Көп жағдайда отандық туристердің де дені сол Түркістанға қарай жиі барып, ұлы аруақтардың рухына тағзым етіп әрі саяхаттап қайтатынын көріп жүрміз. Ал Сарыағаш дегенде адам денсаулығының кепілі болған шипалы орталық жылыұшырайды. Жаңақорғанның қара балшығы да талайдың дертіне дауа болғаны анық. Сол секілді Жетісу аймағы десек, табиғаттың тылсым сырына қанықтыратын атақты «Шарын» шатқалын, Алматы десек әйгілі «Шымбұлақ», «Медеу» кешендерін, Ұлытау дегенде ұлы Жошы хан кесенесін, ал Көкшетауды еске алғанда Бурабайды айтпай қала алмаймыз. Әрине мұның бәрі де қазақтың қасиетті даласының мәні мен сәні, тарихы мен тағдыры.
Сол сияқты, жалпы Әулиеата өңірі дегенде де көпшіліктің есіне әуелі Қарахан, Айша бибі тарихы туралы танымдық рухани жәдігер оралады. Ғасырлар бойы ел есінде сақталып келе жатқан қос ғашықтың кесенесі де Жамбыл өңірінің аумағында орналасқан. Шығыстың ұлы шайырлары тамсана жырлаған Талас, бұдан өзге де Баласағұн, Құлан, Өрнек, Ақыртас секілді көптеген қалашық да халқымыздың ежелден-ақ өркениет көшіне ілескенін көрсететін құндылықтар. Заманындағы Ұлы Жібек жолының киесі де мәңгілік елдің бір нышаны. Негізінен, Тараз қаласы туралы сөз болғанда, шаһардың екі мың жылдан астам тарихының бар екені қоса айтылады. Дегенмен, дәл қазіргі кезде Тараздың өзіндік бренді қандай? Жалпы, өңірдің өзіндік брендін қалыптастыру туризмді дамытуға да жол ашатын негізгі құралдың бірі. Жамбыл облысында ерекше тарихи-мәдени орындар жетерлік. Әрі табиғи ресурстарға да бай. Алайда әлі күнге дейін туризмді дамытуда бірқатар кедергілер кездесіп отыр. Бірінші кезекте туризм саласындағы кадр тапшылығы, сонымен қатар автожолдар сапасының нашарлығы, жол бойындағы сервис деңгейінің төмендігі туризмнің дамуына кедергі келтіретін мәселелер. Аталған мәселе төңірегінде әкімдікте талай рет әңгіме де болған. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі мейрамханалар мен кафелерде қызмет көрсету деңгейінің төмен екенін, бұл келушілердің сенімсіздігін тудыратынын айтқан еді. Сонымен қатар жол бойындағы сервистің де көңіл көншітпейтіні айтылған. Мәселен, облыстан туризмді дамыту үшін тоғыз сервистік кешен салу жоспарланған болса, бүгінде оның біреуі ғана Байзақ ауданында салынған екен. Сондай-ақ облыста еліміздің және шетелдің туристерін тартуға қабілетті бүгінгі заманға лайық туризм индустриясын құру мәселесі тұр. Мұның бәрі де бір күнде шешіле салатын шаруа емес. Жамбыл облыстық туризм басқармасының басшысы Ғани Майлыбаевтың айтуынша, бұл бағытта бірнеше жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бес тілде аудио және бейнегидтері бар «Taraz tour» мобильдік қосымшасындағы туристік нысандар санын 200-ге дейін арттыру көзделуде. Алайда қазіргі таңда қосымшадан тек 37 нысанды ғана табуға болады. Сондай-ақ Халықаралық «Әулиеата» әуежайына Тараз топырағы туралы толық ақпарат беретін smart-дүңгіршектер орнатылады. Аталған басқарма тарапынан аудио және бейне нұсқаулығы бар екі қабатты автобус жұмыс істейтін болады. Тараз әйгілі «2GIS» мобильді қосымшасына, яғни сандық картаға қосылады. Бұл туристерге басқалардың көмегінсіз өздеріне керек жерлерді тауып, дұрыс бағыттағы автобусқа отыруға көмектеседі. Сонымен қатар 200 туристік нысанда QR-кодтары орнатылады. Биыл Айша бибі, Қарахан, Бабаджа-Хатун кесенелері, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай бой көтерген Керей мен Жәнібек ескерткіштері, Ақыртас және Тектұрмас этнотарихи кешені сияқты бес тарихи-мәдени нысанда қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Этноауылдар салу бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілетін болады. Мұның бәрі де өңір туризмін дамытуға жасалып отырған қадам. Алайда Тараз дегенде бірден еске түсетін, көпшілік көне шаһарға сол үшін келетіндей орталықтың, яғни өзіндік брендтің болуы қажет. Әрине бүгінде Әулиеатаға туристер қай жерден келсе де оның тарихымен, мәдени нысандарымен таныса алады. Бірақ туризмді нақты дамыту үшін әлі де қолға алатын дүниелер бар екен. Мәселен, бүгінде облыс бойынша тек жеті гид ресми тіркелген. Енді жыл соңына дейін олардың санын 50-ге жеткізу жоспарланып отыр. Әрине туризм саласын дамыту мақсатында атқарылып жатқан мұндай жұмыстар жақсы-ақ. Енді талай жылдан бері шешілмей келе жатқан кадр тапшылығынан бастап барлық мәселе оң шешімін тапса, Тараз туризмінің де өзгелерге таңдай қақтырып, дамитын күні жақын деуге болады.
Дегенмен, өңірге туристерді тарту үшін бұдан өзге қандай шараларды қолға алу керек деген сауал туындайды. Бұл ретте М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков жоғары оқу орындарымен бірлесе жұмыс істеу керектігін және бұл мақсатқа «Туризм және сервис» кафедрасының түлектерін тарту қажеттігін айтады. Шынында да, егер туризм мамандығының түлектерін тарту жұмыстары қолға алынатын болса, бұл бір жағынан жас мамандарға табыс көзі, екіншіден өңірдегі кадр мәселесінің де шешілуіне оң ықпал етуі мүмкін. «Бұл бағыттағы зерттеулердің маңызы зор. Тараздың басқа қалалардан өзіндік ерекшелігін айқындау қажет. Мәселен, біз Сарыағашқа емделу үшін, Түркістанға ұлы бабаларымыздың рухына тағзым ету үшін барамыз. Сол секілді Тараздың да өз ерекшелігі болуы керек», дейді Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы. Ал «Золотой караван» туристік орталығының директоры Альбина Веймер Тараздың өзіндік брендін қалыптастыру ішкі туризмнің дамуына септігін тигізеді деп санайды. Сондай-ақ ол Тараз шаһарының екі мың жылдық тарихы туралы барлық қазақстандықтардың да біле бермейтінін айтады. «Көрші қалалар, соның ішінде ең алдымен Алматы мен Тараз арасында әуе рейстерін ашу керек. Сонымен қатар бүгінде балалар туризмі де назардан тыс қалып отыр. Жамбылдық оқушыларды тарихи орындарға апарып, таныстыруға ешкім де аса ден қойып отырған жоқ», дейді Альбина Веймер. Ал мейрамханалар мен қонақүйлер ассоциациясының төрайымы Айгүл Ақшалованың айтуынша, бұл ретте егер жергілікті қызмет көрсету сапасы сын көтермесе, туристерді дәмді тағамдардың food-фестивальдеріне тартуға болады екен. Әрине туризмді дамытудың тетігі көп. Мұның тағы бір ұтымды тұсы, Жамбыл облысы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік жолының бойында орналасқан. Бұл жолмен күн сайын мыңдаған көлік қатынайды. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі Жібек жолы десе де болады. Ал осы арқылы да туризмді дамытуға, өңірдің өзіндік брендін қалыптастыруға мүмкіндік бар.
Өткен жылы Тараз қаласының орталығынан шығыстық үлгіде «Көне Тараз» кешені ашылды. Сонымен қатар Тектұрмас аумағынан көне мекеннің символы боларлық еңселі «Әулиеата» ескерткіші бой көтерді. Мұның сыртында көне шаһардың келбетін арттыруда қаншама жұмыстар атқарылып жатыр. Көне шаһарды қызықтап келушілер үшін бұл да көзге көрінерлік дүние. Ал ежелден келе жатқан өңірдегі Қарахан, Айша бибі, Тектұрмас әулие кесенелерінің маңызы ерекше. Қазақ мемлекеттігінің туы тігіліп, қазығы қағылған мекен де Жамбыл облысының аумағында. Бүгінгі Шу және Мойынқұм аудандарының аумағындағы Қозыбасы жері тірі тарих, шынайы шежіре болып қасқайып тұр. Бәлкім, Әулиеатаның брендін әйгілеуге Қозыбасының өзі аздық етпес. Ұлы бабаларымыздың ізі қалған, ұлы шешімдер қабылданған мекенді ел баратын, жұрт көретін аймаққа айналдырып қойса, бұл да елдікті дәріптейтін бір жоба болар еді...
Жамбыл облысы