Әңгімеміздің бұлай өрбуіне өзіндік себеп те жоқ емес. Әдеттегі медициналық масканы алып қараңыз. Бағасы 118 теңге. Осыдан 3 ай бұрын пандемияның елесі кезбей тұрған шақта бар болғаны 20-25 теңге көлемінде болатын. Дәріханаларда қаптап тұратын елеусіз нәрсе тұмау жұққанда ғана туысымызға айналатын еді. Ал қазір қараша халық бетпердесіз көше шығуға қорқады, талап та қатал. Заман құбылғанда құны артқан дүниені демде кәсіпке айналдырып алған адамдар қаншама.
Дизайнерлік шеберлікке салып, бетпердені қолдан тігетін қыз-келіншектердің қатары көбейе түсті. Соның бірі қала тұрғыны Айнұр Оразбаева. Көпбалалы ана күніне 20-30 сәнді бетперде тігеді. Үлкен қызы да жәрдемдесетін көрінеді.
– Дүкен иесіне 300 теңгеден өткіземіз. Қолдан бетперде тігу аса қиын шаруа емес. Тігін машинасымен таңнан кешке дейін отырсаңыз 100-150-ге дейін маска тігуге болады. Алайда ою-өрнек салу үшін біраз уақыт кетеді. Сондықтан балалардан қолым қалт босағанда жұмысқа отырамын. Қазір сауда қызып тұр. Карантин уақытында жақсы ермек болды. Әрі балалардың несібесі, – дейді ол. Тігіншінің сөзіне сүйенсек, бетперденің материалы өте сапалы, қанша жусаң да тозбайды. Әрі қолға алып жүрсеңіз де, қалтаға салсаңыз да медициналық маскаға қарағанда әлдеқайда қолайлы.
Медициналық маска демекші, мамандар оны 2 сағат сайын ауыстырып тұруды міндеттеп отыр. Егер арнайы бактерия жоятын затпен өңделсе, 3-5 сағатқа дейін қолдануға болатын көрінеді. Дегенмен маска түшкірген, не жөтелгенде су болып қалғанда дереу жаңасын таққаныңыз жөн. Медициналық маскалар бір реттік қолдануға ғана арналғандықтан, оны қайта өңдеп, жуып, тазалап киемін деп ойламай-ақ қойыңыз. Енді, осы тұстан байырқалата тұрып, қайсысы тиімді екенін бір бағдарлап көрейікші.
Тәулігіне 8 сағат жұмыс істедім дегеннің өзінде 4-5 маска пайдаланасыз. Ақшаға шаққанда 600 теңгеңіз кетеді. Бір айда орташа есеппен 12-13 мың теңгеңіз ауаға ұшты деген сөз. Ал қолдан тігілген бетпердені жақсылап жусаңыз келесі күні де қажетіңізге жарайды. Сондай-ақ ауыз бен мұрынды және иекті толық жауып тұрады. Әрі қарай халыққа қайсысы тиімдірек екенін іштей есептей беріңіз.
Сәнді бетперде науқаны шетелде қызып тұр. Мәселен, Голливуд жұлдызы Гвинет Пэлтроу «Instagram» әлеуметтік желісінде «Airinium» компаниясының қара маскасымен түскен суретін жариялаған сәттен бастап, көпшіліктің қызығушылығы арта түсіпті. Теріге өте жұмсақ тиетін бетпердеге жұрттың пікірі алабөтен. Бренд маскалар 66 АҚШ долларына бағаланып, сатылымға шығып та үлгерді.
Нью-Йорктің ең ескі дәріханасы Бигелоудағы N95 респираторларға кезекке тұрған халықтың қарасы көп. Әдетте медицина қызметкерлері тұмау кезінде науқастармен байланыс жасау үшін пайдаланылатын маскаға адамдар қатты сенетін секілді. Вирусқа қарсы масканы 30 доллардан сататын британдық «Cambridge Mask» компаниясына тапсырыс әдеттегіден 30 есеге көбейген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары масканы науқаспен байланысқа түсетін дәрігерлер мен жұқтырған ауруларға ғана тағуға кеңес беруде. Инфекцияның алдын алудың төте жолы осы дейді.
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Гиппократ» дәріханасының дәріханашысы Елена Воробьева медициналық маскаға сұраныстың өте жоғары екенін айтады.
– Бір адамға 5 маскадан артық берілмейді. Себебі басқа тұтынушылардың да жағдайын ойлағанымыз абзал. Кейде адамдар 100-200 данаға дейін сұрайды. Алайда олай істеу мүмкін емес, тәртіп бәріне ортақ. Қазір тәулігіне 500-600 маскаға дейін өтеді, – дейді Е.Воробьева.
Тағы бір айта кетерлігі, қолданылған медициналық маскалар өртеп жібермесе 100 жылға дейін шірімейді екен. Әрі одан келетін зиян да көл-көсір. Елорда көшелерінде ақ теректің ұлпасымен қатар ұшқан маскалар қаптап барады. Бұл да өз алдына бір әңгіме. Десе де, құрметті оқырман, ұзақ уақытқа жарайтын қолдан тігілген сәнді бетперде таққыңыз келе ме, әлде байырғы медициналық маскаларды жөн деп санайсыз ба, құқық өзіңізде...
Әдемі киініп жүруді жақсы көретін жастар жағы заманауи үлгідегі бетперделерге әуес. Ал үлкендер болса медициналық маскадан артығы жоқ деп санайды. Мамандар екеуінен де келіп-кетер қауіптің жоқтығын айтады. Тек денсаулығыңызды сақтағыңыз келсе, ережеге бағынғаныңыз жөн.