Аймақтар • 10 Маусым, 2020

Түркістанда үйіргелік жерді тиімді пайдалану тәсілдері талқыланды

487 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түлкібас ауданында пилоттық жоба ретінде тамшылатып суғару әдісін 150  шаруа қолға алған. Енді бұл тәсілді үйіргелік жерлерге ендіру жоспарланып отыр, - деп жазады Egemen.kz

Түркістанда үйіргелік жерді тиімді пайдалану тәсілдері талқыланды

Осы орайда, мысалы, аудандық ауылшаруашылығы бөлімімен жеке кәсіпкер Т.Сейсенбаев арасында израильдік технологияны орнату бойынша келісім түзілген.  Соның негізінде  Талғат Сейсенбаевтың есік алдындағы жеріне тамшылатып суару технологиясы орнатылмақ. Құны да қарапайым ауыл тұрғындары үшін   тиімді. Он соттық жерге кететін шығын - 200 мың теңге. Қазірдің өзінде ауыл тұрғындарының  бұл жобаға деген қызығушылығы басым. Сол арқылы әкімдік жұртты  жұмыспен қамтымақ.

Үйіргелік жерге тиімді тәсілді пайдаланып, мол өнім алуға болады. Түлкібас ауданындағы Шақпақ ауылдық округінде өткен көшпелі семинарда осы мәселе талқыланды. Оған қоса қатысушыларға мемлекеттен берілетін гранттар мен несие алу жолдары түсіндірілді. Семинарда аудан әкімі Нұрлан Байғұт пен салаға жауапты мамандар, ауыл әкімдері мен қожалық иелері есік алдындағы жерді пайдаланып қана қоймай, озық технология күшімен жылына екі өнім алу жолдарын да әңгімеледі. Израильдік технологияның қарапайым арық арқылы суғару әдісінен ерекшелігі - жерді аударып дайындауды және арық қазуды қажет етпейді. Қарапайым суғару әдісінен қарағанда өнімді 3 есе көп береді. Сондай-ақ, егілген көкөніс айналасынан жабайы шөп шықпайды.

Семинар барысында қатысушылар "Береке", "Империя", "Жарқынбек" және "Ақ биік" шаруақожалықтарының жұмысымен танысып, қажетті мағлұматтар алды.

 

 

Түркістан облысы