Елімізде мемлекет-жеке меншік әріптестігіне ерекше көңіл бөлініп, әлеуметтік маңызы бар салаларда жүзеге асырылып келеді. Ол экономиканы жаңа белеске көтеруге әрі әртараптандыруға негіз бола отырып, кәсіпкерлерді ірі инвестициялық жобаларға тартуда септігін тигізуде.
Мәселен, мемлекет-жеке меншік әріптестік тетігі негізінде салынып, мемлекеттік меншікке өтетін студенттер жатаханасын алайық. Мемлекет келісімшартта белгіленген мерзім ішінде жеке әріптестің инвестициялық шығындарын қажет болған жағдайда өтеп береді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына сәйкес, несие сыйақысының белгіленген пайызын субсидиялайды. Сонымен қатар жатақхананы тұрғындармен қамтуға кепілдік береді. Сондай-ақ студенттерден түсетін төлем де бар. Сапалы қызмет көрсететін жекеше әріптес бұл объектіні тиімді басқарады, шығындарды оңтайландырады. Инновациялық технологияларды енгізуге бағыт береді. Нәтижесінде, инвестор ұзақмерзімді және тиімді бизнеске ие болмақ.
Заңнамада өзгерістер болған жағдайда мемлекеттің бастамасы бойынша мемлекет-жеке меншік әріптестігі шартын біржақты бұзудан сақтандырылған. Тек шарт мерзімі біткен уақытта аталған объектіні жергілікті атқарушы органның меншігіне өткізеді.
Жоғарыда аталған жеке кәсіпкерге беретін артықшылықтарды ескере отырып, қазір осындай әріптестікке бизнес тарапынан қызығушылық жоғары. Оған «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» фронт-офисі вице-президенті Нұрбол Жанабековтің сөзі дәлел бола алады.
– Республика бойынша жалпы құны 1 639 млрд теңгені құрайтын 771 (2020 жылғы 1 мамырдағы мәлімет бойынша) жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде 911 млрд теңгеге – 10 республикалық, 728 млрд теңгеге – 761 жергілікті деңгейдегі келісімшарт жасалды. 345 жоба жекеше әріптестердің қаржылық бастамаларының негізінде қолға алынды. Ал осы жобаларды салалық деңгейде қарастырсақ: 83 жоба – денсаулық сақтау, 177 жоба – білім беру, 49 – спорт және 36 жоба – экономиканың өзге салаларына тиесілі, – дейді Н.Жанабеков.
Мемлекет-жеке меншік әріптестігі объектілерінің шеңбері ауқымды. Десе де, жобалар тізімінің басым бөлігін денсаулық сақтау және білім беру салалары құрайды. Шынында, балабақшаларды және мектептердің асханаларын осы тетік арқылы жалға беру соңғы жылдардағы трендке айналған үрдіс. Нәтижесінде, жергілікті атқарушы органдар өздерінің алдындағы белгіленген балабақшаға қатысты мемлекеттік тапсырыстарын орындап, халықтың ризашылығына ие болуда. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласында медициналық техникаларды сатып алу, денешынықтыру және спорттық кешендерді жеке сектордың басқаруына беру жүргізіліп жатыр.
Иә, қазір өңірлер бойынша студенттік жатақханаларға сұраныс жоғары. Оқу орындары өз бастамалары бойынша инвесторларды іздестіруге кірісіп те кетіпті.
– Мемлекет-жеке меншік әріптестігі жергілікті инфрақұрылымның қалыптасуына жол ашады. Сол арқылы кез келген мүлік пен мүліктік кешенді салу мүмкіндігі бар. Әрі құрылыс жұмыстарын жүзеге асыру барысында жергілікті халықты жұмыс орнымен қамтуға болады. Одан кейін инфраструктура объектілерін күтіп ұстау бойынша сервистік қызметтер нарығының дамуына алып келеді. Әр жыл сайын қайталана беретін ұйымдастырушық-административтік процесстерді қысқарту арқылы жергілікті бюджет шығындарын шектейді, – дейді Н.Жанабеков.
Жеке кәсіпкерлер инвестициялық шығындардың өтемақысы түріндегі ақшалай түсімдерді қарастыратын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарттарын банктерден несие алу мақсатында кепілге беруге заңнама рұқсат береді. Сол себептен банктер жобаларды қаржыландыруға қызығушылық танытады.
2020 жылдың басынан бастап есептегенде республика бойынша 14 мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шарты жасалған. Әрине алдыңғы жылдармен салыстырғанда бұл төмен көрсеткіш. Бірақ қазіргі күрделі кезеңде халықпен тікелей қатынасуды қажет етпейтін салалар бойынша жобалар қарқынды жүзеге асуда.
Еліміздің, әсіресе, үлкен қалаларында кейбір мектепте оқу орындары тапшы немесе үш ауысыммен оқитыны мәлім. Сол себептен Үкімет мемлекет-жеке меншік әріптестігі бойынша мектептер салуға аса көңіл бөліп отырғанын атап өткен жөн.