
Венгрияның Капошвари қаласындағы университеттің студент қыздары оқу орнындағы семинарлардың бірін қазан айының басынан енгізілген жаңа дресс-кодқа қарсылық ретінде іш киімдерімен өткізді. Ал «жалаңаш семинардың» бейнежазбасы жергілікті Kapos Pont телеарнасынан көрсетілді. Бұл туралы «Лента.ру» хабарлады.
Акцияға барлығы 11 студент қыз қатысты. Олар аудиторияға кірісімен, іш киімдеріне дейінгі киімдерін түгел шешіп тастап, алдарын оқулықтармен жауып, семинар өткізді.
Мадьяр қыздарының мұндай акция өткізулеріне Капошвари университеті басшылығының жаңа тәртібі себеп болған. Жаңа мизамға сәйкес, студенттер мен оқытушыларға жоғары оқу орнының аумағына қысқа юбкамен, шортпен, аспа баулы немесе жанындағы тілігі ұзын көйлекпен және сүйретпе аяқкиіммен келуге тыйым салынған. Бұдан бөлек, ашық макияж бен ірі аксессуар жасауға, иісі өткір әтір себуге рұқсат етілмеген. Ал ер кісілер, осы тәртіпке сай, оқу орнына тек қара қошқыл түсті кәстөммен келуге тиіс-тін.
Университет ректоры тек жаздың ыстық күндерінде ғана жеңіл киімдермен жүруге мүмкіндік беріпті. Акцияға қатысушы студенттер ереженің осы тармағына сүйеніп, өз үндерін білдірген көрінеді. Олар аудиториялардың ыстық екені сондай, шешініп отырмаса болмайтынын алға тартқан.
Енді студенттер жаңа акция дайындап жатқанға ұқсайды. Қыздар енді сабаққа сүйретпе аяқкиіммен және жағажай сүлгісімен келмекші.
Мұрат Айтқожа.