бойынша ағым­дағы жағдайға тоқталды. «Бүгінде елімізде коронавирус ин­фек­циясын 12124 адам жұқ­тыр­ды. Олардың 77%-ы – симптомсыз науқастар. Соған қарамастан барлық тіркелген азаматтарға толық медициналық диагностикалық көмек мемлекет тарапынан тегін беріледі. Ем халықаралық әріптестермен ақылдасқан ғылыми жұмыстарға негізделген клиникалық хаттама арқылы жүргізіледі. Бұл хаттаманы еліміздің ең белгілі ғалымдары әзірлеп, бекіткен. Эпидемия бастал­ғаннан бері 8 редакциядан өтті. Сол ем-домның нәтижесінде 52% (6288) науқас жазылып шықты. Ал 5836 пациент бақылауда», деді ол.

Еліміздің бас дәрігері жақында ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізінде елімізде коронавирусқа қарсы шаралардың тактикасы өзгергенін жеткізді. Яғни осы аптадан бастап вирус анықталғанымен ауру белгілері болмаған науқастар үй карантинінде болады. «Жаңа тактика халықаралық стандарттарға да сай келеді. Бұл – симптомсыз науқастарды ауруханаларға жат­қыз­бай, үй карантиніне алу. Олар жер­гілікті емханалардағы учаскелік дәрігерлердің бақылауында болады. Қазіргі уақытқа дейін сондай жеңіл деңгейдегі науқастар инфекциялық ауруханаларда жатыр. Осы аптадан бастап осы хаттаманы енгіздік. Қазір стационарда жатқан 5836 нау­қас­тың 59-ының (1%) халі нашар. 600-дей (10%) пациенттің жағ­да­йы орташа деңгейде. Тағы
10%-­ның ауруы жеңіл болса, 78%-ы (4500 адам) – симптомсыз», деді Е.Біртанов.

Кейбір осындай ауру белгілері еш байқалмаған науқастардың ауруханаға жатудан бас тартып жатқанын айтқан министр: «Мұны дұрыс түсіну керек. Ол инфекцияны басқаларға жұқтыруы мүмкін. Сондықтан олардың ауруханада немесе үйде өз өзін оқшаулауы өте маңызды», деді.

 

Жаңа карантиндік шараларды енгізуге құқымыз бар

Денсаулық сақтау министрі коронавирус өрши түскен өңірлерді атады. «Соңғы екі аптада карантин шараларының босауына байланыс­ты кейбір өңірлерде науқастардың саны көбейіп келеді. 15-24 мамыр аралығында жаңадан 2800 науқас тіркелсе, 25 мамырдан шілденің 3-іне дейін вирус жұқтырғандардың саны 3,5 мыңға жетті. Яғни өсім 25%-ға көтерілді. Атап айтқанда, өсім деңгейі 6 өңірде жоғары. Жақында ғана ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Кейбір өңірлер бойынша біз ақпарат беріп жатырмыз. Мысалы, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Шы­ғыс Қазақстан облыстарында жо­ғары өсім болған. Бірақ қа­зір жағдай тұрақталып келе жатыр. Сол сияқты Нұр-Сұлтан қала­сын­да да біраз өсім болды. Бұл қазір 2 пайызға төмендеді», деді Е.Біртанов.

Әр өңірде эпидемиялық жағ­дай­ға байланысты ерекше шектеу шаралары енгізілетінін атап өткен Е.Біртанов: «Өңірлерде шек­теу шараларын енгізуге бас санитарлық дәрігерлердің құқық­та­ры бар. Арнайы шектеулер өсім деңгейі жоғары аудандарға енгі­зі­ле­ді. Мысалы, Атырау облысының бір ғана Теңіз кенішінде өсім жоғары болып, басқа елді мекендерде жағдай дұрыс болғаннан кейін тек қана сол ауданға шектеу шаралары енгізіледі. Біз санитарлық қызмет ретінде азаматтарымыздың денсаулығы мен өмірін қорғауға шақырдық, қажет болған жағдайда жаңа карантиндік шараларды күшейтуге және енгізуге құқымыз бар», деді.