Бұл күндері екеуінің де даңқы дүркіреп тұр. Хорватиядан АҚШ-қа қоныс аударған эмигранттар отбасында дүниеге келген 37 жастағы Стипе Миочич 22 рет октагонға шығып, 19 рет үстемдік танытты. 15 қарсыласын есінен тандырды. Қазіргі кезде ол UFC чемпионы.
41 жастағы Даниел Кормье еркін күрестің хас шебері. Кезінде ол Панамерика ойындарын ұтып, әлем чемпионаты мен әлем кубогы жолындағы жарыстарда жүлдегерлер санатына қосылды. 2004 жылы Афины Олимпиадасында төртінші орынға табан тіреді. Боз кілеммен қо айтысқаннан кейін АҚШ-тың Луизиана штатының тумасы аралас жекпе-жекке ден қойды. Барлығы 25 кездесу өткізген ол 22 рет жеңіске жетті. 15 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Екі рет ұтылып, тағы бір сайыстың нәтижесі есепке алынбады.
Осыған дейін октагонда қос саңлақтың жолы екі мәрте қиысты. 2018 жылдың 7 шілдесінде Кормье қарсыласын бірінші раундта-ақ ұрып жықты. 2019 жылдың 17 тамызында Миочич есе қайтарды. Төртінші раундта бірнеше ауыр соққы алған Кормье есін жия алмады.