Медицина • 09 Маусым, 2020

Екпе аурудың алдын алады

402 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Медицина адамды, ветеринария адамзатты емдейді» деген нақыл бар. Біз Солтүстік Қазақстандағы ветеринарлық ахуалдың қандай екенін білмек болып облыстық ветеринарлық басқарманың бастығы Берік Әлжановпен әңгімелескен едік.

Екпе аурудың алдын алады

Оның айтуынша, қолдағы мал ауру болса, оның дерті адам­дарға жұқпай қоймайды. Сон­дықтан қолдағы барлық жан­уарлардың денсаулығын тексеріп, емдетіп, ауруларға қарсы ем-дом қолданудың ар­ты­ғы жоқ. Әсіресе солтүстік өңір сияқты малды көп өсіретін аграрлы елдің халқы малдан жұғатын дерттерге көп ұшырайды. Тіпті дерт малдан ғана емес, ит пен мысықтан, құстан да жұғуы мүмкін.

Ветеринарлық шаралар дегеніміз – адамдар мен малдың денсаулығын сақтау үшін жасалатын шаралар кешені. Оны біз көктемдік және күздік деп екі кезеңге бөліп жасаймыз. Көктемдік шаралар наурыз бен маусым аралығында, ал күздік шаралар қыркүйектен қараша айына дейін жасалады. Осы шаралардың барысында малға екпе егумен қатар туберкулез, бруцеллез және лейкоз сияқты дерттердің бар-жоғын анықтау үшін қан аламыз, деді маман.

Бұл үшін эпизоотикалық мониторинг деректерінің не­гізінде ветеринарлық шара­лар­дың жоспары жасалады. Оның барысында малдың саны, препараттардың қолданылуы сияқты толып жатқан деректерге мән беріледі. Тексеріс мал­дың кімнің меншігінде еке­ні­не қарамай жаппай жасалады.

Солтүстік Қазақстан облысында осы жұмыстарды атқа­ра­тын мал дәрігерлерінің саны – 292 адам. Биыл ветеринарлық шаралар қыстың жылымық болуына байланысты ақпан айынан басталды. Соның ішінде су басуы мүмкін аймақтарға ал­дымен жүргізілген. Егер мал­дың ауру екені анықталса, ондай малды 15 күннің ішінде жою міндеттеледі.

– Бүгінгі таңда 2020 жылға белгіленген жоспардағы жұ­мыс­тардың 95 пайызы орындалды. Тексеріс барысында облыс бойынша 312 қара мал­дан, 1 қойдан бруцеллез, 3 сиырдан туберкулез анық­тал­ды. Дегенмен, биыл осындай дерттер былтырғымен салыс­тыр­ғанда азайды. Бұл вакцинаны уақытында салып, ем-дом жұмыстарының дер кезінде жүргізілгенінің нәтижесі, – деді Берік Әлжанов.

Қазір облыс бойынша вете­ри­нарлық шараларды өт­кі­зуге қолбайлау болатын еш­қан­дай кедергі жоқ. Диаг­нос­тикалық орталықтар қа­лып­ты жұ­мыс істеуде, ветери­нар­­лық пре­па­рат­тардың тап­шы­­лығы ең­серілген. Бірақ кей­бі­рінің сапасы төмен болып келе­тіні рас. Сонымен бірге пре­параттарды сақтайтын орындар қажетті құралдармен қамта­масыз етіл­ген.

Пан­демияның лаңы вете­ри­нарлық жұмыстарды жүр­гізуге де кедергі болған. Мал дә­рі­герлерінің жүріс-тұры­сы­на шектеу қойылған. Кейбір мал иелері де коронавирус­ты сылтауратып мамандарды қо­ра­ларына кіргізбеуге тырыс­ты. Олардың бәріне жергілікті әкім­дік қызметкерлерімен бір­лесе отырып, түсіндіру жұ­мыстары жүргізілді. Ал вете­ринарлық қызметкерлер қа­жет­ті қауіпсіздік шараларын сақтап, өздерімен бірге мін­дет­ті түрде бетперде, антисеп­тик, қолғап, арнаулы киім алып жүр­ді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы