Біздің ауылға той хабары жетсе... Түтіні таралып ұшып, әйелдері ауыздық бермей кететін әдеті. Алматыдан оқу бітіріп келген Сағын шешесіне осы бір жақсылықтың ұшығын шығаруы мұң еді... Ауыл-аймақ тегіс құлақтанып үлгерді.
– Сапура байғұс байдан жастай қалған.
– Құдай қарасайын деген де.
– Жалғыз ұлын аяқтандырса, ертең-ақ ел қатарына қосылып кетер.
– Әй, өзі де өр мінез, өлермен. Шөпшілерге аспаз болып жүріп-ақ бар шаруасын тындырып отыр, – дескен өңшең ақжаулықты бір кеште сау етіп келе қалған.
Сапураның келісті жүзі, қыр мұрыны, толқынды қара шашы бүгін тіпті көз тартарлықтай. Әкесінен аумай қалған сүйкімді сары баласына шай құйып отыр екен. Бұлардың үйіліп-төгіліп кеткені қуанышын тіпті еселеп толтырып жібергендей болды. Қайта демделген шай таңдайға басар тәтті әңгіме шоғын одан әрмен үрлеп жатты.
– Құтты болсын, біздің Сағынжан оңай жерге қармақ салмас.
– Арқасүйер құдаң, сырласар құдағиың болғанға не жетсін.
– Ертең-ақ немереңнің бірін арқалап, қалғанын жетелеп жүрерсің.
– Қазіргі келіндер «ойбай, белім» деп келеді. Үш айдан асырмайды.
– Қағынды тигір, сен де айтасың-ау.
– Ал келін қай жердің баласы?
– Өскеменнен, институтта бірге оқығанбыз, – деп Сағын жұмсақ жымиып қойды.
– Е, жарады. Тіпті сол келіннің алыстан болғаны жақсы. "Төркіні жақын қыздың төсегі жиылмас" деген. Көріп жүрміз...
– Әлгі Жүсіптің келіні шыбық тимес шыңқ етпе екен. Тәк десе бітті, баласын көтеріп, көрші ауылға қайқайып тартып отырады дейді.
– Мына Жанбикенің келіні де бетпақ болып шықты. Өткенде үйіне барсам теріс қарап алып: "Кіш-кіш", деп қоймайды. Қашанғы тұрайын. «Келін шырағым, баланы тосып отырсың ба, әлде өзіңді ме?» дедім. Өл де бар ғой. Бүлк етсе екен-ау. Бедірейіп бір қарады да, отыра берді. Біздің заманымызда...
– Айтары бар ма.
– Құрақтай майысып тұратын ек.
Өзге келіндердің оғаш қылығы қапелімде ойға орала қоймаған соң сәл-пәл кідіріп барып, әңгіме өз арнасына қайта түскен.
– Айтпақшы, құда-құдағи бар ма? Кәсібі не?
– Аман көрінеді. Қарауында отыз-қырық омарта бар, – деп Сағын тағы да Сапураның алдын орап кетті.
– Е, бәрекелді. Соншама шаруашылықты басқарып тұрса, біздің кеңшар директорынан да дәу болды ғой.
– Әй, қатын, шайыңды шығарып құй. Қызылы сұйылып барады.
– Мына қуаныштың үстінде осы үйден ет жемей шықпаспыз, – деп өңшең құрбы көтеріліп-басылып жатты...
Сапура оңаша қалған соң ұлынан сыр тартқан.
– Осы құдамыз басқаратын омарта деген қандай нәрсе? – дейді ғой.
– Бал арасының ұясы.
– Ұя?
– Иә, соны омарта деп атайды.
– Ойбай-ау, сонда әлгі құдамыз шыбын баға ма?
– Шыбын емес, апа. Бал арасы.
– Айырмасы жоқ. Бәрі бір.
– Бал – денсаулыққа пайдалы. Түрлі ауруға ем.
– Құм жалап отырған біздің ауыл адамдары қырылып жатыр ма?
– Түһ, апа.
– Апа демей кет. Әлгілерге енді не бетімді айтамын? Құдаң аспанға тіреу салып тұр екен деп... Енді келіп шыбын бағады десем...
– Көрші-көлемнің шаруасы не? Арасын емес, қызын алайын деп отырған жоқпын ба?
– Одан да шошқа баққандары жақсы еді.
– Қатынқарағайда бұғы мен аю көп деседі.
– Біліп ем. Сол қабағым қоймай тартатын. Осыған көрінген екен.
– Өзіңіз біліңіз, құда түспейтін болсақ, басым ауған жаққа қаңғып кетемін...
Әкесі де нәті жуас болғанмен, осындай бірмойын қисық еді. Айтып отырғанын көрдің бе?
Қашанғы туласын, ертеңіне ала таңмен кеңшар директорына жеткен. Қарнын құшақтап қалғып-мүлгіп отыр екен.
– Жұрттың күйегі күзде түсетін еді. Қазір шөп шабу науқаны. Райком қысып барады. Малдың қысқы азығын кім дайындайды? Шөп сұраған қой мен сиырға құдалықта жүрдік дейміз бе? – деп зар құссын.
– Ел емеспіз бе?
– Құда қайдан?
– Шығыстан дейді. Қатынқарағай деген жер.
Құшақтап отырған қарнын босатып, қабырғада ілулі тұрған Қазақстан картасының жанына келген. Сұқ саусағын шығысқа қарай жүгіртіп-жүгіртіп барды да ысқырып жіберді.
– Көрдің бе, Қанішкен мен Қатынқарағайдың арасы бір құлаш жер. Құрығанда бес мың шақырым. Келін қазақ па өзі?
– Қазақ та.
– Руы кім, руы?
– Әлгі бала Қаратай деген сынды.
– Қой, қазақта ондай ру жоқ. Қытай шығар.
– Мейлі, кім болса да, шайымды қайнатып берер.
– Аты кім екен?
– Сүйін-бике сияқты.
– Көтек, не дейд? Келін біреу ме, жоқ әлде?...
– Әй, не тантып тұрсың? – деген Сапура да шыдамын сарқып. – Жеті мүшесіне жеті қатын алса да қой демеспін. Аузымды көп қыздырма. Мен сенен шөп шауып жатқан бүкіл бригаданы сұрап тұрған жоқпын. Құда түсіп қайтсын, Әмір қайнымды жұмыстан босат.
– Оның тракторын кім айдайды?
– Көп емес пе?
– Кім көп? Тракторист пе? Жалғыз озат сол. Жібере алмаймын. Өзге ағайындарыңа рұқсат. Барсын, құда болып шалқып қайтсын, пажалыста.
Ағайын аз емес-ау. Бірақ іске татырлығы жоқ. Шәріпті жұмсар еді, шаяндай шақпа тілі бар. Өзі ақсақ. Қатарға жүрмейді. Қазық аяғын аттатып басып болса ше. Ит өлген жерге ондай мешелді қалай жіберерсің?
Саттар болса адамды үндемей өлтіретін неме. Шешесі толғағанда сақау қатынның сарқытын ішкен де. Баяғыда оны қайын жұрты құда түсуге жұмсап, таяқ жеп қайтқан. Болашақ құданың шайын ішіп, асын жеп қызмет сұраса, аяқ киімін киіп жатып «Сіздің қыз біздің балаға керек болып тұр», дейтін көрінеді. Ал керек болса! Таяқ жемей көр!
Қадір ше? Оның да оңып тұрғаны аз. Тегін арақ көрсе қолында өледі. Ана жылы ауылдастары құда шақырысқа ертіп барып, қақаған қыс, күртік қарда машина жоқ, серейтіп шанаға сап сүйреп қайтқан. Ондай адамға түу-у Қатынқарағайға қайтып бар дерсің. Сүйреп жеткізіп көр!
– Онда өзім кетемін. Майлық-сулыққа біреу табылар. Елімде еркек жоқ деп барам. Өңшең қатын!
– Апыр-ай, енді бұ қазақ сөйтіп қинайды. Өзіңе рұқсат. Орныңа аспаз алармыз, – деп кеңшар директоры қарнын құшақтап қала берген.
Сапура буынып-түйініп жолға жиналған. Бақса, осы ғұмырында Гурьевтен асып сапарлап көрмепті. Онда да көршінің қызы байға қашып, той-томалағына барып қайтқан. Ауылдас әйелдер тіпті Меккеге аттанғаннан кем көрген жоқ. Көздеріне алма-кезек жас ала ма-ау, қайта-қайта қол қысысып, бауырларына баса ма-ау... Содан Сағын екеуі қоржын арқалап Қанішкеннен пойызға отырсын. Апынып-күпініп облыс орталығына жетсін. Сол күнгі пойыз шүу қарақұйрық жөнеп кетіпті. Қона-жатар жағдай жоқ. Келесі күнгі тепең қаққыр пойызға орын жоқ. Кассир келіншекке барып жағдай айтқан, мұрнынан ақ құрт ыршыды. Сол маңдағы ылдым-жылдымы көп бір жігітпен сыбырласқан, аспанға шапшыды. Ақыры ұшынып тұрған бағаға билет те кестірді-ау. Сау болғыр, билетті кассаның жалмауыздың жалғыз көзіндей терезеден емес, тура қалтасынан кесті. Оған да шүкір. Содан, бағана санап, бекет түгендеп Алматыға жеткенше... Бір апта өте шығыпты. Сол аяңмен жаннан безіп Жарма жағалады. Өскемен өрледі. Бұлар кештетіп ентік басқанда Бұқтырма теңізі ақ көбігін аспанға атып тулап жатыпты. Арғы бетке өткізетін паром уақыты озып кетіпті.
– Қызыліңірде не іздеп жүрсіңдер? – дейді күзетші кержақ шал тілін шайнап.
Мән-жайға қаныққан соң көкшулан сақалын тыр-тыр қасыды. Бас шайқады. Бір танаумен осқырынды.
– Махаббат деген не ол? – деп Сағынға біраз ежірейді. – Мына Бұқтырманың желі сияқты. Бірде оңнан, бірде солдан соғады. Кейде тіпті соқпай қояды. Ал не істейсің, желді ұстап көр? Сезім де сол сияқты. Соған бола...
Жағаға емініп тұрған күзетшінің күркесіне қонып шыққан. Ас-сусыз дірдектеп тоңып отырып сонда ұлына назырқанып бір қараған. Тіл қатпады...
Ертеңіне көз байлана бұзаутұмсық автобуспен аудан орталығына тұяқ іліктірген. Құда-құдағиың қияндағы кеңшарда десті. Кеңшар пермі орталығына сілтеді. Пермісі түскір:
– Олар гүл қуалап, ара жайып кеткен. Көшіп-қонып жүреді, – деп алақан жаяды.
– Алматының өріп жүрген қызынан іздеп тапқанын көрмейсің бе? Осы сен алысқа сіңір создырып баратын апам жалғызілікті ғой деп ойладың ба, жоқ па? Тіреп тұрған ағайының болса бір сәрі. Мына айналаны албастыдай басып тұрған тау ішінен ал жөн тап?! Мойнымыз ырғайдай, битіміз торғайдай болып біттік, – деп Сағынға дүрсе қоя берген. Оның да шарасы таусылған, тұқшиып көзімен тас түгендеп кетті.
Сол перміден атарбалы біреуді әзер деп жалдаған. Кепкісі қос құлағына ілініп тұр. Бет-аузын көріп жарымады. Арбасын шоқалақ соқтырып ала жөнелген. Көңілге бір демеуі:
– Айт, шүу, табамыз, – деп қояды. – Құдағи екенсіз қоржын басы тоқ па? Біздің қыздарға бәрі құмар. Су тегінге кетіп жатыр. Оңтүстік болса көрер ем. Сүт ақысы деп шытырлатып санап алады. Қалтаңды қазып бітесің. Айт, шүу, табамыз!
Ой мүжіп отырып қолына ботаның көзіндей айнаны алған. Жүзіне жүгіртіп қарады да селк ете түсті. Түнде Бұқтырманың ащы суына жуып еді, шашы киіздей ұйысып қалыпты. Жағы суалып, көзінен нұр тайған. Екі әжім маңдайға тереңдеп сіңіпті. Көк көйлектің жағасы кірден күрең тартқан. Сүйірбас төплидің тұмсығы ақжемделіп қалыпты.
Мына түрлерімен жетіп барса, алыстан арқаланып құдағиымыз келді демес. Қайыршы қатын қайдан жүр дер. Әдіре қалғыр, арба да селкіл қағып, асқазанын сапырып бітті.
Түс ауа атарба иесінің де ләмі өзгере бастаған. Кепкісі қос құлағына ілініп тұрып: – Олардың қайда қаңғып жүргенін кім білсін, – деп міңгір етеді. – Ұстата ма бұлар.
– Сонда әлгі шыбынды жая ма?
– Иә, шырын сорғызады.
– Кәсіп болғаныңа!
– Несі бар? Жалпы араға сақтықпен бармаса қауіпті. Талап тастайды.
– Шаға ма?
– Өлімші қылады.
Аузы неткен жаман еді. Айтып отырғанын қарашы.
– Таудан етекке аю түсіпті. Көршінің баспағын жарып кетіпті. Ертеңіне терісі мен сүйек-саяғын тапты. Тіпті кісіге де шабады.
– Онысы несі?
– Аш та. Жеп қояды. Оны айтасың, баяғыда ауылдың бір әйелін көтеріп алып кетіп, күйеуіне бермей қойған...
Бұл жанында отырған ұлына тағы да оқты көзін қадаған. Ажалы ара мен аюдан болмаса нетті. Осы екі жайдан аман құтылғанмен иен тау ішінен құда-құдағиын таба алмай қайтса ше? Ел-жұртқа тап-таза масқара емес пе? Таппай қайтты демес, керауыз туған-туыс жетім бала, жесір қатынды менсінбей қуып жіберіпті дер. Қайсысына қақпақ боларсың?..
– Құдағи, сіз ренжімеңіз, құдаңыздың қай орманның қуысында, қай таудың уысында жатқанын қайдан білейін. Асығыспын, шаруам бар. Таудан қарағай қиғанмын. Соны түсіруім керек. Біздің жақта күз ерте түседі. Сіздерді осы жерде қалдырайын. Сәтін салса, жаяулап жүріп табарсыздар, – деп атарба иесі делбесін тартады.
– Құдеке, өзің Қаратай екенсің. Балам екеумізді аш аю жеп кетсін деп тұрсың ба, ойбай?!
– Ой, Қаратай деген етек-жеңі жайылған көп ата. Қалмақ кемпірден тарағанбыз. Есебіне жетпессің.
– Сонда бізді көзің қиып... Қой, айналайын, мә, ақыңды артығымен төлейін. Өзің бір иманжүзді азамат екенсің, – деп Сапура күмәжегінен тағы да қызыл ондық суырған.
– Бұ қазақ мінген жерінен оңайлықпен түсе қоя ма, – деп кергігенімен ептеп жұмсарды. – Жарайды енді, кешке дейін із кесіп көрейік.
– Сөйтші, анау кепкіңді көтеріп қойшы. Бет-аузыңды көріп отырайық.
Тырқ-тырқ жөтеле ме, күле ме арбасын салдырлатып ала жөнелген.
– Ауылдан шыққандарыңа қанша күн болды? – дейді ақшасы түскір аузына сөз салып.
– Бүгін он үшінші тәулік.
– Жарты ай десеңізші. Құдағи, жарайсыз!
Қошеметі ме, кекеткені ме белгісіз. Тырқ-тырқ жөтеле ме, күле ме?
– Айт, шүу, табамыз!
Алдан таудың кешкі салқын самалы есті. Күн де еңкейіп, ісіне бастапты. Ақар-шақар таулардың басын бұлт шалған. Көп жүріп жарымады. Іргелес тұрған шоқ тоғайдың етегіне іліне бергенде... Еліктің лағындай ойнақтай басып... Төбесіндегі қызыл орамалы өрттей болып... Сүйін-бикенің шыға келгені!
– Міне, келініңіз осы! – деп Сағын айқайлап жіберген. Кешеден бері тіл қатқаны осы. Оқыс дауыстан ат құлағын қайшылап, пысқырып салды. – Біз кешіккен соң шыдай алмай жол тосып жүрген де...
Арбадан түсе жүгіргісі келіп қомпылдаған. Сапура етегінен тарс қылып ұстап алып жібермеді.
– Тырп етпе! – деген түс салып. – Отыр. Әйтпесе өмір бойы жүгірумен өтесің. О, несі-ай!
Жақындап келгенде байқады, болашақ келіні ақ шағаладай әдемі екен. Қос бетінің ұшы жаңа үзілген алмадай қып-қызыл. Сұқ саусақ батып кетердей сүт шұңқыры ойылып жымияды кеп. Көңілі толып, көз тоқтатып Сапура да аялай қараған. Сонда да болса өр мінез өз дегенін істемей қоя ма?
– Қарағым, тап осындай бір сыболыш өз ауылыңнан таптырмады ма саған? – деп салды.
Көрген азап пен тозақ осы бір ауыз сөзге сыйып жүре берген...
Көп кешікпей жөн-жоралғысы жасалып, Қанішкенде той өткен. Қызды алып со-ноу Қатынқарағайдан жездесі бас құда болып келді. Есімі – Әлібек. Бойы бәкене болғанмен, биге жорға екен. Бүлкілге басып ауылдың осы қалай деген қыз-келіншегін табаннан тоздырған. Тілінің майдалығы...
Бал жалап өскен адамның тілі не ғып тәтті болмасын?!
Рахымжан Отарбаев