Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Қанат Қожахметовтің хабарлауынша, 2018-2019 жылдары жемқорлық қылмысқа қатысты денсаулық сақтау саласында 25, білім беру саласында 68 дерек тіркелген. Жүргізілген қылмыстық іс шеңберінде білім беру, денсаулық сақтау және оған бағынышты мекемелердің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеуде заң талаптарын бұзудың көптеген өрескел фактісі анықталған.
– Мәселен, облыстық перинаталдық орталықтың басшысы өзі басқаратын кәсіпорын мен «КАЗГЮУ Университеті» АҚ арасында «Mini Master of Business Administration (MBA)» бағдарламасы бойынша «Әкімшілік істер магистрі» мамандығына өзінің оқуы үшін 1 800 000 теңгеге келісімшарт жасасқан. Алайда ол оқу шығыны үшін демеушілік, қайырымдылық көмектер есебінен аударылған қаржыны талан-таражға салу жолымен иемденген. Сондай-ақ ол қызметкерлеріне сыйақы, ынталандыру сыйлығы және ақылы қызметтер жасағаны үшін қосымша ақы ретінде барлығы 6 978 000 теңгені негізсіз артық аударып, арадағы бір қызметкеріне тапсырма беру арқылы қайта жинап алған, – деді Қанат Қожахметов.
Оның мәлім етуінше, неонтология дәрігерінің Португалия Республикасында кәсіби біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасуға баруы үшін 1 490 000 теңге қаржылық көмек бөлінген. Алайда неонтология дәрігерін іссапарға жолдамай, оның орнына өзі шет мемлекетке негізсіз барған.
– Облыстық перинаталдық орталық басшысының лауазымына конкурсқа қатысқан кезде экс-басшысының еңбек өтілі 4 жыл 10 ай 24 күн болған. Алайда денсаулық сақтау ұйымдарының басқару лауазымындағы еңбек өтілі 5 жылдан кем болмауы қажет еді. Бұл лауазымға директорды облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы негізсіз ұсынған, – деді Қанат Қожахметов. – Ал білім беру басқармасының бұрынғы басшылары бюджетке келтірілген 110 млн теңге шығынның 58 млн 512 мың теңгесін өтеді. Сот үкімімен мемлекет пайдасына құны 11 млн теңге тұратын «Toyota Land Cruser Prado» автокөлігі мен 2,5 млн теңгеге бағаланған «Hyundai Super Aero» шағын автобусы, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің есепшотында сақталған 4 млн теңге қайтарылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ірі жобаларды іске асыру барысына күнделікті мониторинг жүргізу тәжірибесін енгізді. Мониторинг конкурс жарияланған сәттен бастап жүргізіледі. Бұл мемлекетке зиян келтіргенге дейін, алғашқы сатыда бюджеттік қаражатты тиімсіз пайдаланудың ықтимал белгілерін анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Өйткені соңғы кезде бюджеттік сектор шығыстарының негізгі бөлігін құрайтын мемлекеттік сатып алу ел экономикасының тұрақты дамуын қалыптастырудың негізгі факторларының біріне айналды. Өйткені мемлекеттік сатып алу үдерісіне 18 мыңнан астам тапсырыс беруші мен 80 мыңнан астам өнім беруші тартылды. Демек мемлекеттік сатып алу көлемінің жыл сайынғы өсу үрдісі байқалады. Мәселен, 2016 жылмен салыстырғанда, бюджет бұл салаға жұмсалатын шығындарды 3 есеге, яғни 1,4 триллионнан 5,8 триллион теңгеге дейін арттырды. Қазір бұл сома 6 трлн теңгені құрайды. Мұны елдің барлық шығындарының жартысы (12 трлн теңге) деуге болады.
Ал квазимемлекеттік сектор жүйесінде бұл сома бірнеше есе көп. Демек бюджет қаражатының мұндай айналымы тиісінше сыбайлас жемқорлықтың жоғары тәуекелін туындатады. Бұған сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тіркейтін әрбір алтыншы сыбайлас жемқорлық фактісінің (1706-ның 305-і) мемлекеттік сатып алу саласында жасалатыны анықталғаны дәлел бола алады. Мұндай деректер бойынша шығын көлемі 2,5 млрд теңгені құрады.
Мамандардың сараптауынша, қылмыстық схемалармен нақты жеткізушілердің мүддесін қолдау, техникалық спецификациясы бар айла-шарғы жасап, жалған актілерге қол қою бұрынғысынша қалып отыр. Осы салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою мақсатында агенттіктің Атырау облысы бойынша департаменті мемлекеттік органдардың мемлекеттік сатып алу жоспарларына талдау жасап келеді. Мониторинг нәтижелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар, соның ішінде заңнамалық сипаттағы ұсыныстар енгізеді. Ал мемлекеттік сатып алудың жай-күйіне мониторинг жүргізу барысында бір тауарды әртүрлі мекемелер жоғары бағамен жариялағаны анықталды. Жоғары баға жұрт көп елей бермейтін тауарларға қойылыпты.
– Мәселен, Атырау облыстық білім беру басқармасына қарасты «Мақат мұнай және газ технологиялық колледжі» ММ 1 литр айранды 450 теңгеге бағалап, жалпы сомасы
38 000 теңгені артық жұмсапты. Ал майлылығы 1-3% сүт өнімінің 1 литрін 350 теңгеден сатып алуға 98 000 теңгеге жоғары баға белгілеген. Осындай жоғары бағамен сатып алу фактілері шай (1 кг – 3500 теңге) мен кептірілген жеміс-жидектерді (1 кг – 1000 теңге) сатып алу кезінде де байқалды.
Сонымен бірге мемлекеттік органдардың басым бөлігі А4 форматтағы ақ қағаз алады. Алайда оған жұмсалатын сома бір дана үшін 1800 теңгеге дейін жетеді. Оны мына деректен аңғаруға болады. Құрманғазы ауданындағы Орлы ауылдық округі әкімінің аппараты сондай қағазды 1700 теңгеден алса, Сүйіндік ауылдық мәдениет үйі және Лабай ауылдық клубы 1800 теңгеден 45 данасын 81 000 теңгеге бағалаған. Қазіргі таңда нарықтық бағаға сәйкес А4 форматындағы ақ қағаздың бір данасының құны – 1450 теңге. Яғни жоғарыда аталған мекемелермен тауар құны 15 750 теңгеге жоғары шарықтаған. «Тұрмыстық қызмет» мекемесі бір картриджді 80 000 теңгеге сатып алған. Бұл бағаға бір емес, екі принтер алуға болады. Өйткені картридждің нарықтағы бағасы 20 000 теңгеден аспайды, – деп ақпарат таратты облыстық департаменттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ департамент азық-түлік өнімдерінің бағасын да қатаң бақылауда ұстап отыр. Әсіресе базарлар мен сауда орталықтарында сатылатын 19 азық-түлік өнімдері бағасының тұрақтылығына мониторинг жүргізіледі. Мемлекеттік сатып алу кезіндегі азық-түлік өнімдерінің бағалары да назардан тыс қалмайды.
Осы орайда, тағы да дерекке жүгінер болсақ, Атырау облыстық туберкулезге қарсы диспансер майлылығы 1-3% сүт өнімінің 1 литрін 250 теңгеден сатып алған. Алайда оның нарықтық бағасы – 215 теңге. Демек аталған мекемемен сүт өнімін сатып алу 1 112 000 теңгеге жоғары бағаланып отыр.
Денсаулық сақтау министрінің №666 және №1027 бұйрықтарына сәйкес бала емізетін аналардың ауруы болуына байланысты баланы бейімделген сүт қоспасымен жергілікті денсаулық сақтау мекемелері қамтамасыз етеді. Бірақ бұл қоспаларды мемлекеттік сатып алу кезінде де жоғары баға қойылатыны анықталыпты. Мәселен, №1 Атырау қалалық емханасы осындай 1 дана қоспаны 2679 теңгеге сатып алуға ұйғарым жасапты. Департамент ұсынған дерекке қарағанда, нарықтық бағаға сәйкес мемлекеттік сатып алу хабарландыруындағы қоспалардың сомасы 2000 теңгеден аспайды. Яғни бұл тауарды сатып алу жиынтығы 1 323 212 теңгеге жоғары бағаланғанын аңғартады.
Әрине, бұл бір қарағанда ұсақ-түйек секілді көрінетін шығар. Бірақ тиыннан теңге құралатынын ескерсек, мұның астарында бюджет қаражатын талан-таражға салу фактісі жатыр. Осыны ескерген департамент мониторинг жүргізіп, осындай деректерді жария етті. Мониторинг нәтижесінде сәуір айында тауарларды сатып алу бойынша нақты үнемдеу 2 662 712 теңгені құрады. Ал биылғы бірінші тоқсанда 14 347 094 теңге үнемделіп отыр.
Атырау облысы