Өзге ұлт жастары арасында «Абай оқулары» байқауын тамашалауға келген көрермен І.Омаров атындағы қазақ драма театрының залына лық толды. Облыста алғаш рет өткізіліп отырған бұл республикалық шараны облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов құттықтау сөзімен ашып, қазақ тілін меңгеріп, Абай шығармаларымен сусындап жүрген өзге этнос жастарына бәйгеден оза шабуға тілек білдірді. Байқауға қазақ тілінде көркемсөз оқу мен ән айтуды қатар меңгерген 15 және 25 жас аралығындағы жастар қатысты. Олар Қазақстанның барлық облысы мен Астана, Алматы қалаларынан келіп бақ сынады.

Байқау шарттары бойынша үміткерлер Абайдың білім, ғылым және өнер
тақырыптарына өрілген поэзиялық шығармасын немесе қарасөзінің бірін мәнерлеп, жатқа оқыды. Екінші шыққанда «Абай жолы» романынан үзіндіні көркемдеп жатқа айтты. Ал үшінші рет көрермендер олардың орындауында Абайдың сөзіне жазылған бір әнді тыңдады. Қазақша тілінің мүкісі жоқ жастар Абай шығармаларын көркемдеп оқығанда, кемеңгер ақынның өлеңі де, қарасөзі де көңілге құйылып жатқандай әсер қалдырды. Шіркін, Абай шығармалары әркімге осылай жетіп отырса, Абай өлең жазған тілде сөйлеуге әркім-ақ асық болар еді-ау. Негізі, байқаудың түпкі мақсаты да осы екен.
– Бұрын республикалық байқау тек Астана қаласында өткізілетін. Соңғы екі жылда облыстарға да шыға бастадық. Өткен жылы республикалық «Абай оқуларының» ақтық сайыстары Орал қаласында өтті. Биыл Қостанайға келуді жөн көрдік. Байқау өткізілген алғашқы жылдары өзге ұлт өкілдері балаларының қазақша сөйлегеніне мәз болып жүрдік. Одан кейінгі жылдары Абай өлеңдерін олардың түсініп оқуын талап еттік. Енді олардың Абай шығармаларын көрерменге өз деңгейінде жеткізгеніне куә болып отырмыз, – дейді Тіл комитетінің талдау және мониторинг басқармасының басшысы Гүлбадан Тәуелқызы.
Қазылар алқасы байқауға қатысушылардың көркем мәтінді талғау және оқу шеберлігіне, қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын сақтап сөйлеуіне, ән орындау нақышына, сахналық өнер көрсету мәдениетіне және қазақтың ұлттық киім үлгісіне назар аударып отырды. Міне, осы сынның барлығынан сүрінбей өткен Атырау қаласындағы Гуманитарлық колледждің студенті Әсемгүл Стомма бас жүлдені жеңіп алды. Тараз қаласынан келген Виктория Мұртазина бірінші орынды иеленді. Ол Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінде оқиды. Екінші орынды Астана қаласындағы Гуманитарлық колледж студенті Анастасия Богданова алды. Үшінші орын Павлодар мемлекеттік педагогика институтының бірінші курс студенті Ольга Борисоваға бұйырды. Қостанай облысы әкімінің арнайы сыйлығы Иван Клименкоға табысталды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.
Суретте: Бас жүлдені жеңіп алған атыраулық Әсемгүл Стомма.