Қиындықтан шығар жол – баламалы энергия көзін өндіру. Бұл талас тудырмайтын ақиқат. Бүгінде елімізде алғашқы қадамдар жасалып, оң шаруалар қолға алынуда. Мәселен, Аршалы ауданының Қостомар ауылында Орталық Азиядағы ең ірі жел электр стансасының құрылысы жүріп жатыр. Сарыарқаның сайын даласында үздіксіз соғып тұратын самал желдің қуатымен өндірілген энергия 10 мыңнан астам шаңырақты толық қамтуға жетеді екен.
Осы бағыттағы оңды жобаларды жүзеге асыру үшін Қазақстанның Даму банкі қаржылық оператор ретінде қолдау көрсетуде. Банктің несиелендіруімен «Gryeen Energy» компаниясы ұзақ мерзімге несие алып, жел электр стансасын салуға қажетті осы заманғы құрал-жабдықтарды жеткізіп, құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Мұндай стансалардың жел қуатын электр энергиясына айналдыратынын әркім де біледі. Ал қоршаған ортаны таза ұстауға септігін ше? Мәселен, жылу электр стансаларымен салыстырғанда, тиімділігі әлдеқайда артық. Нысан қолданысқа енгізілген соң жыл сайын атмосферадағы зиянды газдардың көлемін 230 мың тоннаға дейін төмендетеді. Ең басты айырмашылығы осы.
– Бүгінгі таңда екінші кешенде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Оның әрқайсысының қуаты 3,3 Мвт болады, – дейді серіктестіктің бас инженері Владислав Гарбовский, – 15 жел электр стансасы салынады. Қазір 10 киловаттық станса салулы тұр. Оған қоса, қойма, гараж, диспетчерлік басқару пульті тәрізді нысандардың құрылысы толық аяқталды. Өндірілген электр энергиясы «KEGOC» акционерлік қоғамының электр желілері арқылы еліміздің барлық аумағына таратылады.
Несін айтасыз, арзан, оның үстіне төл табиғатымызға ешбір залал келтірмейтін игілік. Төтеннен келген пандемия ғана қол байлап тұр. Әуел бастағы жоспар бойынша ендігі бітіп те қалады екен. Төтенше жағдай жарияланып, құрылыс жұмысында кедергі болған соң уәделі мерзімнен алты ай кешігіп барып іске қосылуы әбден мүмкін. Жаңа нысанның қаншалықты тиімді екенін жоғарыда бір ауыз сөзбен айттық. Оған қоса елдегі атмосфераға улы газдардың бөлінуін барынша азайту жөніндегі халықаралық қауымдастық алдындағы міндеттемені орындауға да себепші. Әрі толық қуатына көшкен кезде шамамен жылына 2 млрд теңге көлемінде салық төлейді.
Қазір 20 шақырымға жуық жол құрылысы жүргізілген. Жел турбиналарына арналған 15 таған тартылыпты. Бұл жұмыстың барлығы желді аймақта жүзеге асырылуда. Құрылыс жұмысына 300-ден астам адам қатысса, кейін жиырмаға жуық маман қызмет атқаратын болады. Бар қуаты 50 Мвт-ты нысанның бірінші кезеңі өткен жылдың тамыз айында қолданысқа енгізілген.
Ақмола облысы