Аймақтар • 09 Маусым, 2020

Түркістанда індет жұқтырған 10 айлық сәби емделіп шықты

154 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жетісай ауданынан 10 айлық нәресте "Облыстық фтизиопульмонология орталығына" туберкулез ауруынан емделуге жатқызылған. Тексеру барысында баладан COVID-19 инфекциясы анықталған, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістанда індет жұқтырған 10 айлық сәби емделіп шықты

Сәби бірден Төлеби ауданы Леңгір қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізіліп, екі апта бойы ем қабылдаған. Білікті дәрігерлердің шұғыл түрде анықтап, дер кезінде емдік шара көрсетуінің арқасында сәби коронавирус індетінен айығып шықты. Дәрігерлер өкпенің 2 бірдей қауіпті дертпен зақымдалғаны бала өміріне үлкен қауіп төндіргенін айтады. Қазір ол COVID-19 инфекциясынан емін толығымен аяқтап, талдамасының "теріс" болуына байланысты "облыстық фтизиопульмонология орталығында" туберкулезге қарсы емін жалғастыруда.

"Өкпе ауруына ұшыраған азаматтар онсыз да әлсіз келеді. Науқастарды барынша Сovid-19 инфекциясынан қорғауға тырысамыз. Барлық сақтық шаралары қамтамасыз етілген. Ауруханада  тіпті коронавирусты ерте анықтау мақсатында арнайы вирусологиялық зертхана қызмет көрсетеді. Зертхана соңғы үлгідегі аппараттармен жабдықталған. Мамандарымыз оны жақсы меңгеріп, халыққа көрсетілетін  медициналық қызмет сапасын арттыруға өз үлестерін қосуда", - дейді "Облыстық фтизиопульмонология орталығының" бас дәрігері Болатхан Сағымбеков.  

Айта кетелік, Түркістан облысында бүгінгі күнге дейін коронавирус індетін 1 жасқа дейінгі 10 бала жұқтырған. Олардың сегізі жазылып шықты. Екеуі инфекциялық госпитальдарда ем қабылдауда.

 

Түркістан облысы