09 Маусым, 2020

Солтүстік Қазақстан облысында қазба жұмыстары жалғасады

516 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысын атақты Ботайдан кейін әлемге танытатын екінші қазбаны зеррттеу жұмыстары жалғасатын болды, - деп хабардайды Egemen.kz

Солтүстік Қазақстан облысында қазба жұмыстары жалғасады

Былтырғы қыркүйек айында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ғалымдары Павлодар пединститутының Марғұлан орталығындағы әріптестерімен бірлесе отырып Ш.Уәлиханов ауданының Береке ауылының маңынан орта ғасырларға жататын аса құнды археологиялық ескерткіштер тапқанын жазған болатынбыз. Бұл ескерткіштер «Қызыл оба» деп аталып, Алтын Орда хандарының жерленген пантеоны деп анықталған.

Былтыр күздің қара суығы ерте түсіп, археологиялық жұмыстарды жалғастыру биылға қалдырылған болатын. Кеше СҚО университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Ақмарал Ыбыраева журналистерге брифинг беріп, биылғы қазба жұмыстарын жалғастыруға 30 адамнан тұратын экспедиция ертең жолға шығатынын мәлімдеді. Отыз адамдық топтың ішінде 15 студент, 5 магистрант және 10 оқытушы бар. Сонымен қатар табылған ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарына шетелдік реставраторлар шақырылатыны белгілі болды. Соның ішінде бір маман Санкт-Петербургтың эрмитажынан да келмекші екен. «Бұл ескерткіштің маңызы біздің облыс қана емес бүкіл еліміздің археологиясы үшін де зор болып отыр. Ол туралы алғашқы деректерді Әлихан Бөкейханов қалдырған екен. «Қызыл оба» орналасқан жер астық егуге қолайсыз, сондықтан да ескерткіш біршама аман сақталған. Тек кейбір кірпіштерін төңіректегі тұрғындар құрылыс жұмыстарына бұзып алған. Бұрын біздің облысымызда орта ғасырларға тән ескерткіштер жоқ делініп келсе, енді ондай болжамды «Қызыл оба» теріске шығарғалы отыр», деді Ақмарал Ыбыраева.

Оның сөзін Тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығының директоры Рахат Мәмбеталинов толықтырып, әзірге 45 күнге белгіленген ғылыми экспедиция Петропавл мен Павлодар университеттерінің, мұраларды қорғау орталығының және Уәлиханов ауданы мен демеушілердің есебінен қаржыландырылатынын айтты.

Сөйтіп, Солтүстік Қазақстан облысын атақты Ботайдан кейін әлемге танытатын екінші қазбаны зеррттеу жұмыстары жалғасатын болды.

Солтүстік Қазақстан облысы