Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр құзырлы органдарға Марқакөлдегі жағдайды мұқият зерттеуді тапсырғаннан кейін өңірдің барлық су қоймаларына тексеру жүргізілген. Облыстық прокуратура өңірдің құқық қорғау органдары өкілдерімен бірлесе Марқакөлге арнайы барып, ведомствоаралық кеңес өткізіп, көлдегі түйінді мәселелерді жан-жақты талқылаған-ды.
«Браконьерлік мәселесі біздің облысымыз үшін әлі де өзекті. Қазіргі уақытта облыста Ертіс бассейнінің 4 су қоймасында және Зайсан, Өскемен, Шүлбі және Бұқтырма су қоймаларының 40 учаскесінде балық ауланады. Біз арнайы талдау жасаған кезде аумақтық инспекция, қорықшылар қызметі және жедел жасақтар мен табиғатты қорғау полициясының қызметіндегі көптеген кемшілікті анықтадық. Аталған ведомстволар көбінесе ұсақ құқық бұзушылықтарды, мысалы, балық аулаудың жеке фактілерін ғана анықтайды. Браконьерлікке қарсы іс-қимыл бойынша жүйелі жұмыс жүргізбейді, қылмыстық схемалар анықталмайды. Бір қызметкер айына екі-үш тәртіп бұзушылық және 2-5 килограмм заңсыз балық аулау фактілерін ғана тіркейді. Соңғы екі жылда аумақтық инспекция анықтаған 2087 әкімшілік құқық бұзушылықтың 362-сі ғана елеулі бұзушылыққа жатады. Марқакөлде кеңес өткізгенде қорық басшылығына жұмысты ширатуды, нақты шаралар қабылдауды, ал құқық қорғау органдарына, әсіресе уылдырық шашу кезеңінде заң бұзушылықтарды анықтау және сапалы тергеуді қамтамасыз етуді міндеттедік», дейді облыстың бас прокуроры Құсайын Игембаев.
Оның айтуынша, аймақтың ерекшелігін ескере отырып, браконьерлермен күрес негізгі міндеттердің бірі болуы керек. Бұл бағытта Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне көлдегі мәселелер бойынша ұсыныстар жіберілген екен.
«Арнайы белгіленген балық аулау орындарының санын қысқартуға байланысты бастамаларымыз да ведомство тарапынан қолдау тапты. Су құзғыны (баклан) санын реттеуге болатын құстар тізіміне енгізілді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің бұйрығымен Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының қорғалатын аумағына қатысты ережеге түзету жасалды. Матабай, Қарағайлыбұлақ және төменгі Қарағайлыбұлақ ауылдары арнайы балық аулау тізімінен алынып, Ұранқай ауылына жақын бір ғана жер қалдырылды. Ең бастысы, қорықтың материалдық-техникалық жағдайы жақсарды, шана, фототұзақтар мен моторлы қайықтар берілді. Бұдан бөлек балық ресурстарының заңсыз айналымының жолын кесу мақсатында облыстың бес ауданын – Зайсан, Тарбағатай, Көкпекті, Күршім және Алтайда прокурорлар бастаған мобильдік топтардың жұмысы жандандырылды. Қазіргі уақытта олар 50-ден аса рейдтік іс-шара жүргізді, табиғат қорғау заңнамасының көптеген заң бұзушылықтары анықталып, кінәлі адамдар жауапқа тартылды» дейді облыстық прокуратура өкілі.
Мысалы, Марқакөл қорығының аумағында табиғат қорғау заңнамасының 16 бұзушылықтары анықталған, сол бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған. Күршім ауданында 1800 метр балық аулайтын ау алынып, жалпы салмағы 433 килограмм балықты заңсыз тасымалдаған автокөлік тоқтатылған. Тарбағатайда 11 тонна ақсерке балығын тиеген автокөлік пен құжатсыз 22 тонна балығы бар бес тоңазытқыш анықталған. Ал Зайсандағы су қоймаларынан ұзындығы 6 шақырым тыйым салынған желілер тәркіленген. Күршім ауданында қызметтік автокөлікте уылдырық пен балық тасымалдаған жедел әрекет ету жасағының инспекторы ұсталған. Жыл басынан бері сегіз қылмыстық іс тіркеліп, алты қылмыстық іс бойынша айыптау үкімі шығарылған. Ал екі іс бойынша қазір тергеу жүргізіліп жатыр.
Қазір – Марқакөлде балықтардың уылдырық шашатын кезеңі. Осыған орай көл басында рейд шаралары ұйымдастырылып, браконьерлікке жол бермеу үшін құқық қорғау органдарының жұмысы күшейтілген. Қорық аумағына арнайы бекеттер қойылып, фототұзақтар орнатылыпты. Ерекше атап өтетін мәселе, биыл алғаш рет «Қазәуеқұтқару» АҚ-мен келісім жасалып, уылдырық шашу кезеңінде тікұшақпен бақылау жүргізіліпті. Бір сөзбен айтқанда, қазір Марқакөлде жағдай тұрақты.
Шығыс Қазақстан облысы