Аймақтар • 09 Маусым, 2020

Түркістан облысында карантин ұзартылды

956 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысының аумағында карантин және шектеу іс-шаралары коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін ұзартылды. Осыған байланысты бірқатар шектеу шаралары қолға алынып отыр, - деп хабарлайды Egemen.kz

Түркістан облысында карантин ұзартылды

Өңірде коронавирустық инфекцияның расталған 400-ден астам жағдайы тіркелген. Жазылғандар саны - 257. Инфекцияның жұқтыру көздері бойынша 84 науқас сырттан әкелген (Нұр-Сұлтан-1, Ақтаудан-1, Атыраудан-31, Алматыдан-2, Шымкенттен-2, Қызылорда-1, Павлодардан-1 және Ресейден-5, Туркиядан-1, Өзбекстан-37, Жезқазған-2). Бұл деректерді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде келтірген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов тұрғындарды карантиндік шараларға түсіністікпен қарап, барлық талаптарды сақтауға шақырды.

Сондай-ақ, брифингте сөз алған өңірдің Бас санитар-дәрігері Нұрбек Нышанов карантин режиміндегі бірқатар шараларды атап өтті.

"Қоғамдық орындарда адамдар арасындағы ара қашықтық 2 метрден кем болмауы тиіс. Маскалық режимді сақтай отырып саябақтарда, алаңдар мен скверлерде, жағалауларда азаматтардың серуендеуіне рұқсат етіледі. Отбасылық іс-шараларды өткізуге және мұндай жерлерде топталып жиналуға тыйым салынады. Ал, жерлеу іс-шараларын жүргізу кезінде кемінде 2 метр қашықтықты сақтай отырып, 20 адамға дейін жиналуына рұқсат етіледі", – деді Н.Нышанов.

Сондай-ақ ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге, сауда, ойын-сауық орталықтары жанындағы балалардың ойын алаңдары, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің, түнгі клубтардың және мал базарларының қызметіне тыйым салынды. Бұдан бөлек, Н.Нышанов карантин кезінде сақтық шараларын сақтай отырып, жұмыс істейтін мекемелерді атап көрсетті.

Санитарлық-эпидемиологиялық және күшейтілген дезинфекциялық режимді сақтай отырып, мектепке дейінгі ұйымдардағы кезекші топтардың, балалар үйлерінің тәрбиеленушілерінің жазғы демалысы үшін Түлкібас ауданындағы "Самал" және тек қана Мақтаарал ауданындағы су тасқыны кезінде зардап шеккен балалар үшін Сарыағаш ауданындағы "Балдәурен" сауықтыру лагерлерінің жұмысына рұқсат етілетінін хабарлады.

 

 

Түркістан облысы