Спорт • 05 Маусым, 2020

Иван Дычко өз жоспарымен бөлісті

247 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Аса ауыр салмақта жұдырықтасып жүрген Қазақстанның кәсіпқой боксшысы Иван Дычко алдағы уақытта тек қана мықтылармен күш сынасқысы келетінін мәлімдеді.

Иван Дычко өз жоспарымен бөлісті

- Екі жылға жетер-жетпес уақыт аралығында кәсіпқойлар арасында мен 9 кездесу өткізіп, барлығында айқын жеңіске қол жеткіздім. Егер коронавируске байланысты жарыстар тоқтылмағанда онда жекпе-жектерімнің саны біршама көбірек болатын еді. Ал алдағы уақытта мен Александр Поветкин (35-2-1, 24 КО), Мариуш Вах (35-6, 19 КО) және Диллиан Уайт (27-1, 18 КО) сынды атағы алысқа жайылған жігіттермен жұдырықтасқым келеді. Одан кейін чемпиондық белдеу үшін таласуға да болады, - дейді Иван Дычко.

Биыл 11 тамызда 30 жасқа толғалы отырған Қостанай бокс мектебінің түлегі әуесқой рингте ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Лондон және Рио Олимпиадаларының қола жүлдесін иеленді. Әлем чемпионатында екі күміс және бір қоланы еншіледі. Азия ойындарының жеңімпазы және күміс жүлдегері деген атақтары бар. Сондай-ақ, ол Азия чемпионатында топ жарды.