05 Қазан, 2013

Футбол. «Ақтөбе» чемпиондыққа жақындай түсті

343 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

05-10-13-futbol-aktyube-1

Бүгін, 5 қазан күні еліміздің 5 қаласында премьер-лига командаларының 29-туры ойындары болып өтті. Бұл күні тек кеше Еуропа лигасының 2-туры матчын өткерген Қарағандының «Шахтері» мен Шымкенттің «Ордабасы» командасы арасындағы ойын ғана ойналған жоқ. Турдағы ең маңызды матчтардың бірі Ақтөбеде керуен керді. Онда қала аттас жергілікті команда Павлодардың «Ертісін» қабылдап, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Кездесудегі алғашқы допты, бірақ, қонақтар соқты. Оны 17-минутта Қазақстан құрамасының мүшесі Дмитрий Шомко түсірді. Алаң иелері үзіліске дейін есепті теңестіре білді. Олар мұны 45-минутта Сергей Давыдовтың күш салуымен жасады. Ал екінші тайм бастала берген шақта (47-минут) Армения құрамасының шабуылшысы Роберт Арзуманян ақтөбеліктерді алға шығарды. Біраздан кейін Марат Хайруллин алаң иелерінің басымдығын екі допқа дейін жеткізді. Бұл жеңіс «Ақтөбенің» ресми түрде чемпион атанатын шағын жақындата түсті. Себебі, осы күнгі тағы бір аса маңызды саналған кездесуде бірінші орыннан үміті бар Астананың «Астанасы» өз алаңында Алматының «Қайратынан» 1:2 есебімен ұтылып қалды. Онда да жеңілген жақ бірінші болып есеп ашты. Оны 45-минутта астаналық Патрик Твумаси түсірді. Екінші таймда қонақтар Виталий Лидің 77 және 80-минуттарда салған екі голының арқасында алға шықты. Осыдан кейін «Ақтөбе» мен «Астана» арасындағы айырмашылық 6 ұпайға дейін жетті. Бұл турда тап осындай 2:1 деген есеп тағы екі ойында тіркелді. Солардың бірінде Қостанайдың «Тобылы» Өскеменнің «Востогын» жеңді. Мұнда да жеңілген команда бірінші болып гол соқты. Меймандар сапындағы Тринидад пен Тобаго құрамасының ойыншысы Раданрах Абу Бакрдің аяғынан ұшқан доп 34-минутта алаң иелерінің қақпасында тулап жатты. Қостанайлықтар да голдың есесін қайтару мен алға шығудың арасын көп созбады. Олар алғашқы голдарын 71-минутта (Александр Шкот) түсірсе, екінші рет қақпаны алуды 75-минутта (Александр Алумон) жүзеге асырды. Келесі 2:1 деген есепті жанкүйерлер Оралда көрді. Жергілікті «Ақжайық» тап осындай нәтижемен «Таразды» сүріндірді. Ал Талдықорғанда жергілікті «Жетісу» мен Атыраудың «Атырау» командалары арасындағы ойында есеп ашылған жоқ. Осы турдан кейін бірінші орындағы «Ақтөбенің» ұпайы 39-ға жетті. Дамир Қожамқұл.   Cуретте: «Ақтөбе» командасының ойыншылары бір-бірін жеңіспен құттықтап жатыр.