Аймақтар • 10 Маусым, 2020

Салықтың өсімпұлы соққы болып отыр

131 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тіршілік ырғағын теңселтіп жіберген төтенше жағдай, карантин шаралары ешкімге оңай тиген жоқ. Ал күнделікті кірісі мен шығысын қалт жібермей қадағалап, нәсібінің ағынын реттеп отырған кәсіпкерлердің де қапелімде абдырап қалғаны жасырын емес. Алайда оқыстан кездесетін қиын жағдайларға тез әрі тиімді бейімделіп, тығырықтан шығар ұтымды жолды таба білген кәсіпкерлер етек-жеңін жинап алды. Дегенмен, олар қаржылық қиындықтар әлі де өз шешімін табатын күнді күтуде.

Салықтың өсімпұлы соққы болып отыр

Маңғыстаулық кәсіпкерлер елде төтенше жағдай жарияланған тұста біраз кедергілермен бетпе-бет келді. Ақтаудағы 20 жылдан астам уақыт жиһаз нарығында жұмыс істейтін кәсіпорынды Ирина Беляева басқарады. 1997 жылы іргесі қаланған мекеме 7 адаммен жұмысын бастап, бүгін­де 250 адамды еңбекпен қам­тып отырған іргелі ұжымға айналды.

Карантин кезінде компания біраз қиындыққа ұшыра­ды. Дүкендері жабылып, қызметкер­лер тұтастай ақысыз еңбек демалысына кетті. Осы аралықта мемлекеттен бөлінген 42 500 теңге кәсіпорын жұмысшыларына төле­ніп, көп септігін тигізді. Төтен­ше жағдай жарияланған айда кіріс 100% тоқтап қалды. Кәсіп­орын басшылары ойлана келе, бизнестің онлайн сатылым түріне көшуді жөн деп шешті. Соған қарамастан, сәуір айында жос­пар­дың 25%-ы ғана орындалды.

– Халыққа жылдам қызмет көрсету үшін бейнеқоңыраумен жұмыс істедік. Бірақ жиһаз өнер­кәсібінде өнімді көзбен көрмей алу мүмкін емес. Әлгі байланыс түрімен таңдалған тауарды тұтынушыларға жан-жағынан түсіріп көрсетіп, таңдау жасауына барынша жағдай жасадық. Жиһазды үйіне дейін жеткізіп бердік. Жиһаз жасауға қажетті материалдар құны да 10-20%-ға өсті. Доллардың қымбаттауы бізге екінші соққы болды. Өйт­кені барлық материалдар, фурнитуралар шетелден тасымалданады. Тауарлар сатылымы түсіп кетті. Дүкенімізді ашуға жақында ғана рұқсат алдық. Онлайн сату әлі де жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік желілерде де жұмысымызды күшейттік. Өйткені халықтың санасында әлі де қорқыныш бар. Қашықтан сауда жасауды қолай көреді, – дейді Ирина Беляева.

Кәсіпкердің айтуынша, сауда­ның бұрынғы қалыпқа келуіне әлі біраз уақыт қажет. Мамыр айын­да жұмыс қарқынына 50% қо­сылды, маусымда 60%-ға жет­кізсе, шілдеде 80%, ал қыр­кү­йек­те толықтай былтырғы көрсет­кішке көтерілу жоспарланып отыр.

Кәсіпорынның екінші деңгей­лі банктерде де біраз несиесі бар. Мемлекеттің қолдауымен несие үш айға шегерілген. Ешқандай өсімпұл сұрамаған банк карантиннен кейінгі қиындық салдарын саралап, жеңілдік жасады.

Маңғыстауда Зивира Хасанова 20 жыл бойы жетекшілік ететін, жұмысшы киімін, күнделікті киім мен аяқкиім тігетін «Жа­мал-ай» кәсіпорнына да каран­тиннің тигізген кедергілері көп. Жол­да қозғалыстың тоқтап қалуы қалалармен, елдермен бай­­ла­ныс орнатуға мүмкіндік бер­­меді. Тәртіп күшейтілген кез­де кә­сіп­орындағы 160-тан астам адам еңбек демалысына жіберілді. Басқарушы құрам ғана онлайн жұмыс істеді. Бетперде тігумен шұғылданған мамандар қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, арнайы көлікпен тасы­малданды. Негізгі жұмыс жос­парының үштен бірі тоқтады. Доллар мен еуро құнының ша­рық­тауы шикізат бағасын да өсі­ріп жіберді. Бірақ қандай қиын жағ­дай болса да жұмысшылар қыс­қар­тылмаған. Компания «Са­мұрық-Қазына» жариялаған сатып алуларға қатысып, жұмыс­шы­лардың жалақыларын төлеп отыр. 

Аяқкиім өндірісі толық тоқ­тап қалды. Дүкендер мен сауда орын­дарының жабылуы онлайн саудаға көшуге негіз болды. Бірақ оның өзі тек Ақтау қа­ласының нарығын ғана қамтиды.

– Біздегі ең күрделі мәселе – салық төлемі болып отыр. Үкімет тарапынан берілген жеңілдіктерге жеңіл өнеркәсіп ретінде қол жеткізе алмаймыз. Қазір салық көлемі өсіп, оны төлеу міндеті тұр. Кешіккен күндерге өсімпұл жүреді, – деп қынжылады кәсіпкер Зивира.

«Жамал-ай» кәсіпорнының салық мәселесіндегі қиындығы жеңіл емес. Ұзақ жылдардан бері халық игілігіне қызмет етіп, сапалы аяқкиім өндірумен танымал бол­ған отандық кәсіпорынның мәсе­лесі құзырлы орындар тарапы­нан қолдауға ие болып, оң шешілсе дейміз. Карантиннің кедергісін еңсеруге көрсетілген көмек күш берсе құба-құп болар еді. Әйтпесе салықтың өсімпұлы жұмысқа да, жүйкеге де салмақ болары анық.

 

Маңғыстау облысы