Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің мәліметінше, бүгінде жобада онлайн режімде оқуға 1200-ден астам өтінім келіп түскен. Іріктеу нәтижесінде, 500-ге жуық әйел барлық талаптарға сай келіп, қазір 200-ге жуық адам білімдерін жетілдіруде. Үш баланың анасы Айнұр Жазықбаева алты ай бұрын тапсырыспен торттар мен бәліштер пісіре бастаған. Кәсіппен айналысқысы келетін әйелдерге арналған тегін курстар туралы білген ол, мүмкіндікті жіберіп алмауды жөн көрген.
«Менің ойымша, осындай мүмкіндік берілсе, оны пайдалану керек. «Кәсіпкер ана» жобасы әртүрлі бағыттар бойынша тренингтерден тұрады. Мен өз өнімдерімді әлеуметтік желілерде таныту үшін SMM-ді таңдадым. Бұрын-соңды ешқашан білмейтін көптеген тәсілді үйрендім. Мысалы, өз өнімімді дұрыс жарнамалауды, оны қалай жүзеге асыруды меңгердім», дейді Айнұр Жазықбаева. Енді ол курстарда фотограф мамандығын меңгеріп, әдемі суреттер ұсынуды үйренуді жоспарлап отыр. Оған қоса тренинг онлайн режімінде өткендіктен, үйден шықпай және балаларды қараусыз қалдырмай барлық қажетті дағдыларды алуға мүмкіндік бар.
Еске салайық, «Кәсіпкер ана» әлеуметтік жобасының тұсаукесері өткен жылдың қыркүйегінде өтті. Оның міндеті көпбалалы әйелдерге, жалғызбасты аналарға, табысы аз әйелдерге, сондай-ақ мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарға жеке ісін бастауға көмектесу.
Айта кететін тағы бір жайт, оқыту 11 негізгі бағытта өтеді. Олар массаж, SММ, копирайтинг, графикалық дизайн, суретке түсіру, маникюр, аспаз, кондитер аспаз, есепші, коуч/психолог, тігінші. Әйелдер бағыттардың біреуін таңдап, оқи алады және курсты аяқтағаны туралы сертификат алады.