Аймақтар • 05 Маусым, 2020

Бейнекамералар полицейлердің сенімді серігі

309 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері Қызылжарда бейнекамералардың көмегімен 82 қылмыс ашылды. 

Бейнекамералар полицейлердің сенімді серігі

«Қаланың аумағында барлығы 410 камера жұмыс істейді. Жыл басынан бері бейнебақылау камералары 3675 жол қозғалысы қағидаларын бұзу мен 1824 өзге де әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтауға септігін тигізді. Негізінен бұл фактілер алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе масаң күйде қоғамдық орындарға келу сияқты ұсақ бұзақылық. Ал 82 жағдайда қылмыс ашылды», - дейді Петропавл қаласы ПБ Жедел басқару орталығының бастығы, полиция подполковнигі Нұрлан Мұхаметжанов. Мысал үшін ол 11 мамырда кешкісін Медведев көшесіндегі үйдің ауласынан ұрланған «Volkswagen Passat» автокөлігі туралы айтты. Көлікті айдап әкеткен бірлесіп спірттік ішімдік ішкен жәбірленушінің 31 жастағы танысы екендігі белгілі болды. Аталған факті Қылмыстық кодекстің «Көлiк құралын құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілген. Қазір автомобиль иесіне қайтарылып, ал күдікті көлік құралын масаң күйде жүргізгені үшін өзіне тағайындалған 20 тәулік әкімшілік қамауға алу жазасын өтеп шықты.

Сонымен қатар бейнебақылау камералары 39 ұрлық пен 14 бұзақылықты ашуға көмегін тигізген.

Патрульдік полицейлердің бейнежетондары полицейлер мен азаматтарды ғана түсіріп қоймайды, сондай-ақ олар құқық бұзушылықты ресімдеу кезінде айғақ болып табылады. 14 патрульдік автомобильде бір мезгілде 360 градусты түсіретін камералар орнатылған. Жазылған жазбалардың бірі 18 мамыр күні жол қозғалысы ережесін өрескел бұзуға жол берген жүргізушіні жауапқа тартуға негіз болды.

ҚЫЗЫЛЖАР