Спорт • 06 Маусым, 2020

Атақты теннисші Бьорн Борг 64 жасқа толды

349 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін даңқты теннисші Бьорн Боргтың туған күні. Ұзақ жылдар бойы әлемдік рейтингте көш бастап, көптеген аса ірі халықаралық турнирлерде топ жарған сақа спортшы 64 жасқа толды.

Атақты теннисші Бьорн Борг 64 жасқа толды

Бьорн 1956 жылдың 6 маусымында Швецияның астанасы – Стокгольмнің іргесіндегі Седертелье қаласында дүниеге келді. Әкесі үстел теннисінің хас шебері болды. Соған ілктеген жеткіншек спорттың соқпағына түсті. Алайда оның таңдауы үлкен тенниске түсті. Жастайынан жасындай жарқыраған Борг көп ұзамай өз елінің маңдайалды теннисшілерінің біріне айналды.

Уақыт оза Бьорн Боргтың мықтылығын күллі әлем мойындады. «Үлкен дулыға» турнирлерінде барлығы 11 мәрте топ жарды. Оған тек Аустралияның ашық біріншілігінің бас жүлдесі ғана бұйырмады. Өзге жарыстарда бірнеше реттен дара шықты. АТР додаларында 77 рет жеңімпаз атанды. Үш рет Қортынды турнирде қарсылас шыдатпай, Дэвис кубогын да иеленді. 1977 жылдың 23 тамызында әлемнің бірінші ракеткасы атанған Борг сол тұғырдан 109 апта бойы түскен жоқ.