Қаладағы Бауыржан Момышұлы көшесінің бойында орналасқан сауда орындарына рейд жүргізіліп, зерделеу жұмыстарының нәтижесінде көптеген жағдайда карантин талаптары сақталмаған болып шықты. Карантин талаптарын сақтамаған азаматтарға қалалық әкімдік тарапынан хаттама толтырылып, заң аясында шара қолданылды.
Сол сияқты «Мыңбұлақ», «Диана», «Айрылмас», «Зарина» және «Гаухар» сауда орталықтарына да рейд жасалып, мұнда да карантин талаптарын сақтамаған азаматтар әшкереленді. Яғни сауда жасауда негізгі талаптар сақталмаған.
Қазір өңірдегі блок-бекеттер алынып, бірқатар сауда нүктелеріне жұмыс істеуге рұқсат берілді. Облыстағы ең үлкен сауда нысаны болып саналатын Тараз қаласындағы «Ауыл – Береке» базарындағы жеміс-көкөністердің, құрылыс материалдары мен ауылшаруашылық өнімдерінің көтерме сауда секторы да жұмыс істеп тұр. Дегенмен рұқсат берілген сауда нүктелерінде де карантин талаптары, жалпы қауіпсіздік талаптары толық сақталмай отыр.
Жуырда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аталған базар аумағында болып, бірқатар маңызды мәселелерге тоқталған болатын. Осы уақытқа дейін әкім базар аумағын ретке келтіруді, сауда орындарын жақсартуды, ыңғайлы жағдай жасау мәселелеріне назар аударуды тапсырғанымен, бүгінге дейін бұл нұсқаулар толығымен орындалмаған. Б.Сапарбаев базарда жайлы сауда павильондарының жоқтығын, тіпті кейбір сатушылардың жерде сауда жасап отырғанын, оған қоса көлік құралдарының базардағы ретсіз қозғалысы өрт қаупін тудыратынын айтып, базар жұмысын сынға алған еді. «Санитарлық-эпидемиялық талаптардың сақталуы да ойдағыдай емес. Сатушылар да, сатып алушылар да бетперде кимейді. Адамдар арасындағы әлеуметтік арақашықтық сақталмайтынын көріп отырмыз. Нарық қызметкерлері азық-түліктік емес сектордағы жұмысты қайта бастауды сұрауда. Алайда базар әкімшілігі қажетті санитарлық талаптарды сақтамай отыр. Тиісті шара қабылдаңыздар, содан кейін ғана базарды толық ашу туралы айтуға болады», деген Б.Сапарбаев базар басшылығына біраз ескерту жасады.
Бұл тек «Ауыл – Береке» базарына ғана қатысты сын емес. Бұдан бөлек, Тараз қаласында «Орталық» және «Атакент» сынды базарлардың көпшілігінде міндетті санитарлық, карантиндік және өртке қарсы талаптар орындалмаған. Өрт бола қалған жағдайда оқиға орнына өртке қарсы қызмет техникасының жетуі де басты мәселе. Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков базарлардың бірде-бірі арнайы бекітілген талаптарға сәйкес келмейтінін айтады. «Адамдар маскасыз жүр. Санитарлық тазалағыштар жоқ. Арақашықтық сақталмайды», дейді ол.
Базар халық көп шоғырланатын орын болғандықтан, мұнда қауіпсіздік шараларының қатаң сақталуы маңызды. Бүгінде өңірде блок-бекеттердің алынғаны, кейбір нысандардың жұмысын бастауына рұқсат берілгені індеттің толығымен жойылғанын білдірмейді. Сондықтан да жергілікті халықтың қауіпсіздігі үшін карантин талаптарының әсіресе базарларда толығымен сақталуы маңызды мәселе болып тұр.
Жамбыл облысы