Аймақтар • 05 Маусым, 2020

Марқакөлде күзет күшейтілді

814 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір Марқакөлде жағдай тұрақты.

Марқакөлде күзет күшейтілді

 Шығыс Қазақстанда тамылжыған табиғаты бар көрікті мекендер аз емес. Соның бірі де бірегейі – Марқакөл көлі. Алайда соңғы жылдары осы ғажайып көлде балықты заңсыз аулау фактілері тым көбейіп, жағдай әбден ушыққан соң бұл мәселеге Президенттің өзі назар аударғаннан кейін ғана балық аулауға тыйым салынғаны белгілі. Қазір тек көл жағалауындағы тұрғындарға ғана балық аулауға рұқсат берілген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр құзырлы органдарға Марқакөлдегі жағдайды мұқият зерттеуді тапсырғаннан кейін өңірдің барлық су қоймаларына тексеру жүргізілген болатын. Облыстық прокуратура өңірдің құқық қорғау органдары өкілдерімен бірлесе Марқакөлге арнайы барып, ведомствоаралық кеңес өткізіп, көлдегі түйінді мәселелерді жан-жақты талқылаған-ды. «Браконьерлік мәселесі біздің облысымыз үшін әлі де өзекті. Қазіргі уақытта облыста Ертіс бассейнінің 4 су қоймасында және Зайсан, Өскемен, Шүлбі және Бұқтырма су қоймаларының 40 учаскесінде балық ауланады. Біз арнайы талдау жасаған кезде аумақтық инспекцияның, қорықшылар қызметі, жедел жасақтар мен табиғатты қорғау полициясының қызметіндегі көптеген кемшіліктерді таптық. Аталған ведомстволар көбінесе ұсақ құқық бұзушылықтарды (мысалы, балық аулаудың жеке фактілерін) ғана анықтайды. Браконьерлікке қарсы іс-қимыл бойынша жүйелі жұмыс жүргізбейді (бір қызметкер айына екі-үш тәртіп бұзушылық және 2-5 кило заңсыз балық аулау фактілерін ғана тіркейді), қылмыстық схемалар анықталмайды. Соңғы екі жылда аумақтық инспекция анықтаған 2087 әкімшілік құқық бұзушылықтың 362 ғана елеулі бұзушылықтарға жатады. Марқакөлде кеңес өткізгенде қорық басшылығына жұмысты ширатуды, нақты шаралар қабылдауды, ал құқық қорғау органдарына, әсіресе уылдырық шашу кезеңінде заң бұзушылықтарды анықтау және сапалы тергеуді қамтамасыз етуді міндеттедік. Аймақтың ерекшелігін ескере отырып, браконьерлермен күрес негізгі міндеттерінің бірі болуы керектігін шегелеп тапсырдық. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне көлдегі мәселелер бойынша ұсыныстарымызды жібердік. Арнайы белгіленген балық аулау орындарының санын қысқартуға байланысты бастамаларымыз да ведомство тарапынан қолдау тапты.  Су құзғыны (баклан) санын реттеуге болатын құстар тізіміне енгізілді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің бұйрығымен Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының қорғалатын аумағына қатысты ережеге түзету жасалды. Матабай, Қарағайлыбұлақ және төменгі Қарағайлыбұлақ ауылдары арнайы балық аулау тізімінен алынып, Ұранқай ауылына жақын бір ғана жер қалдырылды. Ең бастысы, қорықтың материалдық-техникалық жағдайы жақсарды, қар шана, фототұзақтар мен моторлы қайықтар берілді. Бұдан бөлек балық ресурстарының заңсыз айналымының жолын кесу мақсатында облыстың бес ауданында (Зайсан, Тарбағатай, Көкпекті, Күршім, Алтай) прокурорлар бастаған мобильдік топтардың жұмысы жандандырылды. Қазіргі уақытта олар 50-ден астам рейдтік іс-шаралар жүргізді, табиғат қорғау заңнамасының көптеген заң бұзушылықтары анықталып, кінәлі адамдар жауапқа тартылды» дейді облыстың бас прокуроры Құсайын Игембаев.

Мысалы, Марқакөл қорығының аумағында табиғат қорғау заңнамасының 16 бұзушылықтары анықталған, олар бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған. Күршім ауданында 1800 метр балық аулайтын ау алынып, жалпы салмағы 433 кило балықты заңсыз тасымалдаған  автокөлік тоқтатылған. Тарбағатайда 11 тонна ақсерке балығын тиеген автокөлік пен құжатсыз 22 тонна балығы бар бес тоңазытқыш анықталған. Ал Зайсандағы су қоймаларынан ұзындығы 6 шақырым тыйым салынған желілер тәркіленген. Күршім ауданында қызметтік автокөлікте уылдырық пен балық тасымалдаған жедел әрекет ету жасағының инспекторы ұсталған. Жыл басынан бері сегіз қылмыстық іс тіркеліп, алты қылмыстық іс бойынша айыптау үкімі шығарылып, екеуі бойынша қазір тергеу жүргізілуде. 

Қазір – Марқакөлде балықтардың уылдырық шашатын кезеңі. Осыған орай көл басында рейд шаралары ұйымдастырылып, браконьерлікке жол бермеу үшін құқық қорғау органдарының жұмысы күшейтілген. Қорық аумағына арнайы бекеттер қойылып, фототұзақтар орнатылыпты. Ерекше атап өтетін мәселе, биыл алғаш рет «Қазәуеқұтқару» АҚ-ымен келісім жасалып, уылдырық шашу кезеңінде тікұшақпен бақылау жүргізіліпті. Бір сөзбен айтқанда, қазір Марқакөлде жағдай тұрақты.

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы