Аймақтар • 10 Маусым, 2020

Атыраудағы Миялы мен Мұқырда індет індеп кетті

1846 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Екі ауыл да –Қызылқоға ауданының аумағындағы ірі елді мекендер. Аудандық бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Алтынгүл Аймұратованың мәліметінше, Миялы ауылында карантин режимі, ал, Мұқыр ауылында шектеу шаралары енгізілді, - деп хабарлайды Egemen.kz

Атыраудағы Миялы мен Мұқырда індет індеп кетті

Аталған ауылдарда бүгін, 10 маусым сағат 00:00-де басталған карантин мен шектеу шаралары 24 маусым күнгі таңғы сағат  07:00-ге дейін жалғасқалы отыр.

"Карантин режимі мезгілінде Миялы ауылына адамдар мен автокөліктердің кіріп-шығуына тыйым салынсын. Миялы ауылының тұрғындары өзге өңірлерден карантин жарияланған уақыттан бастап 72 сағат ішінде келген жағдайда, ауылға кіруге рұқсат етілсін", - делінген қаулыда.

Миялы мен Мұқыр ауылдарында  азық-түлік базарлары мен дүкендеріне, дәріханаларға сағат 9:00-21:00 аралығында жұмыс істеуге рұқсат беріліп отыр.  Ал, ХҚКО мен мешіттер, азық-түлікке жатпайтын сауда орындары мен дүкендер, фотосалондар мен ломбардтар, тігін ательесі мен түрлі шеберханалар, моншалар мен сауналар, мәдениет және спорт кешендері секілді өзге де нысандар, такси қызметі жұмысын тоқтатуы тиіс.

"Қазір ауданда 9 адамнан қауіпті індеттің белгісі анықталды. Оның 8-і Миялының, біреуі Мұқыр ауылының тұрғыны. Олармен байланыста болғандар анықталып жатыр", - деді Қызылқоға ауданының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Алтынгүл Аймұратова.