Қоғам • 09 Маусым, 2020

Масылдың жүгі мың батпан

296 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жұмыр жердің бетін жаман тұмау жайлағалы қарапайым күнкөрістің өзі келелі мәселеге айналып кеткен түрі бар. Әйткенмен, түбі жарға жығатын жайбарақаттықтан әлі арыла алмай отырмыз. Көкшетау қалалық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде 540 адам тіркелген. Есесіне 1303 бос жұмыс орны бар. Құрылыс және жол жөндеу ұйымдары жұмыс істейтін адам таба алмай шарқ ұруда.

Масылдың жүгі мың батпан

Орталық басшысы Уақыт Бей­сем­баевтың айтуына қара­ған­да, бүгінгі таңда жұмыс орны дегеніңіз жетіп артылады. Жо­ға­ры, орта білімдіге де, тіпті маман­дығы жоқтарға да тәп-тәуір табыс табатын мүмкіндік туып отыр. Дәл қазір күніне 300 адамды жұмысқа орналастыруға болады. Бұл орайда, Мемлекет тара­пынан зор қам­қор­лық көр­се­тілуде. Бір ғана «Ең­бек» бағ­дар­ламасының шарапаты ше? Одан өзге де ел қамын ойлап, жұрт жағ­дайын жақсартуға бағыт­тал­ған бағдарламалар мен жаңа жобалар жұмыс істеймін деген адамның алдынан кең жол ашып отыр. Қандай жұмысты қалай­сың, қалауың білсін. Бірақ соның өзінде ұмтылып тұрған адам аз. Жоғары білімі бар адамдар нақ өз мамандығы бойынша жұмыс табыл­мағанның өзінде кәсіби сала­сы­на жақын жұмысқа орналаса алады. Тек әттегенайы, қарап отыр­ғаннан қарын тоймайтындығын қа­пер­ге ілмеу басым.

Орталық мамандары жұмыс іс­т­ейтін адам іздеп күні-түні шарқ ұрып жүр. Орталық базарға шатыр тігіп, сол жерге мамандарын орна­ластырып, бос жұмыс орында­рын жарнамалайды. Арнайы көлікпен қала шетіндегі шағын аудандарды, Краснояр, Нұрлыкөш ауылдарын әлденеше мәрте сүзіп шыққан. Жергілікті теледидарда жүгіртпе жол тоқтаусыз жүріп жатыр. Адам аяғы көп жүретін орталық көше­лерге баннерлер ілінген. Жер­гілікті баспасөз бетінде құ­лақ­қағыс айтылып, хабарлама жа­са­лып отырады. Сонда да жанын жалдап жұмыс істеймін деген адам жоқ.

– Көпке топырақ шашқандық емес, ақиқатын айтқанда, жал­қау­лық­тың, еріншектіктің кесірінен осындай көрініс қалыптасып отыр, – дейді орталық директо­ры Уақыт Бекайдарұлы, – «Жұ­мыс­­пен қамтудың жол карта­сы» бағдарламасы аясында 11 мыңнан астам адамды жұ­мыс­пен қамту жоспарланып отыр. Қаржы да бөлінген. Бір ғана облыс орталығында 33 жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жо­ба­лар жаңадан 2,5 мыңнан астам жұмыс орнының ашыл­уы­на мүмкіндік береді. Бірақ өкі­нішке қарай, осы күні жұ­мыс­сыз жүрген адамдардың өзімді-өзім асырайыншы, отбасым тарықпасыншы дейтұғын ниетін көре алмай отырмыз. Ха­лық­ты жұмысқа тарту ісі тепсе темір үзетін жастармен ғана емес, егде адамдармен де жүргізілуде. Ондағы ой ата-аналары естіп, үйде жұмыс жоқ деп сылтаура­тып бос отырған балаларын жұ­мысқа орналастырса екен деген­дік.

Бірақ сол еңбектің бәрі зая кеткен тәрізді. Бос жұмыс орындары бар екенін естіп-біліп, орта­лық­қа келіп жатқан адам аз. Кей-кейде жұ­мыс таба алмай отырмыз деген әң­гі­мені де құлақ шалады. Бірақ шын мәнінде мәселенің мәнісі басқа.

– Бұл ең алдымен қазіргі жас толқынның тәрбиесіндегі кем­шілік, – дейді Көкшетау қала­лық ардагерлер кеңесінің төра­ғасы Шияп Әлиев, – ата-аналар ба­уыр еті балаларының басынан құс ұшырғылары кел­мей­ді. Желге, күнге тигізбей әлпештеп бақпақ. Сөйтіп, тұтас бір ұрпақты ақсаусақ қылып тәрбиелеп жатырмыз. Бұрын қала балаларына қарағанда ауыл балалары қара жұмысқа пісіп-жетілген, шыныққан, шымыр, ықыласты, ынталы болушы еді. Қазір қаланың да, даланың да баласы саусағын қимылдатқысы келмейді. Ең алдымен білім оша­ғында еңбекке тәрбиелеу мәсе­лесін ширату керек. Баланы қойып, ата-аналардың өздерін тәрбие­леу керек болып тұр-ау.

Орталық басшысының уәжіне қарағанда, арагідік екі қолға бір күрек таба алмай жұмыс іздеп келгендер жалақысы аз деп бұ­ры­ла қоймайды екен. Бірақ бұл жерде мынаны ескеру керек, ең тө­менгі жалақы 85 мың теңге көлемінде. Жұмыс іздеген адам жұмысқа орналасқаннан кейін өзінің атқарған шаруасының көлеміне орай тәп-тәуір табыс табатыны белгілі. Қазір құрылыс, күрделі жөндеу, жол салумен айналысатын ұжымдарға қол күші өте қажет болып тұр.

Уақыт Бекайдарұлының ай­ту­ы­­на қарағанда, уақытша жұ­мыс­қа ғана емес, тұрақты жұмыс іс­тей­тін де адам табылмай отыр. Егер жақсы жұмыс істесе, айына 300 мың теңгеге дейін табыс табуға мүмкіндік бар. Жол құ­ры­лысымен а­йналысатын мекемелер жұмысшы табылса, күніне жеті мың теңгеден қолма-қол ақы төлеуге дайын. Қоғамдық жұмыспен айналысу үшін еш­қан­дай дипломның, білімнің қажеті жоқ. Бұрын 200 адамды еңбекпен қамту қарастырылса, коро­навирус карантині кезінде тағы да 200 орын қосылып отыр. Халық тарығып қалмасын деген қам­қорлық қой.

Дәмханалар мен мейрамха­на­лар аспаз бен даяшы таба алмай күндіз қолдарына шырақ алып іздеп жүр. Бұл арада да орталық көмекке келуге дайын. Ынтасы бар жастарды 15-20-дан топтап арнайы курстар ашуға болады. Әйтсе де, біздің жұмыс істегіміз келеді деп ұм­ты­лып тұрғандар көрінбейді. Енді кімге өкпе айтарсың. Мә­селен, тігінші және қоғамдық та­мақтану орнына мамандар даярлау үшін қысқамерзімді кәсі­би оқытуды ұйымдастыру қарас­тырылған. Бұл – Нәтижелі жұ­мыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мем­лекеттік бағдарламасының шара­паты. Оқытады әрі оқыған уақы­тыңа стипендия төлейді. Былайша айтқанда, екі жеп биге шығасың.

– Бұдан артық не қажет екен­ді­гін түсіне алмай отырмыз, – дейді Уақыт Бекайдарұлы, – шын мә­нінде барлық жағдай жасалып отыр емес пе?

«Жұмыспен қамтудың жол кар­тасы» бағдарламасы аясында жалпы көлемі 104 млрд теңге болатын бірнеше жоба жүзеге асы­рылмақ. Осы жобаларды жүзеге асыру барысында 1300 адам жұмыспен қамтылуы тиісті болса, әзірге бар болғаны 26 адам ғана жұмысқа орналасқан.

Он екі мүшесі сау адамдар еңбек дегенде бетін басып, айна­ла қашып жүргенде, ор­та­лық­қа мүмкіндігі шектеулі адамдар жұ­мыс істеймін деп жиі ке­леді. 2019 жылы Нәтижелі жұ­мыс­пен қамтуды және жаппай кә­сіп­­кер­лікті дамытудың 2017-2021 жыл­дар­ға арналған «Еңбек» мем­ле­кет­тік бағдарламасы шең­бе­рін­­де жұмыс істемек болған 136 өтініш түсті. Олардың 57-сі тұ­рақты жұмыс орнына орна­лас­­­тырылған, 23 мүмкіндігі шек­­теулі адам квота бойынша қо­ғам­­дық жұмысқа жіберілген, төр­теуі шағын несиеге ие бо­лып­­­ты, 15-і «Бастау Бизнес» кә­сіп­­­кер­лік негіздерін оқыту жо­­ба­сы бойынша білім алған. Ол­ар­дың бірі – ІІ топтағы мү­ге­дек Ахат Самигуллин. Қазір са­ғат жөндеумен айналысады. Қай­та­рымсыз грант алған. Қо­лы­на тиген қаржыға қажетті құ­рал-сай­­ман­дарын сатып алып, ісін бас­тап ке­тіпті.

– Олар ең алдымен өздерінің бизнес-жобаларын ұсынады. Ке­йін құжаттар түгенделген соң ко­мис­сия­да қаралады. Комиссия ма­құл­даса, грантқа қол жеткізеді. Біз бір жыл жұмысын қадағалаймыз, қа­жет кезінде көмек көрсетеміз, – дейді орталық маманы Нарқыз Сәдуа­қа­со­ва.

Масылдықтың жүгі ауыр екені белгілі. Сол жүкті бүгінгі таңда қоғам мен мемлекет көтеріп тұр.

 

Ақмола облысы