Аймақтар • 05 Маусым, 2020

Батыс Қазақстан облысында карантин шаралары қайта күшейтілді

496 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев мәлімдеме жасады. Өңірде карантин шаралары қайта күшейеді.

Батыс Қазақстан облысында карантин шаралары қайта күшейтілді

Маусымның 5-і күні Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған науқастардың жалпы саны 776-ға жетті. Оның ішінде 344 адам жазылып шыққан, провизорлық стационарда – 32, карантиндік стационарда – 127 адам жатыр. Ал 1894 адам үй жағдайында оқшауланып, дәрігер бақылауына алынған.

- Біздің өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып тұр. Бұрын індет жұқтырғандар көбіне сырттан келсе, қазір ауырған адаммен жақын қарым-қатынастан коронавирус жұқтырғандар саны көбейді. Осыған орай биылғы 11 мамырдағы қаулыға өзгеріс енгізіп, кейбір тыйым шараларын енгізуге шешім қабылдадық, - деді Мұхамғали Арыспаев облыс тұрғындарына тікелей эфирде.

Сонымен, 6 маусымнан бастап Батыс Қазақстан облысында тұратын жері бойынша отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Уақытша жабылуға жатпайтын, рұқсат етілген қызмет түрлерінен басқа ұйымдар мен кәсіпорындар әдеттегі жұмыс режимін тоқтатып, өз қызметін қашықтықтан, онлайн режимінде жалғастыра алады.

Орал қаласындағы қоғамдық көлік барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып таңертең сағат 06.00-ден 12.00-ге дейін, кешке сағат 17.00-ден 21.00-ге дейін ғана жүреді.

Азық-түлік және құрылыс т.б. базарларға барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды және эпидемияға қарсы іс-шараларды сақтай отырып дүйсенбіден бейсенбіге дейін сағат 09.00. мен 13.00. аралығында, жұмадан жексенбіге дейін сағат 10.00. мен 16.00. аралығында жұмыс істеуге рұқсат етіледі.

Мейрамхана, асханалар келуші санын бір мезгілде 30 адамнан асырмай, барлық санитарлық-эпидемиологиялық талапты және эпидемияға қарсы іс-шараларды сақтай отырып жұмыс істей алады. Сондай-ақ бас санитар қоғамдық тамақтану нысандарында кальянды пайдалануға тыйым салды. Тыйымдардың толық тізімі жергілікті БАҚ-тар жарияланды. Бұл қаулы 6 маусым күні аңда күшіне еніп, әзірге маусымның 15-іне дейін созылады.

- Әлемдік тәжірибе адамдар тығыз байланысқан жерде вирустың жұғу қаупі жоғары екендігін көрсетті. Осыған байланысты батысқазақстандықтарды адамдар көп жиналатын жерге бармауға, ұйымдасқан жиындарға қатыспауға, әлеуметтік қашықтықты сақтауға, жабық үй-жайларға кіргенде міндетті түрде бетперде тағуға шақырамыз. Егер топтық жиындар кесірінен халық арасында коронавирус жұқпасының таралуы анықталса, бұл заңнамамен қарастырылған жауапкершілікке, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартуға әкелетіндігін ескертеміз. Тек карантин талаптарын, санитарлық-эпидемиялық режимді сақтау арқылы ғана өзімізді және отбасымызды әлемге тараған бұл індеттен қорғай аламыз, - деді Мұхамғали Арыспаев.