Білім • 11 Маусым, 2020

Талапкерге талап көбейіп тұр

723 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде жарияланған карантин әр өңірлердегі жағдайға байланысты әлі толық алынбады, себебі күн сайын коронавирус жұқтырғандардың саны артып барады. Ал Ұлттық бірыңғай тестілеудің уақыты таяп келеді. Биылғы ҰБТ-ның жүгі бұрынғыдан екі есе ауыр болып тұр. Себебі ата-ана енді баласының тестілеудегі нәтижесіне ғана емес, адам көп жиналатын жерде вирус жұқтыру қаупіне де қоса қам жейді. Бұл бір жағынан тестілеуді ұйымдастырушы тарапқа, екіншіден өмір қауіпсіздік дағдыларын 11-12 жыл бойы қаншалықты игергенін көрсететін түлектерге де үлкен сынақ болмақ.

Талапкерге талап көбейіп тұр

Сөз бен істің арасы

Жалпы, алдағы ҰБТ-да са­нитар­лық талаптардың қалай сақ­та­латынын Премьер-Министр­дің орын­басары Ералы Тоғжанов жақында өткен онлайн бри­финг­тің бірінде: «Барлық ҰБТ өткізу орындары тепловизор, дезинфекциялық тоннель және аяқкиімді зарарсыздандыруға ар­налған кілемшелер, медици­налық пункттер, санитайзерлер, маскалармен қамтамасыз етіледі», деп айтқан болатын. Сондай-ақ Е.Тоғжанов ҰБТ-ны өткізудің санитарлық-эпиде­миялық талаптары бо­йын­ша нұсқаулық­ты әзірлеу қажет екеніне, әлеу­мет­тік ара­қашық­тық­ты сақтау, санитарлық талаптарды міндетті түрде орындау, оқушыларды тес­тілеу орындарына жеткізудің қауіп­­сіздік шараларын ұйым­дас­тыруға тоқталған.

Дегенмен сөз бен істің сай келуі дәл қазір маңызды мәселеге ай­налып тұр. Себебі аттестат тап­­сыру рәсімін өткізу бойын­ша да Білім және ғылым ми­нистр­­лігі тарапынан арнайы ұсы­ным жариялаған еді. Онда: «Рәсім­ге әрбір түлекпен 1 неме­се 2 ата-ана ғана қатыса алады, одан көп болмауы керек. Соны­мен қатар санитарлық талаптар мен адамдар арасындағы ара­қа­шықтық сақталып, шараға қаты­су­шылардың барлығы маска тағуы тиіс», деп көрсетілген-тін. Бірақ маусым айының 3-4 күн­дері­не белгіленген рәсімді көру үшін редакция маңындағы 1-2 мек­­тепті сырттай бақыладық. Сон­да оқушылардың аулада топ-топ болып жиналып тұрғанын көрдік. Әрі біразы маскасыз жүр.

Бұл ретте ата-аналардың аз болғанын айта кеткен жөн. Ал өңірлердегі таныс-туыс­тар­дың әлеу­меттік желілер­де тарат­қан ви­део­ларынан түлек­тер­дің емін-еркін вальс билеп жүр­гені ара­қа­шықтықтың қанша­лық­ты дең­гейде сақталғанын анық көр­сете­тін­дей. Әлбетте, өмір­­де бір болатын шарада көңіл­дегіні жасаған жақсы, алайда адам­ның өмірі бәрінен бірінші тұруы тиіс.

Нақты нәтижеге келгенде осындай сөз бен істің алшақтығы, аттестат тапсыру рә­сі­міндегі тәжірибе ҰБТ-ны биыл екі есе кү­­шейіп тұрған талапқа сай өткізуге сабақ бола ала ма?

 

Дезинфекциялаудың 5 кезеңінен өтеді

Жоғарыдағы салмақты сауалмен Ұлт­тық бірыңғай тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұловқа хабарластық. Ол бізге биылғы тестілеуді өткізу дайын­ды­ғына екі есе күш салып жатқанын жет­кізді. Бұл жолғы ҰБТ-да негізгі талаптар­дың бірі ересектерден бас­тау алып тұрған­дай. Себебі алдағы тестілеуде ҰБТ өткізу пунк­тінің аума­ғында ата-аналардың, мұға­лім және басқа адамдардың болуына рұқсат етіл­мейді. Бәрін бақылау үшін әр аудиториядан онлайн трансляция жүргізіледі. ҰБТ-ға талапкерлерді баррикадты ленталар арқы­лы 2 метр қашықтықты сақтай отырып өткізеді.

«Коронавирустық инфекцияның таралу қаупін азайту мақсатында ауди­ториядағы тес­­тілеуге қатысу­шылардың саны 50%-ға қыс­­қартылды, олардың арасында кемінде 2 метр қашықтық сақталады. Сонымен қа­тар талапкер дезинфекциялаудың 5 ке­зеңінен өтеді. Бірінші тоннель арқылы түр­­лі инфекциядан бойын тазартады, содан соң аяқ- киімдерін арнайы кілемшемен дезин­­фекциялайды. Үшінші қолдарына анти­­септик себеді. Артынша дене қызуын өлшетіп, маскамен қамтамасыз етіледі. Қа­ты­сушылар арасындағы 2 метрлік арақа­шықтық отыратын орындарда ғана емес, тестілеуге кіргізуде де сақталуы тиіс», дей­ді Д.Смағұлов.

Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы дирек­торының мәлімдеуінше, ҰБТ өткі­зу жоспары аймақтардағы бас са­ни­­тар­лық дәрігерлермен келісілген. Ме­дициналық қызметкерлер мен жедел жәр­дем машиналарының кезекшілігі қа­рас­­тырылады. Осыған қоса ҰБТ-ның өт­кі­з­ілу барысын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттінің жанынан құрылған Ар­найы мониторингтік топ (АМТ) бақы­лайды. Бұдан бөлек бақылау ісіне ахуалдық және call-орталықтар атсалысады.

 

Қандай өзгерістер күтіп тұр?

Бір жылдары талапкер қыздың орнына тест тапсыруға кірген студент жігіттің жайы жұртты біраз шулатқан еді. Енді талапкерлер өзінің орнына ҰБТ-ға басқа адамды кіргізе алмайды. Өйт­кені биылдан бастап тестілеу пункт­терінің кіреберісінде талапкер жеке тұл­ғаны бет-әлпетінен тани­тын (Face ID) бағдар­лама арқылы сәй­кестендіруден өтеді.

Биылғы ҰБТ-ның екінші бір ерекше өзгерісі сертификатта болып тұр. Жо­ғары оқу орнынан кейінгі білім беру депар­таментінің директоры Әділет Тойбаев бұл туралы: ҰБТ-дағы тағы бір өзгеріс сертификатпен байланыс­ты. Маусым айында өтетін тестілеудің қо­ры­­тындысында бұрынғыдай қағаз түрін­­дегі сертификат емес, электронды сертификат беріледі», деген-ді. Айт­пақшы сертификатпен қоса білім грантын беру туралы куәлік те электронды нұсқада болмақ.

Педагогикалық мамандықтарға тапсыратын талапкерлер енді ең аз дегенде 70 балл жинау керек. Бұл шешім педа­гогикалық мамандықтың тартым­ды­лы­ғын арттыру мақсатында қабыл­данды. Осы тұрғыда педа­гогикалық мамандықтар бойынша оқуғ­а түсу үшін шекті баллды 70 бал­ға дейін кө­теру қарастырылған. Сондай-ақ педа­го­гикалық мамандықтарда оқитын сту­дент­тердің шәкіртақысы 42 мың теңгеге дейін артады.

ҰБТ-дағы тағы бір елеулі өзгеріс каль­ку­ляторға қатысты болып отыр. Алдағы тестілеуді тапсырушылар ҰБТ кезінде каль­кулятор қолдана алады. Ұлттық тес­тілеу орталығы мұндай қа­дам­ға ата-аналар­дың қалауымен барға­нын ха­барлады. Бірақ та­лапкердің қала­ған құрылғыны үйінен алып келуіне бол­майды. Тестілеуге алып кі­руге болатын қарапайым калькуляторды тек ҰБТ тапсыру орындарында ғана бері­­л­еді.

Қазіргі таңда жас буын шетелдік уни­вер­ситеттердің талапкерлерге бере­тін  мүм­кіндігін пайдалануға және түр­лі әлем­дік білім байқауларында бақ сынауға бейім. Осы ретте талапты талапкерге ҰБТ­-ны тап­­­сырмай-ақ білім беру гран­тының конкурсына қаты­суға жағдай жасалып отыр. Бұл үшін талапкер SAT, ACТ және IB халық­аралық стандартталған тес­тілеу­лерді тапсырып, сер­тификат иеленген болуы керек. Себебі Ұлттық тестілеу орталығы биыл аталған тес­тілерді тапсырған талапкердің балын ҰБТ балына ауыстыру шкаласын енгізуге шешім қабылдады.

Қоса кетейік, биыл ҰБТ-ны 131 мың 755 адам тапсырады. Оның 111 мың 109-ы биылғы бітірушілер болса, колледж және өткен жылғы бі­тірушілерден 20 мың 646 өтінім түс­кен. Талапкерлердің 98 мың 169-ы тестілеуді (74,5%) қазақ ті­лінде, 33 мың 368-і (25,3%) орыс ті­лінде және 218-і (0,2%) ағылшын ті­лінде тап­сыруға ниетті.