05 Қазан, 2013

Бокс. Поветкин-Кличко 0:3!

280 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

05-10-13-povetkin-klichko-2

Қазір ғана Мәскеудегі «Олимпийский» спорт кешенінде ауыр салмақтағы боксшылар ресейлік Александр Поветкин мен украиналық Владимир Кличконың арасындағы әлем чемпиондығы үшін жекпе-жек басталды. Ресейдің «Бірінші арнасынан» көрсетіліп жатқан хабар бір мезгілде әлемнің 20 еліне тарауда. Владимир Кличко Семей жерінде туған. Кейін, Володяның әлі бала шағында әскери қызметтегі әкесі Украинаға қызметке ауысқан. Бұл ұрыстың жалпы жүлде қоры 26 млн. доллар болып отыр. 37 жастағы Владимир Кличко WBA (Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы) нұсқасы бойынша «суперчемпион» атағын, сондай-ақ WBO (Бүкіләлемдік бокс ұйымы) және IBF (Халықаралық бокс федерациясы) чемпиондары атағын қорғайды. 34 жастағы Александр Поветкин WBA чемпионы белбеуінің иегері. Бұған қоса, екуі де әуесқойлар рингінде Олимпиада чемпионы атанып үлгерген. Ал кәсіпқойлар арасында Владимир Кличко 63 ұрыс өткізіп, соның 60-ында жеңіске жетті. Бұлардың 51-ін нокаутпен бітірді. Бірақ соңғы 9 жылда жеңіліп көрген жоқ. Сонымен бірге, 3 ұрыста жеңілістің ащы дәмін татты. Александр Поветкин барлық өткізген 26 жекпе-жегінде мерейі үстем болды. Солардың 18-і нокаутпен бітті. Шайқастың алдында алдымен Украинаның, сосын Ресейдің гимндері ойналды. Бұдан кейін екі алыптың таласына кезек берілді. Бірінші қарағанда, екі боксшының түрі де қобалжулы көрінді. Тіпті Кличко шаршаулы сияқты. Сонымен, 1-раунд. Әзірге Александр еркіндеу қимылдап жүр. Ал Владимир өте сақ. Сәлден кейін оның артықшылығы байқала бастады. Жалпы алғанда, бұл раундта боксшылардың соққы жасағаннан гөрі құшақтасуы, яғни клинчке түсуі көптеу болды. 2-раунд. Бойы аласа Поветкин қарсыласына барынша жақын келгісі келіп ұмтылады. Ал Кличко оған қатты соққы жасауға мүмкіндік берер емес. Бірақ өзі де айрықша соққы жасай қойған жоқ. Кенет... ол сол қолымен қатты ұрып, Сашаны құлатып түсірді. Нокдаун! Арбитр есепті санауға көшті. Осымен раунд бітті. 3-раунд. Бұл кезеңде Александр өзінің осының алдындағы сәтсіздігін қайтарғысы келіп, шабуылға шықты. Оның екі соққысы жақсы тиді. Дегенмен, Владимирдің қорғанысы күшті. Ол қарсыласының қатты соққы жасауына ерік бермей жүр.   4-раунд. Поветкиннің қимылы тым жадағай. Оның келесі кезекте не істейтінін Кличко ұдайы біліп қояды. Сондықтан оны маңына жақындатпайды. Кличконың шайқаста есепті өте жақсы құратынын бұрын да мамандар айтатын. Ол соны осы жерде тағы дәлелдеп берді. Бұл раунд та ешкімнің артықшылығын байқатпады. Бірақ Кличконың бір нокдауны бар.     5-раунд. Спорт кешеніндегі жанкүйерлер Сашаны желпіндіруге тырысып-ақ жатыр. Бірақ ресейлік боксшы бұрынғы қалпынан танар емес. Оның қимылында жаңалық жоқ. Бәрі жаттанды. Таптаурын. Бұл Кличко үшін өте дұрыс болып тұр. Егер шайқас бұдан ары да солай бола берсе, Кличконың ұпай санымен жеңіп кетуі мүмкін. Міне, ол қорғанып жүріп-ақ джебпен екі соққы жасап үлгерді. 6-раунд. Ұрыс қимылында өзгеріс жоқ. Поветкин бұрынғысынша танк секілді туралап алға ұмтылуда. Оның бұл әрекеті әзірге өзін ақтай алмай жүр. Қайта солай жүріп, соққы алып қалып жатыр. Ол қайта-қайта қарсыласының джебіне түсіп қалуда.   7-раунд. Ұрыста әлі өзгеріс жоқ. Міне, Поветкин тағы да Кличконың джебіне түсіп қалды. Нокдаун! Көп өткен жоқ, Владимир тағы да ұрып түсірді. Тағы нокдаун! Үшінші мәрте! Жоқ, енді бітті. Міне, тағы бір соққы! Тағы нокдаун! Төртінші мәрте. Бірақ арбитр шайқасты тоқтатар емес. Негізінде бір раундта 3 нокдаун алған адамға жеңіліс берілуі керек. Шамасы, Поветкин алаң иесі болғасын, оны шығарып тастауға батылы бармаған шығар. 8-раунд. Боксшылар тағы да ринг ортасында тоқайласты. Тағы да клинч. Себебі, Поветкиннің соққы жасауына мүмкіндік бергісі келмеген Кличко тез оның қаруын пайдаландырмай тастайды. Осылай жүріп-ақ Володя ұпай жинап қалуда. Оның жекелеген соққылары дәл тиюде. Әйткенмен, екі боксшының да шаршап қалғандары байқалады. Бүкіл ұрыс күшке салып өтуде. Бұған бірінші кезекте Поветкин кінәлі.    9-раунд. Тағы баяғы көрініс. Тағы та күшке салу. Сондай текетірес кезінде Кличко қарсыласын итеріп құлатты. Содан соң екі рет жақсы джеб өткізді. Мұнда оның ұстанған тактикасы өте тиімді болып тұр. Соның негізінде Поветкин тағы екі рет оның джебін жіберіп алды. Ұрыстың сипаты боксшылардың бір-біріне хук пен апперкот жасауларына жақындатпай тұр.     10-раунд. Міне, чемпиондық раунд та басталды. Соңғы үш раундты мамандар осылай атайды. Себебі, ұрыстың тағдыры осы кездері шешіледі. Дегенмен, украин тарланының енді жеңісті бере қоймайтынына көңіл сеніп қалғандай. Оған Поветкиннің бір жақты қимылға құралған тактикасы да себеп болып отыр. Ол осы раундта да Владимирдің өте көп соққысын алып қалды. 11-раунд. Осы уақытқа дейін Поветкин қарсыласына ұқсатып бір соққы бере алған жоқ. Бұл раундта да украин боксшысының артықшылығы байқалып тұр. Бірақ ол жағдайды ушықтырмай, ақырын ғана жеңіске жетуге бекінген сияқты.   12-раунд. Владимир Кличконың соққылары жойқын. Оның Александр Поветкин ашық қалған кезде ұрғандары қатты тиіп жатыр. Алайда, шаршағандікі шығар, украин жігіті де қателесіп кетуде. Енді шайқастың аяқталуына бір минуттай ғана қалды. Осы тұста керемет бір соққы беріп, нокаутқа түсірмесе, Поветкиннің жеңе қоюы екіталай. Соңғы сәттер екі жақтың бірдей талмай ұрыс салуымен өтті. Гонг! Шайқас аяқталды. Кімнің жеңгені айтпаса да түсінікті. Ол, әрине, Владимир Кличконың уысында кетті. Ал Поветкинге талмай, шаршамай шайқасқа үшін ғана разы болуға болады. Ал Кличко сынды ұлы боксшыны жеңу оның оң жамбасына келмейтін шаруа болып шықты. Міне, төрешінің үшеуі де жеңісті Владимир Кличкоға берді. Таза жеңіс! Талассыз жеңіс! Осы ұрыстың алдында әбден бөріккен ресейлік комментаторлардың көмейлерін бітеді бұл жеңіс! Біз жерлесіміз Владимир Кличконы осы ұлы жеңісімен құттықтаймыз. Семей топырағына қаны тамған тарлан тағы да өзінің мықты екенін танытты. Ал Поветкин кәсіпқойлар рингінде өзінің бірінші жеңілісіне ұшырады. Владимир Кличко 9 жылдан бері үзілмей келе жатқан жеңісті жолын жалғады. Біздің осы шайқас алдында айтқан болжамымыз тура келді. Руслан Игілік.  
Соңғы жаңалықтар