Аймақтар • 08 Маусым, 2020

Ақмолалық шаңғышылар жазда да жаттығады

192 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Балкашино селосындағы әлемдік стандартқа сай салынған шаңғы роликті жолына жергілікті балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері шығып жаттығуға кірісті.

Ақмолалық шаңғышылар жазда да жаттығады

Қысқы олимпиаданың күміс жүлдегері Владимир Сахнов туып-өскен Сандықтау жерінде данқты спортшының ізбасарлары желкілдеп өсіп келеді. Карантинге байланысты қысқы спорт маусымы мерзімінен бұрын аяқталып, жергілікті шаңғышылар дулы додаларға түсе алмай қалғандарына өкінішті.

– Карантинге байланысты көптеген жарыстарға қатыса алмай қалдық. Тіпті қысқы олимпиаданың күміс жүлдегері Владимир Сахновтың турнирі де өтпеді. Онлайн режимде жұмыс істегенімізбен одан тиімді нәтиже шықпайтыны белгілі. Шаңғышылар үнемі таза ауада шаңғы жолында тер төгуі қажет. Бүгіннен бастап өзіміздің шаңғы базамызда жаттығу жасай бастадық. Санитарлық талаптарды сақтап, шеберлігімізді шыңдай береміз, – дейді бапкер Иван Спиридониди.

Шаңғы спортының мекені саналатын Сандықтаудан әлі де талай қысқы олимпиада жүлдегері шығарына үміт оты сөнбейді.