Дәл қазір Қызылорда облысы тұрғындарына 2423 дәрігер, 9528 орта буынды маман медициналық қызмет көрсетеді. Сала жетекшілері бұл аздық ететінін айтады. Мысалы, 2018 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша 205, келесі жылы дәл осы мерзімде 137 дәрігер жетіспеген. Ал 2020 жылдың 1 қаңтарында маман тапшылығы 162-ге жетіп отыр.
Сала басшылығы бұрын елді мекендерде жиі кездесетін маман жетіспеушілігі проблемасы соңғы жылдары облыс орталығындағы көпсалалы мамандандырылған медицина ұйымдарында байқалып отырғанын айтады. Қазір тапшы дәрігерлердің 42,5 пайызы осы ұйымдарға тиесілі. Мамандықтар бойынша жіктегенде аймаққа 47 аймақтық дәрігер, 26 анестезиолог-реаниматолог, 8 неонатолог, 8 психиатр, 5 фтизиатр, 5 балалар хирургі жетіспей тұр.
– Облыс әкімінің қолдауымен өңірде мамандар тапшылығын азайту мақсатында біршама бастама бар. Әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыру бойынша да біздің аймақтың республикада алдыңғы қатарда екендігін атап өткен жөн. Жергілікті мәслихат шешімімен бекітілген «Әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау» қағидаларына өзгерістер енгізіліп, 2016 жылдан бастап, медицина мамандықтары бойынша 62 резидент даярлау үшін облыс әкімінің гранты бөлінді. Қазір олар 8 жоғары медициналық білім беру орындарында оқуларын жалғастыруда. Осы жылы олардың 15-сі оқуын бітіріп келеді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдісәметов.
Бұдан бөлек, Ақтөбе мемлекеттік медицина университетінде 2018 жылы – 30, былтыр 40 жалпы тәжірибелік дәрігерді даярлауға облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Бұл шаралар аймақтағы денсаулық сақтау саласының салалық дәрігерлермен қамтамасыз етілуіне септігін тигізіп отыр.
2018 жылы облыстың медициналық ұйымдарында 130 жас маман жұмысқа қабылданып, олардың 68-і ауылдық елді мекендерге жолдама алыпты. Ал былтыр қабылданған 95 маманның 43-і ауыл дәрігері атанды. Осы жерде өткен жылы алғаш рет жас мамандардың жұмысқа орналасуы enbek.kz электронды порталы арқылы жүргізілгенін айта кетейік. Әрине, жұмысқа орналасуда ашықтық қағидатының болғаны құптарлық құбылыс. Бірақ, портал арқылы жұмыс іздеген жастардың көпшілігі инфрақұрылымы дамыған ірі қалалардағы Ұлттық орталықтар мен емханаларды таңдап, өңірлерде қызмет етуге ниетті мамандардың үлес салмағы күрт азайып кетті.
Дегенмен, ауылдық жерлердегі медицина ұйымдарында жұмысқа қабылданған мамандарды мемлекет тарапынан қолдау бар. Оларға Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 18 ақпандағы №183 «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және ветеринария мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшерін және ережесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес республикалық бюджет қаражаты есебінен көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит беріліп келеді. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджет қаражаты есебінен елді мекендерге жол тартқан медицина және фармацевтикалық қызметкерлерге әлеуметтік қолдау шараларын көрсете алады.
Осыдан 2 жыл бұрын Байқоңыр қаласынан ашылған көпбейінді қалалық ауруханада дәрігерлер тапшылығы байқалған еді. Ол мәселе жергілікті биліктің араласуымен шешімін тапты. Сол тұстағы облыс басшысының тапсырмасымен әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналып жаңадан салынған көпқабатты 5 тұрғын үйден 12 пәтер дәрігерлерге бөлінді. Осының арқасында қазір жұлдызды қалада сырттан келген 9 маман тұрақтап қалды. Ал облыс орталығындағы жас мамандар үшін мұндай жеңілдіктер жоқ.
– Дәрігерлер тапшылығы жергілікті биліктің назарында тұр. Бұл мәселе облыстық мәслихаттың кезекті отырысында қаралып, осы жылға өңірге аса қажетті мамандықтар бойынша көтерме жәрдемақы бөлу үшін жергілікті бюджеттен 25 млн 250 мың теңге қаржы қарастырылды, – дейді Жақсылық Әбілқасымұлы.
Өңірде маман тарту, оны тұрақтандыру бағытында осындай жұмыстар бар. Қазіргі бастамалар болашақта саланың білікті кадрларымен толығып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасының жақсара түсеріне сендіреді. Дегенмен де, медицинаның жыл сайын дамып келе жатқан сала екендігін ұмытпаған жөн. Сондықтан да ондағы кадр даярлауға, аймақтардың дәрігерлермен қамтылуына мемлекет жете мән беруі керек. Әйтпесе, маман тапшылығы үлкен мәселе болып қала бермек.
ҚЫЗЫЛОРДА