Аймақтар • 11 Маусым, 2020

Алға қойған мақсаты үлкен

533 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауылды жерлерде тұратын тұрғындар үшін де қазіргі кезде өзінің жеке кәсібін бастауға барлық мүмкіндік бар. Мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несие қарастырылған. Қолдау нәтижесінде көптеген ауылдықтар кәсіп бастап, нәсібін содан табуда.

Алға қойған мақсаты үлкен

Сарысу ауданы, Жаңатас қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Айсұлу Тұрсынбаева да бүгінде мемлекет қолдауының нәтижесінде өз кәсібін бастап отыр. Қаржылай қолдаудың игілігін көрген келіншек асыл тұқымды зайнен ешкілерін сатып алған. Сол арқылы бүгінде балаларының нәпақасын тауып келеді. Кәсіп бастап, тірлігін тіктеп отырған келіншектің бұл бастамасы қолдауға тұрарлық.

«Мемлекеттің қолдауының нәтижесінде 500 мың теңге көлемінде грантты иеленіп, оған Жамбыл ауданының Аса ауылынан асыл тұқымды 4 бас ешкі сатып алдым. Күніне екі мезгіл сауып, 10 литр сүт аламын. Сүті ем болған соң тұрғындар да жиі тапсырыс береді. Алған 4 ешкі де қазір төлдеді. Алдағы уақытта мал басын көбейтіп, кәсібімді әрі қарай дамытсам ба деген ойым бар», дейді көпбалалы ана. Негізінен ешкі малы жылдам көбейіп, ерте аяқтанып кететін әрі күй талғамайтын жануардың бірі. Ешкі малы ертеден-ақ қазақ тұрмысында ерекше бағаланған. Сонымен қатар ешкі сүтінің емдік қасиеті жөнінде де жиі айтылады. Мәліметтерге сүйенсек, Швейцария мемлекетінде туберкулез, қаназдық, рахит, буын, тері ауруларын әуел бастан ешкі сүтімен емдеген болса, АҚШ секілді ірі мемлекеттерде ешкі сүтін жаңа туған нәрестелерге беру үшін арнайы дайындайды екен. Сонымен қатар ешкі бағып, одан жақсы табыс та­­уып отырған елдердің де қатары көп. «Ешкі шаруашылығының арқасында балаларымды асырап отырмын. Әрі ешкі сүті балалардың денсаулығына да пайдалы. Кәсіп бастағысы келген ауыл тұрғындары үшін барлық мүмкіндікті қарастырған Президентімізге алғыс айтамын. Сондай-ақ облыс, аудан басшыларына да рахмет», дейді Айсұлу Тұрсынбаева.

 

Жамбыл облысы