Руханият • 10 Маусым, 2020

Үзілген ән...

284 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

...Оның сұлулық тұнған сыршыл жанына өзге түгіл өзіне беймәлім бір тылсым әуен ұя салып, үнемі маза бермейтін. Ол қазақтың өзіндей кеңдікпен астасқан әлдебір еркін тынысты, әншінің барлық дауыс мүмкіндігін ашатын ғаламат шығарма арқылы туған халқының бар арман-мұрат, мұң-сырын жеткізуді армандайтын. Сол арқылы шексіз-шетсіз қазақ даласын ән әлдиімен тербеткісі келетін...

Үзілген ән...

Е.Брусиловскийдің әйгілі «Қыз Жібек» операсының партитурасын тұңғыш рет қолына алғанда, сол арманына біртабан жақындағандай есі шығып ерекше қуанған-тын. Іштей дайындалып, қойылым премьера­сын асыға күткен. Алайда ол әнінің межелі уақытта тыңдарманына жетпей, бас кейіпкер Қыз Жі­бектің Төлегенін жоқтайтын ария­сындай көрермені үшін бір-ақ сәтте азалы әуенге айналып кетерін Әнші ол уақытта тіпті сезбеген де еді...

 * * *

...1925 жыл. Халықтар достығын паш еткен өнер жәрмеңкесінде ән салған Әміре талантына сол кезде тәнті болмаған, қол со­ғып қошеметін білдірмеген жан болмапты. Францияның талғампаз қауымы бірауыздан байқаудың күміс жүлдесін сонау қияндағы қазақтай қасиетті елдің абыройын арқалап барған Әміренің қанжығасына байлап берген еді.

 * * *

...Сәні мен салтанаты ке­ліс­кен бүкіл­әлемдік көрме­ден делегация үлкен әсер, шы­ғармашылық шабытпен оралды. Тек Әміре ғана одан кейінгі болашақ өмірін астаң-кестең ет­кен аласапыран алапатты ар­қалап қайтты. Бәріне себеп – әнші етігімен бірге Еуропаға жол тартқан бір жапырақ қағаз!

 * * *

...1925 жылдың жазында, яғни Парижде өтетін бүкіл­әлем­дік көрмеге қарайлас уақыт­та Мәскеудегі татар етік­шісіне ерекше тапсырыспен етік жөндеу ісі жүктеледі. Тап­сырыс беруші жап-жаңа етік­тің ұлтара­ғы­ның астына әлде­бір хатты салып, қайта­дан ті­гіп беруін өтінеді. Алдын-ала жос­­­парланғандай, аяқкиім Әміренің аяғы­на киілген күйі француздарды таңдай қақ­­тырған ғаламат әнші әнімен бір­ге Еуро­паға қарай шекара асып кете барады. Ол хат жай­лы, жазбадағы айтылған әңгіме жайлы нақты мәлімет болмағандықтан, мәселе күні бүгінге дейін беймәлім болып келді. Десе де, алаштану­шы ғалымдардың зерттеу нә­тижесі көрсеткендей, хат жол­даушының – Әлихан Бөкей­хан, ал алушы – Мұстафа Шоқай екен­дігі анықталып отыр.

 * * *

Франция сапарынан кейін ұлы әншінің өмірі адам төзгісіз дүрбелеңге айналды. Себеп – Әміре Қашаубаев пен ұлт қайрат­кері Мұстафа Шоқайдың Париждегі құпия кездесуі. Жат елдегі жүздесу жайлы әнші­нің өзі губерниялық «Қазақ ті­лі» газетіне Париж сапары турасынан сұхбат беріп отырып мәлім етеді. Осыны желеу еткен Біріккен бас саяси басқарма (ОГПУ) тыңшылары қазақ эмигранты Мұстафа Шоқаймен астыртын байланысы бар деп күдіктеніп, Әмірені сансыз сұрақтың астына алады. Мұның барлығы Әмі­ре­­нің нәзік жанын аямай жаншиды. Әсіресе жанына қатты батқаны – Евгений Бру­силовскийдің қолтаңбасында 1934 жылдың 7 қарашасы күні қойылған қазақтың тұңғыш операсынан алапат әншіге лайық рөлдің табылмауы болды.

 * * *

Өнер иесінің қиын күндердегі аянышты халін Евге­ний Брусиловский өз естелігінде былай сурет­тейді: «Париж бен Страсбургтің сахналарында жарық жұлдыздай жарқ етіп көрінген Әміре Қашаубаев сенің алдыңда тұр. Көзі қанталап мөлиген, денесіне тер сіңген, даусы қарлыққан, еңсесі пәс адам сол Әміре Қашаубаев па? Әлі де болса, маған бірдеңені дәлелдемек болады... Көпе-көрнеу жылап тұр. Бірақ бұл мастықтың әсерінен тө­гіл­ген көз жасы емес еді. Жоғалған, ал­дан­­ған өмірдің ащы солығы еді. Өзінің жал­ғыз­сырап қалғанына, елеусіз қалғанына қатты қамығады ол...».

 * * *

...1934 жылдың 7 қарашасы. Дәл осы күні Евгений Брусиловский жазған қазақ­­­тың тұңғыш операсы «Қыз Жібек» қойы­лымының премьерасы өтті. Қазақ өнері үшін үлкен жаңалық! Тура сол шат-шадыман шақ­та жиылған жұрт қазақ өнерін ойсыратып кеткен қаралы хабарды да естіді: «Ән атасы Әміре Қашаубаев қайтыс болды...».

Қойылымнан өзіне лайық рөл бұйырмаса да, театрға күнде келіп, дайындыққа қаты­сып, операның сахналануын асыға күтіп жүр­ген әншінің жансыз денесі дәл өзі тағат­сыз­дана күткен «Қыз Жібегінің» тұсауы кесі­­летін күннің қарсаңында опера театрына жа­­қын маңнан табылыпты.

...Сахнадағы Қыз Жібектің Төлегенін жоқ­тауы ендігі сәтте күллі қазақтың азалы күйіне ауысып жүре берді... Тұңғыш опера­сының тұсауын кесіп қуанған қазақ сахнасы алапат әншісін жоғалтып және жылап тұрды. Шатыр-шұтыр соғылған шапалақтың шаттықты үнін қара жерге тырс-тырс тамған көз жасы құмықтыра берді...