05 Қазан, 2013

6 қазан – Мұғалімдер күні Білім нәрін, тәрбие-тәлім берген

1889 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Киелі мамандық

Жалғанда ұстаз көрмеген, я мұғалімнің алдында оқушы болмаған тұлға кемде-кем шығар. Ал осынау мамандықтың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген абзал жандарға деген алғыс-ризашылық шексіз.

«Ұстаз болу – жүректің батырлығы,

Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.

Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,

Ұстаз болу – адамның асылдығы», – деген Ғафу Қайырбековтің өлең жолдары соған дәлел болса керек.

Біз де мұғалім болып көктен түсе салмадық. Бізді де ұстаздар барын беріп, нәрін татқызып баулыды, өмір жолына салды. Ондай асыл жанды тұлғаларды әсте ұмытуға бола ма?! Жоқ!

Иә, ұстаз – мақтан тұтар ма­ман­дық. Адам Ата һәм Хауа Анадан бері жұмыр басты пендені алға жетелеп келе жатқан – киелі мамандық.

Киелі мамандық

Жалғанда ұстаз көрмеген, я мұғалімнің алдында оқушы болмаған тұлға кемде-кем шығар. Ал осынау мамандықтың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген абзал жандарға деген алғыс-ризашылық шексіз.

«Ұстаз болу – жүректің батырлығы,

Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.

Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,

Ұстаз болу – адамның асылдығы», – деген Ғафу Қайырбековтің өлең жолдары соған дәлел болса керек.

Біз де мұғалім болып көктен түсе салмадық. Бізді де ұстаздар барын беріп, нәрін татқызып баулыды, өмір жолына салды. Ондай асыл жанды тұлғаларды әсте ұмытуға бола ма?! Жоқ!

Иә, ұстаз – мақтан тұтар ма­ман­дық. Адам Ата һәм Хауа Анадан бері жұмыр басты пендені алға жетелеп келе жатқан – киелі мамандық.

Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икем­ділікті, шеберлікті, мейірім­ді­лік­ті қажет ететін ұстаздық маман­дық.

Ұстазға ұстаз бола білген адам ең бақытты адам дер едім. Мен үшін шоқтығы биік сондай ұстаз – марқұм Темірболат Дәйкенов.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, шәкірт бойын­дағы ұстамдылық пен тәрбиелілік көбіне ұстазға келіп тіреледі. Ес­кендір Зұлқарнайын: «Даңқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол – ұстазым Аристотель», десе, Абылайхан Төле биді, Шәкәрім ұлы ақын Абайды ұстазым деп, шексіз құрметтеп өткен екен. Әрине, бұрын­ғы қазақ даласындағы ағар­ту­шылық қызмет балаға жазу-сызу, оқуды үйретумен шектелсе, бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғы­лым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңіс­тігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбие­лейді. Бұл – нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді.

Ал ХХІ ғасырдың нағыз ұстазы қандай болмақ керек? Әрине, ол өз кәсібінің білгірі, рухани күш-жігері мықты, парасат-қуаты биік болуы тиіс.

«Ұстаз» сөзінің екі түрлі сипаты бар. Бірі – белгілі пәннен сабақ беретін оқытушы да, екіншісі – жоғары беделді адамдарға ықпал етуші дана адам. Мектептегі ұстаз – баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Оның бойындағы білім мен ақыл, ойының қуаты талай «тентекті» жуасытып, небір еркені сабасына түсіреді, тәртіпке баулып, есейтіп, ержеткізеді. Сондықтан әрбір шәкірт өзіне үлгі-өнеге болған сүйікті мұға­лімін ұстазым деп атайды. Даныш­пан Абайдың: «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйре­туден балаға», – деген өлең жолдары осындайда ойға оралады.

Ұстаздық жолда тегеурінді талпыныс жасап жүрген һәм тәжірибелі мұғалімдер біздің арамызда да аз емес. Солардың қатарында Б.Құсманова, Г.Қа­дырханова, М.Оспанова, Н.Елеу­сізова, т.б. бар.

Қазіргі жас буын – еліміздің келер күнгі келбеті. Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру», - деген тұжырым жасады. Ол үшін бүгінгі оқу үдерісіне сай педагогикалық шеберлік қажет. «Педагогтік шеберлік – дарынды талант емес, үйрену, ізденудің нә­ти­жесі. Мұғалім шеберлігі жайлы жа­зылған дайын қағида жоқ, болуы да мүмкін емес. Барлығы да өзімізге бай­ланысты» деген екен бір дана кезінде.

Ұстаз өзін өзі қай уақытта таниды? Ол алдындағы шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәтінен таниды. Енде­ше, бүгінгі білім мен білік бәсе­келес заманда ұландардың биік­тен көрінуіне күнделікті істегі жаңа­шылдық, жан-жақты берген тәрбие арқылы қол жеткізуге болады. Оны мүлтіксіз атқаратын – тек өз ісіне шын берілген киелі мамандық иелері ғана.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ,

Бесқарағай мектебі директорының

оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Павлодар облысы,

Лебяжі ауданы.

Талапқа сай талпыныс

Тәуелсіз мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Өз Отанының патриоты болу дегеніміз – Қазақстанды жан жү­ре­гіңмен сүйе білу», деген еді. Шынында, Отан деген ұлы ұғымды ардақтап, егемен елдің ертеңіне ие болатын жастарға білім беріп, тәрбие үйрету мұға­лімдер қауымына жүктелген. Әрине, балаға сабақ беретін мұғалім аз емес. Бірақ солардың ішінен ерекше көзге түскендерін жұрт ұстаз деп ардақтайды. Бұл ақиқат баға. Біздің ұжымда да сондай ұстазымыз болған. Ол 22 жыл бойы білім ордамызды басқарған Жақып Баймұқанов болатын. Ол кісі осы жылдың басында өмірден озды. Сол ұстазымыздың үлгісін жалғап, абзал ісін ілгері дамытудамыз.

Мектебімізде өткен жылы 546 оқушы оқыса, биыл оның саны 621-ге көбейді. Талапкерлер білім ұясындағы оқуымен қатар, халықаралық олимпиадаларға да атсалысып келеді. Мысалы, «Ақбота» интеллектуалдық са­йысында – 13, ал «Русский мед­веженок» сайысында – 2, «Британский бульдог» сайысынан – 1, «Кенгуру» математика сайысынан – 6 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Аудандық пән олимпиадаларына 23 үміткер қатысып, 14-і озаттар қатарынан табылды. Оқушыларға 52 мұғалім білім береді. Олардың 11-і жоғары санатты болса, 19-ы бірінші, 13-і екінші санатты ұстаздар қатарында. Өздерінің білім білігімен танылған мұғалімдерді айтар болсам А.Кикаева, Б.Сү­­лейменова, Ж.Сағалова, Б.Қу­ан­­дықова, Г.Гильманова, Ш.Жек­­сенова, тағы басқалар бар. Біз­дің ауылдың ата-анала­ры мек­тебіміздің барлық жұ­мыс­та­рына атсалысып, ұл-қыз­да­ры­ның білімі мен тәрбиесіне ерекше көңіл аударып отырады. Біз осындай заман талабына сай талпыныс жасаудың нәти­­­жесінде ұлдарымызды ұлағатты, қыздарымызды ізетті етіп өсіріп, білім беру үрдісін жалғастыруды мақсат етудеміз. Мұғалім өнегелі болса, оқушы білімнен кем, тәр­биеден кеш қалмайды. Мұны әр­қайсымыз жанымызға бойтұ­мар­дай түюге міндеттіміз.

Гүләйім БАЛҚЫБЕКОВА,

№14 мектептің директоры.

Алматы облысы,

Іле ауданы,

Қосөзен ауылы.

Жүзден – жүйрік

Арғы ғасырдағы ұлы баба­ларының ұлылығын кешегі ХХ ғасырда жаңғыртып, қазақ тобыр да, обыр да емес қалыбын бұзбаған халық, таны, біл деп соны батырлығымен, батылдығымен танытқан Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді, болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген екен. Мұғалімдер күні елорда төріндегі «Шабыт» шығар­ма­шылық сарайында ерекше аталып өтті. Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов сөз алып, «Ұстаз балаларға ең бастысы және ең қымбат байлық – білім береді. Елімізді өркениетке бастар жолдың бастауы – мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім», деп ұрпақ тәр­биесіндегі ұстаз еңбегін ерекше атап өтті. Ол сонымен қатар, Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсетілген нақты тапсырмаларға тоқталып, Отанымыздағы жалпы білім беретін 7402 мектептің 78 пайызы (5776) ауылда, 21 пайызы (1626) қалада екенін алға тартты. Келешекте жұмыс жоспарлы да, жүйелі жүретінін, жас ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеу жолында білімнің орны ерекше болатынын, бұл үшін мұғалімдер білімді де, білікті, шығармашылықпен іс атқаруы тиіс екенін еске салды.

«Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім. Еліміздің азғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдікі», деп ұлы Мағжан айтпақшы, сол қадірлі орынның иелеріне көрсетілген құрмет те бұл жолы ерекше болды. Соңғы екі жылдан бері «Үздік ұстаз» республикалық конкурсы өткізіліп келе жатқаны белгілі. Биыл да бұл жарысқа еліміз бойынша 5532 мұғалім мен тәрбиеші қатысыпты. Солардың арасынан 48-і жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар деп танылыпты. Үздіктердің әрқайсысына министр 100 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі, яғни 1 млн. 731 мың теңге сый­ақы­ны тапсырды. Олардың қата­рында: М.Әбдіқадырова (Жамбыл облысы), И.Ибатуллин (Алматы), Н.Даумов (Атырау), А.Байшағырова (Астана), Г.Тасқарина (Орал), А.Жанұл (Жезқазған), т.б. бар.

Бұл күні бүкіл саналы өмірін бала тәрбиесіне арнаған ардагерлерге де құрмет көрсетілді.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан».

АСТАНА.

Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.

Зәмзәгүл

Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасында білім қызметкерлерінің алдына жас ұрпаққа білім берудің жаңа міндеттерін белгілеп берді. Соның ішінде оқушыларға математика, физика, химия пәндерін терең оқытуды тапсырды. Өйткені, бұл пәндерді жан-жақты игермейінше заман талап етіп отырған жаңа технологияларды білу мүмкін емес екені белгілі бола бастады. Соған байланысты шалғай ауданның балалары да бұл пәндерге ден қойды. Оларға осы сабақтар бойынша сапалы білім беріп жүрген ұстаздар жеткілікті.

Солардың қатарында Қазталов мектебінің математика пәнінің мұғалімі Зәмзәгүл Меңдіханова­ны да атауға болады. 2005 жыл­дан бері Зәмзәгүл оқушыларға математикадан тиянақты білім беріп келеді.

Зәмзәгүл Орал қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы дарынды балалар оқитын мектепте білім алған. Бұл мектептің тарихына көз жіберсек, халқымыздың кейбір айтулы ұл-қыздары осы мектептің түлектері екен.

Зәмзәгүл де олардың жолын жалғап үздік оқыған. Әсіресе, математикаға жүйрік болған. Зәмзәгүлдің болашақта математик болып қалыптасуына ұстазы Серік Қазихановтың көп еңбегі сіңген.

Мектеп бітіргеннен кейін Зәмзәгүл М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік уни­верситетінің математика бөліміне оқуға түсіп, оны ойда­ғыдай бітіріп шықты. Оқу бітіргеннен кейін Қазталов ауылының Ерлан есімді азаматымен көңіл қосып, шөлейтті ауданға келін болып түсті. Ізетті келін атанған Зәмзәгүл мектепте де, оқушылар арасында да құрметке бөленді. Ал құрмет еңбекпен келетіні белгілі.

Зәмзәгүл оқытқан оқушылар математиканы жақсы меңгеріп, оның ізін басып жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Зәмзәгүлдің сондай шәкірттері Нұрхат Шамұратов, Нұрболат Сисенов, Рауан Талаповтар.

– Математика дәлдікті қажет етеді. Сондықтан оқушыларға сабақ бергенде қорытындысы дәлдікпен өлшенеді. Оқушыларға математиканы оқытқанда саба­ғымды өмірмен байланыстырып, алдыңғы толқынның тәжі­ри­бесін қолданып, көрнекі оқу – құралдарын үнемі пайдаланып отырамын, – дейді ол.

Қазіргі күнде жас ұстаз 10 – 11-інші сыныптарға сабақ беруде. Жоғары сыныптарға сабақ беру оңай емес. Білген ұстаздарға ауыр жүк арқалататыны белгілі. Оқушылар күні ертең мемлекеттік сынақ тапсырады. Мұғалім еңбегі осы жерде көрінеді. Мұны сергек сезіне білген Зәмзәгүл сабақтан тыс уақытта да оқушыларына математикадан қосымша дәріс беруді естен шығарған емес.

Міне, осылай Зәмзәгүл шал­ғайдағы ауылда ертеңгі ел иесіне, жер иесіне білім беріп тәрбие үйретіп жүр.

Гүлфия КӨШБАЕВА.

Батыс Қазақстан облысы,

Қазталов ауданы.

Еңбек нәтижесі елеулі

Өскемен қаласындағы №1 орта мектептің физика пәнінің мұғалімі, жоғары санатты ұстаз Гүлбаршын Беркінбаева оқушыларды бүгінгі заман талабына сай терең біліммен сусындатып жүрген ұлағатты ұстаз. Ол М.Жанпейісованың «Модульдік оқыту технологиясын» тиімді пайда­­­лана отырып оқушылардың ойлау, шығарма­шы­лық қабілетін дамыту, оқушы танымы мен пәнге қызығушылығын арттыруда көптеген жетіс­тіктерге жету үстінде. «Зерделі ұстаздың шәкірті зерек» дегендей, 2011-2012 оқу жылы қалалық ғылыми жобалар және «Зерде» сайысына 13 оқу­шы даярлап, оның жетеуі 1-3 орындарға ие болды.

Гүлбаршын мектеп түлектерін ҰБТ-ға даярлау­да жоғары нәтижеге жетіп келеді. Әр жыл сайын физика пәні бойынша орта көрсеткіші 20 балға жетуде. Соның нәтижесінде «Жыл мұғалімі-2009» сайысында «Шығармашыл ұстаз» деп танылды.

Талмай ізденіс пен шығармашылық жолында еңбек етіп жатқан Гүлбаршын Саханқызы пәнді ғылыми жағынан негіздеуге көңіл аударады, ізденіс, зерттеу жұмыстарын жүргізумен қатар интерактивті тақта мүмкіндігін тиімді пайдалана біледі. 10-сыныптарға «Электр тогы» тарауына арнап жасаған электрондық оқулығын жарыққа шығарды. Қалалық шығармашыл ұстаздардың «Электрондық портфолио» сайысында жүлделі 2-орын иеленуі осындай нәтижелі еңбектің жемісі.

Осы ретте өзі қызмет ететін мектептің бар­лық материалдық-техникалық базасын толық қамтамасыз етіп, оқытушы мен оқу­шы­ға үл­кен жағдай жасап отырған мектеп ди­рек­то­ры Райхан Исанова мен оқу-тәрбие жұ­мыс­та­ры­ның әдіскерлерінің кеңестеріне дән риза.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Шығыс Қазақстан облысы.

Мереке мерейімді өсірді

Мен көрікті Көкшетау өңірінің қызы­мын. Мектепті бітіргеннен кейін Қызыл­­­жар қаласы М.Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан университетінің химия және биология факультетіне оқуға түс­кен едім. Оны аяқтаған соң Қызылжар ауда­нындағы «Парасат» лицей-мектебіне мұға­лімдік жұмысқа баруға бел байладым. Ондағы мақсатым – қазақтың алтын діңгегі саналатын ауылдағы ұл мен қызға білім беру болатын. Шынында, қазақтың байтақ даласын бос қалдырып, қалаға топтаса беру ісіне мен көп жағдайда келісе бермейтінім бар. Себебі, ішер ас, киер киім – бәрі де ауылдан. Ендеше, сол ауылды көркейту біз секілді жастардың қолында екені анық.

Елде қызмет еткен 10 жылға таяу уа­қыт ішінде жүздеген шәкіртке білім үйреттім. Тағылым бере алсаң талпынбайтын бала жоқ. Оқытумен ғана шектеліп қоймай, оларды аудан, облыс, республика көлеміндегі жарыстарға қатыстырып жүрмін. Үмітім ақталып, жүлдегер деп танылған оқушылар баршылық. Соңғы жылдары сабақ берудегі тәжірибемді елге таныту мақсатында да біраз жұмыстар атқардым. Түрлі конкурстарда бағымды сынап көрдім. Биыл 6 мыңға таяу жарысқа қатысқан педагогтардың арасынан үздік­тер қатарынан көріндім. Бұл мереке қар­саңында мерейімді өсірді. Білім мен білік жарысы адамды шыңдайды, ұмтыл­дырады екен. Өзім секілді үздік­тер­мен бірге елордаға келіп, 2 мил­лионға таяу теңге алып, миллионер болу мен үшін ғана емес, облыс, аудан, ұжы­мы­ма да зор жетістік болды деп ойлаймын.

Бақыт АЛДАБЕРГЕНОВА.

Солтүстік Қазақстан облысы.

Ел мұғалімдері есеп шығаруда

Осыдан екі жыл бұрын еліміздің математика пәні мұғалімдерінің бірінші съезінде Қазақстан математиктерінің ассоциациясын құру туралы шешім қабылданған-ды. Биыл осы құрылым 26-28 қыркүйек аралығында РМФМОМИ базасында математика мұғалім­дерінің алғашқы шығармашылық конкурсын өткізді.

Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 60-тан астам мұғалім қатысты. Жас ерек­шеліктері мен тәжірибелері әртүрлі бұл мұғалімдерді математикаға деген шексіз махаббат, есеп шығаруға деген ынтызарлық пен жеңіске қол жеткізуге деген ұмтылыстары тоғыстырды десек қателеспейміз.

Байқау форматы ерекше әрі қарапайым болды. Ашық сабақтар да, мұғалім портфолиясы да қажет емес. Қатысушыларға тапсырманың екі блогы ұсынылды.

Ассоциацияның атқарушы директоры, РМФМОМИ директоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты Қайрош Мақышев байқауға дайындық сәуір айынан бастап жүргізіліп, оған Мәскеу үздіксіз математикалық білім беру орталығының өкілі, физика-математика ғылымдарының кандидаты А.Блинков әдістемелік көмек көрсеткенін айтады. Сол сияқты, қазылар алқасы қатарына Болгария математика инс­ти­тутының профессоры С.Гроздев және ЖОО үздік математик-ғалымдары, РҺD докторлары, халықаралық математика олим­пиадаларының қатысушылары, жас ға­­лымдар тартылған. Қазылар алқасына ҚР ҰҒА ака­де­мигі А.Жұмаділдаев төраға­лық етті.

Байқауға Қазақстанның барлық типтегі мектептерінің мұғалімдері қатысты. Олардың ішінде физика-математика ғылымдарының кандидаттары да, аспирант-мұғалімдер де, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мен Новосібір университетінің мехмат факультетінің және Қытай ұлттық университетінің түлектері де болды.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.