Бүгінгі күні 500-ге жуық адам мемлекеттік қызметті онлайн режімінде алу дағдылары бойынша ұйымдастырған тиісті оқу курстарынан өткен. Ендігі кезекте жас мамандар халыққа мобильді азаматтар базасында өз бетінше тіркелуге, ЭЦҚ алуға, халыққа қызмет көрсету орталығына кезекті брондауға, сондай-ақ egov.kz порталында электронды қызметтерді алуға көмектеседі деп жоспарланып отыр.
«Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ төрайымы Әсемгүл Балташеваның айтуынша, мемлекеттік корпорация төтенше жағдай мен карантин енгізілгенге дейін де волонтерлер ұйымдарымен бірлескен жұмыстар бастаған. «Карантин кезінде халыққа электронды үкімет мүмкіндіктерін түсіндіріп, үйде отырып та бірқатар қызметті пайдалануға болатынын көрсететін кез келгенін ұқтық. Қазір еріктілердің көмегі бұрынғыдан да қажет бола түсті», деді құрылым басшысы.
«Өңірлердегі түсіндірме жұмыстарына еріктілер тартылды, олар ХҚО-ға келуші азаматтарға кеңес бере отырып, бізге үлкен қолдау көрсетіп жатыр. ХҚО-лар 2 айға жуық уақыт жұмыс істемегендіктен, қызмет алушылардың саны күрт көбейді. Сондықтан қазіргі уақытта біздің барлық маман мемлекеттік қызметтерді көрсетумен айналысуда», деді Ә.Балташева.
Жақында белгілі болғандай, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының ғимараттарында бұдан былай электронды қызметтер көрсетілмейді. Оларды әкімдіктерде, сауда және ойын-сауық орталықтарында, медициналық ұйымдар мен университеттерде және басқа жерлерде орналасқан арнайы egov бұрыштарынан алуға болады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 600-ден астам электронды қызмет көрсететін бұрыш ашылды. Еріктілер азаматтарға сол жерлерде де кеңес береді деп жоспарланған. Сондай-ақ қызметтерді өз бетінше алу бойынша кеңестер халыққа қызмет көрсету ғимаратының кіреберісінде және цифрлы халыққа қызмет көрсету орталықтарында көрсетіледі.
Қызылордалық «Golden Qazaqstan» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытбек Кенжебектің айтуынша, олар ең алдымен ХҚО-ның жұмыс барысымен, қызмет көрсетудің жаңа форматымен танысып, оқудан өткен.
«Мұнда волонтерлер өз біліктіліктерін арттырып қана қоймай, халықтың көп сұрататын мемлекеттік қызметтері бойынша кеңес беріп, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарында тұрғындарға онлайн қызметтерді алу жолдарын түсіндіріп, көмек көрсетіп жатыр. Халықтың кәдесіне жарап, цифрлы дағдыларын жоғарылатуға көмектесіп жатқанымызға қуаныштымыз», деп толықтырды Бақытбек.
Құрылым ақпаратына сүйенсек, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жұмыс істегісі келетін жастардың көпшілігі Қарағанды облысы мен Шымкент қаласынан.