Экономика • 10 Маусым, 2020

Үкімет бес айдың қорытындысын қарады

157 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2020 жылғы қаңтар-мамырдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.

Үкімет бес айдың қорытындысын қарады

 

Экономикалық белсенділікке – ерекше назар

Экономиканың, банк саласының жай-күйі, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, Ұлттық банк төр­ағасы Е.Досаев, Қаржы министрі Е.Жа­маубаев, өнеркәсіп және энергетика секторындағы жағдай туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов пен Энергетика министрі Н.Ноғаев, агроөнеркәсіп кешеніндегі ахуалды Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров, өңірлердің даму барысын Ал­маты облысының әкімі А.Баталов, Қарағанды облысының әкімі Ж.Қасымбек, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов баяндады.

Р.Дәленов есепті кезеңде байқалған оң трендтерді атады. «Өндірістік секторда өсу жалғасуда. Қызметтер секторы мамырдан бастап серпінді қалпына келуде. Сонымен бірге сауда балансының сальдосы жоғары өсуді көрсетті. Өндірістік сектор бойынша құрылыста – 5,9%-ға, кен өндіруде – 5,2%, өңдеу өнеркәсібінде – 4,9% және ауыл шаруашылығында 2,2%-ға өсу байқалды», деді министр.

Оның айтуынша, қазіргі таңда қызмет секторларында, соның ішінде көлік қызметтерінде – 14,1%-ға, саудада – 12,3%, жыл­жымайтын мүлік операцияларында – 4,8%, әкімшілік қызметтерді көрсетуде – 3,8%-ға төмендеу болды. Байланыс қыз­меттері қаңтар-мамырда 9,2%-ға артты.

Карантиндік шектеу шаралары жеңіл­деген мамырдан бастап, қызметтер секторы жекелеген салаларда қалпына келе бастады. Атап айтқанда, сауда 28,3%-ға, соның ішінде бөлшек сауда – 34,2%, көтерме сауда 26,1%-ға өсті. Көлік қызметтері – 20,7%-ға, оның ішінде жолаушылар айналымы – 41,5%-ға, жүк айналымы – 5,7%-ға артты. Ал тамақтану бойынша қызметтер 10,8%-ға өсті. Осылайша мамырда қызметтер саласында өсудің қалпына келу серпіні тіркелді.

Р.Дәленов атап өткендей, эконо­ми­ка­лық белсенділікті одан әрі күшейту мақ­сатында 20 мамырда 2020 жылға арнал­ған кешенді жоспар қабылданды. «Кешенді жоспар қолданбалы сипаттағы нақты шараларды қамтиды. Бұл – Өнер­кәсіпті дамыту қорын құру. Өңдеуші кә­сіпорындарға 3%-дық жеңілдетілген мөлшермен кредит беру көзделіп отыр», деді министр.

Ұлттық банк бағдарламасы мен «Биз­­нес­тің жол картасы» шеңберінде шағын және орта бизнесті қолдау бойынша қызмет түрлері кеңейтілуде. Несие­леу ресімдері жеңілдетіледі. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2025» мем­лекеттік бағдарламасында бизнес үшін мик­рокредиттерді субсидиялауды қарас­тыратын жаңа «Микрокредиттеу» бағыты іске қосылады.

Бұл шаралардың барлығы сыртқы сын-қатерлердің теріс салдарын азайтуға бағытталған. Сондай-ақ Кешенді жос­пар экономика салаларындағы жедел мәселелерді шешуге, ішкі өндіріс пен кәсіпкерлікті қолдауға мүмкіндік береді. Жалпы, кешенді жоспарды жүзеге асыру үшін 49 заңнамалық актіге түзетулер енгізу жоспарлануда.

Қаңтар-сәуірде сыртқы сауда айналымы 28,2 млрд долларды құрады. Экспорт 18,4 млрд, импорт 9,8 млрд доллар болды.

Инвестициялар бойынша 15 өңір өсу көр­сетті. Түркістан облысында инвес­ти­ция 2 есеге жуық ұлғайды. 2 өңірде тө­мендеу тіркелді, бұл Қызылорда мен Аты­рау облыстары. Жалпы, негізгі капи­талға салынған инвестициялардың өсуі – 0,1%.

Сондай-ақ Р.Дәленов 6 экономикалық көрсеткіш бойынша жалпы жағдайды атап өтті. Олар – өңдеу, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үйлерді пайдалануға беру, инвестициялар және инфляция. «Өңірлердің көбінде жақсы динамика байқалады. Барлық 6 көрсеткіш бойынша 4 өңірде өсу байқалады. 5 көрсеткіш бо­йынша – 6 өңірде, 4 көрсеткіш бойынша – 4 өңірде өсім бар. Ал Маңғыстау облысы 2 көрсеткіш бойынша жақсы нәтиже көрсетті», деді министр.

Р.Дәленов қаржыландыру және кредит беру бойынша қабылданған шараларды ескере отырып, орталық және жергілікті атқарушы органдар назары бірқатар міндетке шоғырлану қажет екенін атап өтті. Олар: 2020 жылға арналған экономикалық өсуді қалпына кел­тіру жөніндегі кешенді жоспарды уақтылы және тиімді іске асыруды қамта­масыз ету; Еңбек нарығында тұрақты­лықты қамтамасыз ету үшін «Жұмыс­пен қамтудың жол картасы» бағдар­ламасы шеңберінде жобаларды іске асыру; «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекет­тік бағдарламасы, «Қарапайым заттар эко­номикасы» және Шағын және орта бизнес субъектілеріне жеңілдетілген кредит беру бағдарламалары шеңберінде кәсіпкер­лерді қолдау құралдарын тиімді іске асыруды қамтамасыз ету; Жаңа эко­номикалық жағдай кезінде инвестициялық жобалардың өзектендірілген пулы шеңберінде инвестициялар тартуға жаңа тәсілдерді қолдану; Көрсетілетін қызметтер саласындағы серпінді өсуді қалпына келтіру үшін жағдайлар жасау.

«Жоғарыда аталған шараларды іске асыру экономикалық белсенділікті жедел қалпына келтіруге мүмкіндік береді», деп түйіндеді министр.

Депозиттер 3,3%-ға көбейді

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, биылғы мамырда жылдық инфляция 2020 жылға арналған 4-6% нысаналы дәлізден жоғарылап, 6,7% болды. Экономиканы қолдау шеңберінде Президенттің дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыру жалғасуда.

Төтенше жағдайдың енгізілуінен зардап шеккен ШОБ субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 4 маусымда кәсіпкерлер 494,4 млрд теңге сомасына 2 041 өтінім берді, 197,6 млрд теңгеге
1 467 қарыз берілді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бо­йынша биылғы 5 маусымдағы жағдай бойынша банктер жалпы сомасы 305,1 млрд теңгеге 526 өтінім қабылдады, 210,4 млрд теңге сомасына 422 қарыз берді. «7-20-25» бағдарламасы бойынша осы жылғы 4 маусымда 216,5 млрд теңгеге 18 769 өтінім мақұлданды, соның ішінде 183,9 млрд теңге сомасына 15 556 қарыз берілді. «Баспана Хит» нарықтық ипотекалық бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 4 маусымда 244,4 млрд теңге сомаға 29 324 өтініш мақұлданды, 198,0 млрд теңгеге 24 277 қарыз берілді. Ал банктердегі депозиттер көлемі
3,3%-ға ұлғайды.

 Кіріс жоспары 102,9% орындалды

Мемлекеттік бюджеттің атқарылуы ту­ра­лы баяндаған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың мәліметінше биыл­ғы бес айдың қорытындысы бойын­ша мемлекеттік бюджетке 3 трлн 420 млрд теңге көлемінде кіріс түсіп, жоспар 102,9% орындалды.

Республикалық бюджетке 2 трлн 111 млрд теңге кіріс түсті, бұл жоспардың 94,4%-ы. Кірістер бойынша жоспар 125 млрд теңгеге орындалмады.

«Жоспардың орындалмауына сыртқы факторлар аясында төтенше жағдай кезеңінде бизнесті қолдау бойынша қабыл­данған шаралар әсер етуде», деді Е.Жамаубаев.

Салық түсімдерінің азаюы сәуір айынан басталып, мамыр айында жалғасты. «Электронды шот-фактуралар» ақпа­раттық жүйесінің деректері бойынша кәсіп­керлік белсенділіктің ең көп төмен­деуі көтерме және бөлшек саудаға тиесілі. Тауарларды өткізу бойынша айна­лым­дар 2019 жылғы мамырмен салыстыр­ған­да 54%-ға немесе 1,2 трлн теңгеге тө­мендеген.

Шикі мұнайға экспорттық кедендік баж салығы бойынша жоспар 4 млрд теңгеге орындалған жоқ. Себебі сәуірде мұнайдың орташа бағасы барреліне 25 АҚШ долларынан төмен болды.

Жергілікті бюджеттердің өз кірістері 120,4%-ға атқарылып, 1 трлн 309 млрд теңгені құрады. Жоспар 222 млрд теңгеге асыра орындалды.

Мемлекеттік бюджет шығыстары 97,9%-ға, республикалық бюджет 98,9%-ға, жергілікті бюджеттер 97,2%-ға ат­қарылды. Республикалық бюджеттің шығыс­тары 5 трлн 620 млрд теңгені құра­ды. Бюджет қаражаты 61 млрд теңгеге игерілмеді.

«Игерілмеудің негізгі себептері: кон­курстық ресімдерді ұзақ және уақтылы өткізбеу, нақты көрсетілген қызметтер, атқа­рылған жұмыстар көлеміне төлеу, шарт жасасу ресімдерін ұзақ жүргі­зу, төлем бойынша құжаттарды ұзақмер­зімді келісу», деп түсіндірді Е.Жамау­баев. Жергілікті бюджеттердің шығыс­тары 2 трлн 606 млрд теңгені құрады. Игерілмеген қаражат – 75 млрд теңге.

 Машина жасау өндірісі 18,5%-ға өсті

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 5 айөдың қорытындысы бойынша өнер­кәсіп өндірісінің көлемі 4,8% өскенін айт­ты. «Машина жасау саласы жақсы нәти­же көрсетіп, өндіріс көлемі 18,5% өсті. Автокөлік құралдары, трейлерлер жә­не ашық тіркемелер шығару 47,1%, машина­лар мен жабдықтар 6,7%, өзге көлік құралдарын жасау 125,2%, компьютерлер жасау 3,8%-ға өсті», деді министр.

Құрылыс саласында нақты көлем индексі 2020 жылдың қаңтар-мамыр ай­ларында 105,9%-ды құрады. Өсім елі­міз бойынша құрылыс-монтаждау жұ­мыс­тарын қайта жаңғыртуға байланыс­ты құрылыс көлемін арттыру есебінен қам­тамасыз етіледі.

5 айда 4 млн 75 мың шаршы метр тұр­ғын үй пайдалануға берілді. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 88,4%-ға тең. Республика бойынша бар­лығы 33 479 баспана пайдалануға берілді.

 А.Мамин: Салынған әрбір теңге пайда әкелуге тиіс

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуын­ша, биылғы қаңтар-мамыр айларында ІЖӨ 2019 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 1,7%-ға төмендеді, бұл панде­миядан туындаған әлемдегі және аймақ­тағы іскерлік белсенділіктің күрт құл­дырауына, сондай-ақ шикізат пен капи­талдың халықаралық нарықтарындағы тұрлаусыздығына байланысты.

Сонымен қатар Үкімет қабылдап жатқан шаралар мен ұлттық экономикада қалыптасқан тұрақтылық экономиканың нақты секторының сенімді өсу қарқынын қамтамасыз етуге жол ашты. Тау-кен өнеркәсібінің көлемі 5,2%-ға, өңдеу өнеркәсібі – 4,9%-ға, соның ішінде машина жасау – 18,5%-ға, фармацевтика – 21,2%-ға, жеңіл өнеркәсіп – 10,8%-ға, құрылыс материалдарын өндіру – 12,3%-ға өсті. Құрылыс көлемі 5,9%-ға өсті, сауда балансының оң сальдосы қамтамасыз  етілді.

Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2,2%-ға ұлғайды. Көктемгі егіс жұмыстары оңтайлы мерзімде аяқталды, олардың қорытындысы бойынша егіс алқабы 237,7 мың га ұлғайып, 22,5 млн гектарды құрады.

Халықты жұмыспен қамтуды қолдау шаралары белсенді түрде іске асырылып жатыр. Биыл жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бойынша кешенді шаралармен 1,22 млн азамат қамтылады.

Карантин режімін кезең-кезеңмен жеңіл­дету аясында қызмет көрсету сек­т­орындағы іскерлік белсенділік сер­пін­ді түрде қалпына келтіріліп жатыр. Мә­селен, мамыр айында сәуірмен салыстыр­ған­да саудада, көлік секторында және ха­лық­қа қызмет көрсету саласында айтар­лықтай өсім байқалды.

Осы жылдың бес айының қоры­тын­дысы бойынша негізгі капиталға салын­ған инвестициялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,1%-ға өсті. Сонымен қатар мамыр айында биылғы сәуір айымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 32%-ға артты. Оған қоса негізгі капиталға салынған жеке инвестициялар көлемінің өсімі 25,7%-ды құрады.

«Біздің міндетіміз – қысқа мерзімде экономиканың дағдарысқа дейінгі даму қарқынын қалпына келтіру. Бұған экономиканы қолдау және осы жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру бойынша біз қабылдаған шұғыл шаралар ықпал етуі тиіс», деді А.Мамин.

Негізгі көрсеткіштер бойынша әлеу­меттік-экономикалық дамудың озық өсу қарқыны Қарағанды, Солтүстік Қазақ­стан, Алматы және Қостанай облыс­тарында қамтамасыз етілген, орташа рес­пуб­ликалық деңгейге Батыс Қазақстан, Жам­был, Ақмола, Түркістан, Ақтөбе, Шы­ғыс Қазақстан, Павлодар облыста­р­ында, Нұр-Сұлтан және Алматы қала­ларында қол жеткізілді, кейбір өңір­­де көрсеткіштер республикалық дең­гей­ден төмен болды. Олар – Атырау, Қызыл­орда, Маңғыстау облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы.

Үкімет басшысы өңірлердің Эконо­ми­калық өсімді қалпына келтірудің ке­шенді жоспары мен мемлекеттік бағдар­ламаларды іске асыру, отандық өнді­рісті барынша қолдау, инвестиция­лар тарту, экспортты ілгерілету, халықтың жұ­мыспен қамтылуын сақтау және тұрақты жұмыс орындарын құру үшін барлық ша­раларды белсенді түрде қабылдау қажеттігін атап өтті.

«Қазіргі жағдайда бюджет қаражатын ұтымды әрі тиімді жұмсау қажет. Әрбір теңге экономикаға пайда әкелуі тиіс», деді А.Мамин.

Премьер-Министр жарты жылдың қорытындысы бойынша орталық мем­ле­кеттік органдар мен әкімдіктер жұмы­сының тиімділігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төраға­лығымен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралатынын атап өтті.