Әлем • 11 Маусым, 2020

АҚШ экономикасын қайта қалпына келтіруді көздейді

483 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нью-Йорк Федералдық резервтік банкінің президенті экономиканы қалпына келтіру мүмкін деп есептейді. Ол сондай-ақ Федералдық резервтік жүйенің АҚШ экономикасын қолдау үшін кірістілік қисығын бақылауды қолға алуы мүмкін екенін айтады.

АҚШ экономикасын қайта қалпына келтіруді көздейді

Майкл С. Дерби

Wall Street Journal

Нью-Йорк Федералдық резервтік банкінің президенті Джон Уильямс коронавирустың салдарынан болған экономикалық қиындықтың аяқталуы мүмкін екенін "Bloomberg" телеарнасына айтып берді. Десе де алда не болары белгісіз болғандықтан әлі қиын күндер күтіп тұрғанын жеткізді.

Уильямс мырза экономиканы қайта қалпына келтіру мүмкін екеніне сенімді. Себебі ұлттық банктің қазіргі саясаты ел экономикасын жыл басындағы көрсеткішке қайта жеткізуге бағытталған.

Ашық нарықтағы операциялар жөніндегі федералдық комитеттің вице-төрағасы қызметін қоса атқартын Уильямс мырза Федералдық резервтік жүйенің ел экономикасын қалпына келтірудің барлық қолжетімді құралдарын қарастыратынын айтты. Ол сондай-ақ Үкімет тарапынан тұрақты қолдау қазіргі шаралардың тиімділігін одан әрі арттырады дейді. Дағдарыспен күресте Федералдық резервтік жүйе мақсатты мөлшерлемені нөлге дейін төмендетіп, несие құнының біраз уақыт төмен болатынын мәлімдеді. Банк одан бөлек облигацияларды көптеп сатып ала бастаған және экономиканың ірі секторларына несие беруді қолға алған.

Федералдық резервтік жүйе өзге де шараларды қарастырып жатқан көрінеді. Олардың бірі қаржы дағдарысының салдарын басқару және пайыздық мөлшерлемелердің болашақ бағытына қатысты тиімді жетекшілікті қамтамасыз ету үшін құралдар жиынтығын мұқият зерделеу болып отыр. ФРЖ сондай-ақ кірістілік қисығын да өз бақылауына алмақшы. Бұл дегеніміз орталық банк әр түрлі өтеу мерзіміне берілген қарыздарға қатысты шешім қабылдай алады.

"Bloomberg" телеарнасына берген пікірінде Уильямс мырза алдағы жылы инфляция деңгейі төмен болады деген болжамымен де бөлісті.

Ол сондай-ақ, келесі айда Ашық нарықтағы операциялар жөніндегі федералдық комитеттің отырысында дағдарыстың экономикалық салдарымен қатар, базалық болжамға да қатысты ұсыныстар айтылатынына тоқталды.

Сәрсенбі күні онлайн кездесуде Федералдық резервтік жүйенің басшысы Сент-Луиса Джеймс Буллард бұл экономикалық қиындық әрі қарай жалғаса беретін болса салдары ауыр болуы мүмкін екенін айтты.

Буллард мырза сондай-ақ инфляцияның өсуіне қатысты күмән білдірді. Оның болжалды тұрақтылығы әзірге дефляция жайында аса алаңдамауға себеп бола алады дейді.

Буллард мырза Федералдық резервтік жүйенің шаралары мен кіріс қисығын бақылау шешіміне де баға берді. Ол сарапшылардың мөлшерлемелер әлі де ұзақ уақыт бойы төмен болатынына сенімділігін алға тарта отырып, Орталық банктің ставкалардың болжамын басшылыққа алуы үшін еш негіздің жоқтығын атап өтті.

Ол өз сөзінен кейін қойылған сұрақтардың біріне кірістілік қисығын бақылау мәселесі әлі де зерттеуді талап ететінін айтып, дәл қазір бұл стратегияны жүзеге асыруды қисынды деп есептемейтінін жеткізді.

 

Дайындаған

Меруерт БҮРКІТБАЙ,

"Egemen Qazaqstan"