Оқиға • 09 Маусым, 2020

Мәдениеттің мерейі мақсатты жобалар арқылы өседі

335 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бағытында өткен 2019 жылды жемісті болды деп айтуға толық негіз бар. Тарқатып айтар болсақ, аталған бағдарлама аясында 33 жоба жүзеге асырылды. «Қазақстанның рухани киелі жерлері», «Қазақстанның сакралдық географиясы» арнайы жобасы аясында сегіз жобаның жұлдызы жанды. Атап айтқанда, өңірдегі 15 тарихи және мәдени ескерткішке реставрациялық зерттеу бойынша жұмыстар жүргізілді.

Мәдениеттің мерейі мақсатты жобалар арқылы өседі

Бұлардың қатарында Ақтоғай ауда­нын­дағы Балбырауын кесенесі, Бөрік­тас қыстауы, Қарқаралы ауданында орналасқан Садырбек қажы мазары, Шет ауданындағы Данияр кесенесі, Нұра ауданындағы Әбділда кесенесі, Ұлы­тау ауданында орын тепкен Жансейіт, Төрт­қара, Сауқым кесенелері, Жаңаарқа ауда­нындағы Қарғаш кесенесі бар. Сондай-ақ Шет ауданындағы Қаражартас қорымы маңында қазылған құрылыстарға, Талды архео­логиялық кешеніндегі қола, ерте темір, түркі дәуірінің қорғандары, қорым­дары, қоршауларына жататын төрт ескерт­кішті қайта қалпына келтіру жұмыс­тары қолға алынған. Бұдан бөлек, өңірдегі 17 тари­хи және мәдени ескерткішке архео­логиялық қазба жұмыстары жүргізіл­ді.

Қазіргі таңда Шет ауданындағы Талды археологиялық кешені зор қызығушылық тудырып отыр. Бүгінде бұл көнеден қалған құнды ескерткіштерге археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар толық аяқталғаннан кейін, Талды тарихи-археологиялық паркі ашылып, оның аумағындағы тас, қо­ла, ерте темір және түркі дәуірлерінің ескерт­кіштерін археологиялық тұрғыда зерттеу жоспарланған. Айта кету керек, бы­л­тыр қолға алынған бұл жобаны іс­ке асыру мақсатына жеткілікті мөл­шер­де қаржы қарастырылып, зерттеу жұмыс­тарына 50-ге жуық маман тартылды. «Аталған жоба ішкі туризмді дамытуға және аймақ­тың тарихи-мәдени мұрасына қызы­ғу­шылықты арттыруға зор үлесін қосады деген сенімдеміз», дейді Қарағанды облыс­тық мәдениет, мұрағаттар және құжат­тама басқармасының басшысы Ерке­бұлан Жұмакенов.

Биыл Ұлық Ұлыс – Алтын орданың 750 жылдығы. Осы атаулы датаны мерекелеу қарсаңында 2019 жылдың 23-25 қазанында «Сарыарқа және Алтын Орда: уақыт пен кеңістік» тақырыбында халықаралық ғылы­ми конференция өткізілді. Алқалы жиын жұмысына Германия, Жапония, Түркия, Ресей, Украина және Қырғызстан тарихшылары мен археологтары, сонымен қатар еліміздің белгілі мемлекет және қоғам қай­рат­керлері, зияткер-ғалымдар қауымы, тарихшылар, археологтар, гене­тик­тер, музей қызмет­керлері мен өлке­­танушылар қатысты.

Өткен жылғы өрелі істер биыл да жал­ғасын тауып отыр. Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сай таяуда Ұлытау ауданындағы Жошы хан кесенесінің іргесінде ірі тарихи-мәдени кешеннің құрылысы басталды. Ауқымды жобаға республикалық бюджеттен қомақты қар­жы бөлінген және жекелеген кәсіпкер­лер де бұл игі іске өз үлестерін қосуға ниет та­нытты.

Тарихи-мәдени кешеннің құрамына Жошы ханның ұрпақтарына, Ұлық Ұлыс­қа, Алтын Ордаға, Қазақ хандығына арналған экспозициялық зал, шағын асхана және қонақүй кіреді. Бұдан бөлек, алдағы уақытта Алаша хан, Жошы хан мазар­ларына реставрация жұмыстарын жүргізу қолға алынбақшы. Әйгілі кесенелерге апаратын сапалы жол салу да жос­парда бар екен.

Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өту бағдарламасы аясында ұйымдастырылмақшы іс-шаралардың қатарында Ұлық Ұлыстың жәдігерлерін қайта жаңғырту және оларды насихаттау жобалары да бар. Туристерге арналған кешен құрылысы аяқталған соң, кесене іргесіндегі Орда Базар қалашығы зерттеліп, өңірдің археологиялық картасы әзірленбекші. Бұдан бөлек, археологиялық, этнографиялық және антропологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Тарихи-мәдени кешен құрылысы биыл күзде аяқталады деп жоспарланған.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында және «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасында айтылған басым­дықтарды іске асыру мақсатында Орталық Қазақ­станның ежелгі дәуір ескерткіштері туралы «Сарыарқа қазынасы» атты 12 серия­лық деректі фильм түсірілді. Атал­ған туынды білім беру мекемелеріне тарихи-өлкетану пәндері үшін қосымша әдіс­темелік құрал ретінде беріледі. Сондай-ақ облыстық телеарна арқылы көпшілік назарына ұсынып, кең аудиторияны қамту жоспарланған.

Бұған қоса, өткен жылы Қарқаралы, Теміртау, Шахтинск, Саран, Балқаш қала­ла­рын­да орналасқан 36 тарихи-мәдени ны­санға QR коды бар тақтайшалар орнатылды.

Тағы бір ауыз толтырып айтар шаруа: Қарағанды облысының 36 тарихи-мәдени нысаны үшін цифрлы 3D модель және геоақпараттық картографиялау әзірленді. Виртуалды карта, «Сарыарқаның қасиетті орындары» атты үш тілде ғылыми-таным­дық жинақ құрастырылды.

«Дала фольклоры мен музыкасына мың жыл» арнайы жобасы аясында 2019 жылы «Жезкиік» халықаралық музыка фестивалі және «Ұлы Даланың ежелгі сарыны: фольклор және әуен» халық­аралық өнер байқауы жоғары дең­гейде ұйымдастырылды. Сондай-ақ облыс бо­йынша «Шертпе күй» ғылыми-зерттеу экс­­педициясы ұйымдастырылып, оның қорытындысы бойынша «Күй жинақ» пен күйтабақ шығарылды.

«Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақ­стан­дық мәдениет» арнайы жобасы аясында Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің шығармашылық ұжымдары гастрольдермен Оман, Румыния, Түркия және Қытай елдерінде болып, өнер көр­се­тіп қайтты.

«Ұлы Даланың ежелгі өнері мен технологиялары музейі» арнайы жобасы аясында археологтар, металлургтер, блогерлердің қатысуымен «Үлкен металдың бастауында» жобасы жүзеге асырылды. Ғылыми-зерттеу экспедициясының қорытындысы кітап-альбом шығару, ерте темір дәуірін­дегі металды балқытуға арналған метал­лургия­лық пешті қайта құру және деректі фильм болды.

Сонымен қатар Жезқазған қаласында «Ұлы дала мұрасы» халықаралық музей фестивалі ұйымдастырылды. Түркия, Ресей елдерінің және Нұр-Сұлтан, Алматы қала­ларының музей педагогтерінің қаты­­суымен мұражай қызметкерлеріне арнал­ған семинар өткізілді. Фестивальға Қытай, Ресей, Түркия, Моңғолия, Өзбек­стан және Қазақстан елдерінен музей және архив қызметінің қызметкерлері қатыс­ты. Қо­нақтар назарына ат әбзелдерін, зергер­лік бұйымдарды әзірлеу бойынша шебер­лік сабақтары, металды балқыту ісінің көріністері ұсынылды.

Қарағанды облыстық мәдениет, мұ­­­­ра­ғаттар және құжаттама басқар­ма­­­сы­­ның басшысы Еркебұлан Жұма­кенов 2020 жылдың маусым айы­нан бас­тап 25 жобаны іске асыру жоспар­ланғанын айтады. Олардың қатарында «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Қазіргі қазақстандық мәдениет жаһандық әлем­де», «Қазақстанның киелі жерлері. Қазақ­станның киелі орындар география­сы», «Жергілікті маңыздағы ескерт­кіштерді қалпына келтіру», «Тарих және мәдениет ескерткіштерінде археологиялық жұмыс­тар жүргізу тарихи-мәдени мұраны зер­де­леу және насихаттау жөніндегі әлеу­мет­тік маңызы бар жобаларды іске асыру», «Дала фольклорына және музыка­сына мың жыл», «Ұлы даланың ұлы есім­дері», «Ұлы даланың көне өнері мен технологияларының музейі» сынды өңір­дегі мәдениет саласының мерейін өсіретін мақсатты және маңызды іс-шаралар бар.

 

Қарағанды облысы