Аймақтар • 08 Маусым, 2020

Түркістан облысының полицейлері 205 келіден астам көкнәр тәркіледі

557 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Келес аудандық полиция бөлімшесінің полиция қызметкерлері облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасымен бірлесіп, заңсыз есірткі еккен күдіктіні құрықтады.

Түркістан облысының полицейлері 205 келіден астам көкнәр тәркіледі

Жасыратыны жоқ соңғы кездері өңірде көкнәр, сора өсімдіктерін ауласында өсірушілер көбейіп келеді. Өткен айда шардаралық тұрғынның ауласынан 62 келі көкнәр тәркіленген болатын. Келестік тұрғын ол көрсеткішті еселеп отыр. Егде жастағы ер адам өз ауласында құрамында есірткісі бар өсімдік түптерін көп мөлшерде өсірген. Келес ауданы тұрғынының үйін тінту кезінде жедел уәкілдер көкнәр тәріздес 4730 түп есірткі өсімдігін тәркіледі. Сараптамаға сәйкес, құрамында есірткі бар көкнәр түптерінің жалпы салмағы 205 келіден асты, ал кептірілген көкнәрдің салмағы 12,5 келіге жуықтады. Аталған жайт Келес АПБ сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабының 2-бөлігі (құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру) бойынша тіркелген. Күдікті қамауға алынды.

Қазіргі таңда полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп, күдіктінің құрамында есірткісі бар өсімдіктерді не себеппен өсіріп, сақтағанын анықтауда. Сондай-ақ тәртіп сақшылары аталған баптың санкциялары үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды қарастыратынын ескертеді.

 

 

 

Түркістан облысы